Руханият • 01 Сәуір, 2021

Айтұрған Темірова: Кез келген актер тұлғаны бейнелеуді армандайды

1048 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Кезінде Айтұрған Темірованы Батыс журналистері бұрын Кеңес Одағының Джина Лоллобриджидоға теңесе, қазақтар өзіміздің Әлия деп бауырына басты ал бауырлас қырғыз халқы біздің Айтұрған-Әлиямызды қырғыз киносының ханшайымындай алақанына салып отыр. Қырғыз президенті Садыр Жапаров мерейтой иесін арнайы құттықтаса, біздің Мәдениет министріміз Ақтоты Райымқұлованың қазақ халқының атынан білдірген жүрекжарды лебізін Қырғызстандағы Қазақ елшілігінің өкілдері салтанатты жағдайда табыстады. Өткен аптада ғана шығармашылығының жарты ғасырлық мерейтойын тойлаған Айтұрғанмен кездестік. Арадағы әңгіме кино әлемінде қазақ пен қырғыздың еншісі бөлінбеген кездердегі естеліктерімен жалғасты. Ол қазақ тарихына қатысты жаңа жобаларда өзін көргісі келетінін де айтып өтті.

Айтұрған Темірова: Кез келген актер тұлғаны бейнелеуді армандайды

– Айтұрған, 1985 жылы сіз басты рөлде ойнаған «Мергендер» кинодрамасы Одақ көлемінде аншлагпен өтті. «Мергендерден» кейін, 2015 жылы Әлия Молдағұлованың туған жері Ақтөбеге келіп кеттіңіз.

– Иә, қазақстандықтардың маған деген ықыласын сезінгенде, бойымды ыстық толқын қуалап өтеді: әрбір ұлттың көзінің қарашығындай көрер дара перзенттері болады. Әлиядай батыр қызының кинодағы бейнесін қайта жаңғыртуға мүмкіндік берген қазақ халқына деген алғысым шексіз.

2013 жылы Қазақстан Респуб­лика­сының Тәуелсіздік күні қарсаңында мені Астанаға шақырып, ІІ дәрежелі «Дос­тық» орденін таққан туысқан ха­лық­тың осыншалықты зор құрметіне риза болдым. Сол кездегі Қазақстан Рес­публикасының Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед мырза мені сахнаға шақырып жатып: «Ол біздің Әлиямызды керемет сомдады!» деп, қазақ халқының мәдениетіне кішкентай ғана үлес қосқаным үшін маған алғыс білдірді.

– Дінмұхамед Қонаев атамыз «Қас­қырдың апанын» көргеннен кейін Әлия рөлін сізге ойнасын деп тап­сырма берген екен.

– Иә, солай болғаны рас. Фильмді көрген Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев бұрынғы жолдасым Болот Шәмшиевке қазақтың батыр қызы Әлия туралы кино түсіруді ұсынады. Димекеңнің «Қас­қырдың апанындағы» Ажардың рөлін сомдаған актриса біздің Әлияға ұқ­сайды» деген сөзі сол кезде айтылса керек. Қазақтың өз ішінде Әлияны кім түсіргісі келмейді, Әлия рөлін кім сом­дағысы келмейді дейсіз. Артық ауыз сөздің шығарын алдын ала сезген Болот уақытының жоқтығын айтып, сыпайы қарсылық білдіреді. Бұл уақыт киноның сценарийі дайын, тек басты рөлді сомдайтын актриса табылмағандықтан, кино түсіруді бастап кетуі кешеуілдеп жатса керек. Сонымен, арада біраз уақыт өткенде, Болот екеуміз елде жүргенде Қазақстанның Орталық комитетінен «келіп кетіңіздер» деген шақырту алдық. Қабылдау бөлмесінде отырған кезде әскери формада түскен суретті көріп, қашан түскенімді есіме түсіре алмай қалдым. Суреттегі қасы-көзі қиылып тұр­ған бойжеткен аумаған өзім. Тіпті ұқ­састыққа басқа емес, өзім де таңғалдым.

