Бір күні ойда-жоқта жолығып қалған сондай тапсырмашылардың бірі:
– Әй, Мұрат, әлгі менің түлкім қайда? – деп сұраса керек. Сонда Мүкең абыржымастан:
– Кәке, түлкіңіз аман-сау, күйлі. Әзірше далада жортып жүр, – деп жауап берген екен.
*
Бізге мектепте сурет пәнінен сабақ берген тілі мірдің оғындай Дүйсек ағайымыз туралы менің жазып жүретінімді таныс жұрт жақсы біледі. Кей сәтте марқұмның кейбір қылықтары еріксіз езу тарқызатыны да шындық.
Кей уақытта аздап қызып жүретін Дүйсек ағай кешке таяу жолыққанда таңертең амандасқанын ұмытып қалып, жаңадан сәлем беретін еді.
– Ой, ағай, таңертең амандасып едік қой, – десең, жалғанда абыржып-саспайтын ағамыз:
– Жаздыгүні күн ұзақ, сондықтан екі рет амандасу керек, – деп жол тауып кететін еді.
*
Нұрболат деген жігіт тойға барса орынды-орынсыз сілтеп, елдің алдымен масайып қалады екен. Жолдастары амалдап үйіне жеткізіп тастап жүретін болса керек. Бір күні ішкенді қойғанын айтып, үремкеге қол тигізбей отырған ол той аяқталып, сыртқа шыққан соң:
– Жігіттер-ей, тойда екінші үстелде ет береді екен ғой, – деп қатты таңырқапты.
Хасен ЗӘКӘРИЯ
Шығыс Қазақстан облысы