Қоғам • 01 Сәуір, 2021

Сөз сойыл: «Сан сапаға жеткізеді...»

308 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Сөз сойыл: «Сан сапаға жеткізеді...»

«Сан сапаға жеткізеді...»

Халық ақыны Шәкір Әбенов қаламы орысшаға да, қазақшаға да, татаршаға да жүйрік айтыс ақыны, белгілі сатирик Тоқтархан Шәріпжановпен қалжындаса береді екен.

– Сен көксоққан тағы бір қатын алды дейді ғой, рас па? – деп сұрапты бірде Шәкең Тоқтарханнан.

– Өзіңізге ұқсаймын деп тағы біреуді жаңартқаным рас, – дейді Тоқтархан да айылын жимай.

– Өй, жынды, ұқсамай қал, ұқсамай! – дейді Шәкір кейіп. Сосын ұзақ ғұмырында өзінің де жеті әйел алғаны есіне түсіп:

– Бұл сенің нешінші қатының? – деп сұрайды.

– Небәрі үшіншісі ғана, – дейді Тоқтархан қомсынғандай болып.
Сонда Шәкір аз-кем ойға батып:

 – Мұның дұрыс екен, – депті, – кетем деген қатынды ренжітпей кетіре бер, келем деген қатынды ренжітпей келтіре бер... Әлгі пәлсапада сан сапаға жеткізеді деген қағида бар емес пе. Түбінде көптің ішінен тәуір біреуі сұрыпталып, сапалы қатынға сен де ие боларсың!  – деген екен.

 

Тізе батыру...

Ақын Сырбай Мәуленов ұзақ жылдар бойы басшы қызметтерде болған кісі ғой. Сол Сырағаң зейнеткерлікке шыққаннан кейін, бірде өзінің жақсы көретін талантты інісі Ұлықбек Есдәулетті қасына ертіп, көше бойлап келе жатса, қарсы алдынан құрдасы Жұбан Молдағалиев ұшыраса кетеді.

– Иә, Сырбай, денсаулығың қалай? – дейді Жұбағаң амандасып.

– Жаман емес... Бірақ осы соңғы кезде тізем қақсап, болмай жүр, – дейді Сырағаң да кұрдасына мұңын шағып.

Сонда Жұбан:

– Кезінде талайларға тізеңді батырғасың ғой тегі... Тізең ауырса – соның ақысы да, – депті қалжыңдап.

 

Әлібек АСҚАР