Білесіз бе, менің балалық шағым кейіпкерімнің балалық шағына ұқсас. Ата-анам әскери қызметте болғандықтан, мен мектеп-интернаттың не екенін және онда тәртіптің қалай сақталатынын білемін. Маған «Мергендер» фильмін түсіру кезінде тәртіп көмектесті, өйткені біз бір ай бойы Алматыда тұрдық, содан кейін ұзақ уақыт түсірілім Беларусь елінде қыста, ашық далада, орман ара­сында өтті. Бұл айтуға ғана оңай. Әлия – тағдырлы, мінезді тұлға! 18 жас­қа толып үлгермеген бойжеткен мер­гендерді даярлайтын арнайы топқа қабылданып, аз ғана уақыт ішінде адал­дығы, табандылығымен дараланды, көз­ге түсті.

 1985 жылдар – батыр қыздың көзін көргендердің арамызда жүрген кезі. Олардың көзі барда киноның заңына бағынып, тым әсірелеп жіберу де мүм­кін емес. Димекеңнің алдынан шық­қан соң Әлиямен бір ротада болған жа­уынгерлерді іздеп, КСРО Қорғаныс министрлігіне сұрау салып, Әлияның серігі Надежда Веткинаны таптым. Фильм­де оның рөлін Марина Яковлева ойнайды. Комбат Федор Моисеевичті Қорғаныс министрлігі арқылы іздеп сұрау салсақ, ол өзіміздің Бішкек қала­сында, бізбен бір ауданда тұратын болып шықты.

– Әлияның өмірдегі болмысынан алыстап кетпеуіңізге Федор Мои­сее­вичтің ықпалы болғаны анық. Де­ген­мен, түсірілім кезінде Әлия обра­зының сізге сыр ашпай, ішін бермей қойған кездері болды ма?

– Әрине Әлияның «Бауырлар, жауын­герлер, соңымнан еріңдер!» деп алға шығатын кезі бар ғой. Жалпы, Әлияның қысқа ғұмырында мұндай жауапты кезең үш рет болыпты. Федор Моисеевичпен әңгімеден кейін Әлия образы маған жақындай түсті.

Федор Моисеевичпен «Мергендер» филь­мінің кеңесшісі болды. Ол дайын­дық барысында Әлияның мылтықты қалай ұстағанын, оның басын қалай бұрғанын егжей-тегжейлі айтып беретін. Ол өмірдегі Әлияның өте нәзік екенін, айтқанынан қайтпайтын қайсар мінезді екенін, бойы менен биігірек екенін айтып отыратын. Соңғы демі үзілгенше араласып тұрдық, мені Айтұрған демей Лиечка дейтін. «Екі тамшы сияқ­тысыңдар. Менің Лиечкамның рухы сенің жүрегіңе келіп дамылдаған шығар» деуден танбай кетті.

Қазақ халқының ұлы қызы Әлияның менің бейнеммен байланыстырылғанына өте қуаныштымын. Менің фотосуретім мерейтойында шыққан кітапта екенін білемін, сонымен қатар Ақтөбедегі му­зейінен де суреттерімді көрдім. Де­генмен, ырымшыл халықпыз ғой. Ұлы Отан соғысы шейіттерін еске алған шерулерден өзімнің суретімді байқап қалған кезде бойымда аздап қорқыныш сезімі пайда болады.

– «Мергендердің» көп бөлігі –Белорус­сияда түсірілгенін білеміз. Фильм­нің режиссері, сол кездегі жұба­йыңыз Болот Шәмшиев түсірілу ала­ңында сізді отқа да, суға да салған деседі. Сол рас па?

– Жалпы, Болот менің Әлия рөліне бекітілуіме қарсы болды. Артық әңгі­ме­ден мені де, өзін де қорғағысы кел­ді. Кейін келісім беруден өзге жол қал­мағасын Әлияны жоғары деңгейде сомдауым үшін барын салды.

Белоруссияға келген кезде біз кіш­кентай балаларымызбен офицерлер үйіне, қалған актерлер болса жоғары са­натты қонақүйлерге жайғасты. Болот осы шешімі арқылы менің режис­сердің жұбайы ретінде берілетін ар­тықшылықтарды тыйып тастап, маған артығырақ көңіл бөлініп кетуіне жол бер­меді. Түсірілім біткен соң өзге әртіс­тер дүкен аралап, дәмханаларға кет­кенде менің «екінші ауысымым» – бала­ларымның күтімі басталатын. Кешкі сағат 9-дан кейін біз орналасқан офицерлер үйінде жарық сөндірілетін. Оған дейін балаларды жуындырып, киімдерін дайындап, тамақтарын беріп үлгіруім керек. Ал таңғы 5-те киноға түсірілім басталады. Сыртта – 40 градус аяз. Кино ашық алаңда немесе орман ішінде түсірілгендіктен, ауаны жылыту үшін техниканың көмегін пайдаланатын. Түсірілім барысында 2 сағаттай қар астында жатқан кезім де болды. Қиындықты жастығым, сосын 18 жасында қыршынынан қиылған Әлияға деген махаббатым жеңіп шықты деп ойлаймын.

