Аймақтар • 01 Сәуір, 2021

Бағдарлама қоғамдық кеңес бақылауында

271 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Nur  Otan»  партиясының Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Эльдар Күзенбаев  партияның «Өзгерістер жолы: әркімге лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын толық әрі сапалы іске асыруды бақылайтын қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті. Басқосуда филиал төрағасы орынбасарының баяндамасы тыңдалып, бағдарламаның өңірде жүзеге асырылу барысы талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бағдарлама қоғамдық кеңес бақылауында

Бүгінде аймақта облыстық және аудандық деңгейдегі жалпы саны 28 қоғамдық кеңес құрылып, олардың әрқайсы партияның сайлауалды бағдарламасының нақты бір бағытының жүзеге асырылуын бақылап отыр. Қазірдің өзінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, мәдениет пен өнерді дамыту мәселелері, отбасы, әйелдер және балалардың құқығын қорғау жөніндегі кеңестер белсенді жұмыс жүргізуде. Мұның сыртында, жаңа құрылған экономиканы дамыту және кәсіпкерлікті қолдау, білім мен ғылымды дамыту, денсаулық мәселелері, жұмыспен қамтуды және халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына қолдау көрсету, өңірлік даму, азаматтық қоғам мен мемлекеттік басқаруды дамыту, жастарды қолдау, экология, аграрлық секторды дамыту жобаларын бақылайтын кеңестер жұмысқа кірісті. Олар партияның сайлауалды бағдарламасының жол картасы бойынша жоспарланған жұмыстың орындалу қарқыны мен деңгейін бақылайтын болады. Жол картасына енген, жүзеге асуға тиісті нысандарға жауапты тиісті мемлекетттік органдардың басшылары да, осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстары бойынша аталған кеңес алдында есеп береді. Өз кезегінде кеңес мүшелері осы арқылы жұмыс сапасын бағалап, әрі қарай нысан қолдануға тапсырылғанға дейін өз бақылауында ұстайтын болады.

«Nur  Otan»  партиясының Қостанай облыстық филиалы аймақта алдағы бес жыл ішінде 2215 көрсеткіш бойынша 6491 іс-шараны жүзеге асыруды жоспарлап отыр.

- Сайлау алдында халыққа берген уәдемізді  2021 жылы  20,1%-ға, 2022 жылы – 40,1%-ға, 2023 жылы – 60%-ға, 2024 жылы – 79,9%-ға орындауды межелеп қойдық. 2025 жылы бағдарлама толығымен жүзеге асырылады. Осы жылдың соңына дейін облыс көлемінде 480 шақырым автокөлік жолы, 160 шақырым су және 44 шақырымнан астам газ құбыры тартылады. 2025 жылға дейін өңірде 42 жаңа кәсіпорын ашылып, жалпы саны 80 мың жұмыс орны пайда болады. Сондай-ақ, 2,2 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Қостанай қаласында студенттерге арналып 1750 орындық 4  жатақхана салынады, сондай-ақ, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жастарға тұрғын үй сатып алуға жеңілдетілген несие беру, көтерме жәрдемақы беру сияқты қолдау тетіктері арқылы шамамен 1500-ден астам білікті жас маманға әлеуметтік қолдау көрсетуді жоспарлап отырмыз. «Nur Otan» партиясының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы – біз қолға алған реформалардың жалғасы. Сан саланы қамтитын жаңа бағдарлама аса ауқымды болғанымен, бұл - нақты жоспарлы мақсаттар мен шынайы жүзеге асырылатын жобалардан тұрады. Бүгінде партиямыздың өзіндік дәстүрі, қол жеткен табысы мен тәжірибесі, көптеген жақтастары бар. Партияның республикалық сайлауалды бағдарламасы алғаш рет 216 аймақтық бағдарламада егжей-тегжейлі көрініс тапты. Бұл алға қойған міндеттерді еліміздің кез келген өңірінде, барлық деңгейде тиімді іске асыруға мүмкіндік береді, - деді Э. Күзенбаев.

Өңірлік кеңестердің құрамына 2 мыңға жуық бақылаушы тартылған. Олардың ішінде тәуелсіз сарапшылар мен қоғамдық ұйым өкілдері де бар. Кездесу барысында партияның сайлауалды тұғырнамасының аймақта тиімді іске асырыла бастағанын атап өткен қоғамдық бақылау кеңестерінің өкілдері маңызды бағдарлама еліміздің өркендеуіне жол ашып, әділдік үстемдігін, заңдылық пен тәртіптің сақталуын қамтамасыз етеді деген сенім білдірді.