– Кейін, бергі жылдары қазақ бауырлар мені Әлияның образында қабылдауына қандай жағдай себеп болды деген сұраққа жауап іздеген шығарсыз...

– Кейде, сол сұрақтың жауабын әлі күнге дейін іздеймін. Дайындық барысында Әлияның өмірін, ерлік жолын көп зерттедім, елге жазған хаттарын оқыдым. Оның жазған әр хатының әр жолындағы жасырынған сезімдерді іздедім, жүректің сүзгісінен өткердім. Әлияның елге жазған әрбір хатынан таным көкжиегін, оның қазақ еліне деген махаббатын, оның армандарын көрдім. Көзін көрген қарулас жолдастарынан Әлияның көп сөзді емес, ұстамды және алған бетінен қайтпайтын мінезді болғанын, Әлияның дәл сол сәтте басқа жолмен жүре алмайтынын түйсіндім. Бұл – оның тағдыры.

Мен Әлияның қағаздағы өмірін зерттеп қана қоймай, соның кейпіне түсіп, көркем фильмдегі «майдан даласына» шықтым. Әлия кигендей ауыр шекпендерді, ауыр аяқкиімдерді киіп, зіл батпан қаруды асынып, қақаған қыста, шіліңгір шілдеде жер бауырлап жатып, «жаумен соғыстым». Сол образда фильмге түскенде тұтас жан-жүйеммен, санаммен Әлияның рухымен, Әлияның образымен өмір сүргенім соншалықты, оның бейнесі жүрегімнің бір қалтарысына қалып қойды: Әлия мен үшін жай ғана кейіпкер емес, соғыс жылдары қару асынған көп жауынгердің бірі де емес. «Әлияның өмірбаяны бір атылған оқ сияқты қысқа» деп жазған бір автордың сөзі менің кейіпкерімнің тағ­дырын тура суреттеген секілді. Ол өз отанын, өз елін, өзінің туған-туыстарын шексіз жақсы көрген, жүрегі нәзік, көңілі үмітке толы әдемі бойжеткен еді, ол соғыста жүр екенмін деп өзінің нәзік болмысын жоғалтқан жоқ, жаны мен арының тазалығын сақтады.

Бүгінде үйімнің төрінде Әлияның суреті тұр. Оны маған белгілі қырғыз кинорежиссері Мелис Убукеев сыйлады. Авторының кім екені есімде жоқ. Қазақстандық «Кеш You» тобы «Мер­гендер» фильмінің кадрларын пайдалана отырып, «Әлия» әніне бейнебаян түсіргенін алғаш рет Чехияда жүргенімде көрдім. Әншілер менің электронды поштамды тауып алып, клипті жолдапты. Бейнебаяннан осыдан отыз жылға жуық уақыт бұрын Әлияның рөліндегі өзімді көргенде жанарыма жас үйірілді. Фильмді түсіру барысында өзім ғана білетін қиындықтар, сағаттап қар астында жатқан сәттерім еске түсті. Әлияның образына ену де, ол образдан шығу да әлі күнге дейін қиын. Қазақ көрермендері арасында мені Әлияның образынан шығарғысы келмейтіндердің көп екенін Қазақстанға келіп-кетіп жүргенде байқадым. Батыр қыздың образына тым тереңдеп еніп кеткенімді кейін түсіндім.

– «Ыстықкөлдің алқызыл қызғал­дақ­тары» сіздің кинодағы дебюттік рөліңіз болыпты. Жалпы, сіз кино әле­міне қалай келдіңіз?

– Киноға кездейсоқ келдім. Бала күндегі киноға қатысты түсінігім ауыл клу­бындағы кино деңгейінен әрі асқан жоқ. Әжем адуынды кісі бола­тын, қыз балаға тән әдеп этикасын әжем­нен үйрендім. Әр жексенбі сайын ауыл­дағы клубқа жетелеп алып келе­тін. Түрлі үйірмелерге апарды, қыс­қасы топ жарып шығуыма мүм­кіндік беретін таланттың жасырынып қа­луына, жоғалып кетуіне жол бермеді. Ж­оғары сыныпта оқып жүрген кезде Фрунзе (қазіргі Бішкек) мен оқып жүрген мектепте «Қырғызфильмнің» режиссерлерінің көмекшісі келді. Сол кезде жоспарда тұрған «Ыстықкөлдің алқызыл қызғалдақтары» киносына бо­та көзді, қасы-көзі қиылған, қап қара, ұзын бұрымды қыз бала керек екен. Мектепте көркемөнерпаздар үйір­месінің белсенді мүшесі ретінде, ұстаздарым мені ұсынды. Қызықтың көкесі ата-анамның қарсылығынан бас­талды. Ашуға булыққан әкем ал­ғашқы күндері әлгі режиссерлерді үй­дің табалдырығынан да аттатқан жоқ. Арадағы ұзақ әңгімеден соң әкейдің қабағындағы сең сөгілді, батасын берді. Бала күнімде Шығыс тілдері институтына оқуға түсуді армандадым.

Анам инженер-сәулетші болуымды қалады. Бірақ тағдырдың жоспары басқа болып шықты. Тағдырыңды алдын ала болжап, өзің белгілеп алған шеңбермен жүру мүмкін емес екен. Алғашқы махаббатым, ұстазым Болот Шәмшиевпен кездестім. Махаббатыма да, өнерге де адал болдым.

 Қазылар алқасының төрағасы Сергей Бондарчук Тбилисидегі Бүкілодақтық кинофестивальда маған «Ең жақсы дебют үшін» сыйлығын тапсырған кезде: «Мәңгілік кино әлеміне қош кел­діңіздер!» деген болатын. Менің кино­дағы өмірім осылай басталды. Сол кинодағы Қалыча арқылы мен өзім­ді ойнадым. Менің жастығымды ескер­ген режиссерлер кино түсіру бары­сында менің мінезіме лайықтап, сценарийге өзгерістер енгізді. Адал, аңғал және елік­тей ғана қыздың әрбір қимылы табиғи болып шықты. Басқаша мүмкін емес еді.

– Осыған дейін Болот Шәмшиевпен кездескен кезде ортақ перзенттеріңіз Шың­ғыс пен Сүйеутай жайлы айт­қан еді. Балаларыңыз туралы айты­ңызшы...

– Балаларым әкесі тәрізді киноның айналасында жүретін шығар деп ойлайтынмын. Көзін ашқан күннен бас­тап киноның асүйінде, кинофестивальдарда жүрді. Тіпті ұлымыз әкесінің «Қасқырдың апанында» Самат пен Ажар­дың ұлы Бектұрды экрандады. Орта мектепті тәмамдап, қолына аттестат алған күні басқа саланы таңдайтынын айтты. Ал қызымыз лингвистика жағына кетті. Қазіргі қызметі – халықаралық ұйымдарда.

Балаларымның актерлік кәсіпті таңдамағанына бір жағынан қуанамын. Ал мен актриса болу арқылы өз өмірімді бос өткіздім деп ойламаймын.

– Әрбір тұлғаның жұлдызды сәті болатынын ғылым жоққа шығармайды. Жұлдызды сәтіңіз жарқырап тұрған кезде шетелге кеттіңіз, болмысыңызға мүлдем жат ортаға түстіңіз. Айтұрған Темірова өзін өзі жоғалтып алады деп қорыққан жоқсыз ба?

– Бұл – тағдыр. Тақырыпты тереңдет­пе­уіңізді өтінемін. Жаңа ортаға бейім­делу үшін көп уақыт керек болды. Балаларым мен әкелерінің арасының алыстап кетуіне жол берген жоқпын. Балаларым әкесін Құдайдың жер бетін­дегі көлеңкесіндей көрді.

Қазіргі жолдасымның көмегімен жаңа ортаға бейімделу кезеңі маған қиын соқпады. Алғашқы уақытта Өз­бекстанда тұрдық. Содан соң Қыр­ғыз­станға қайтып келдік. Содан соң Че­хияға Брно қаласына түпкілікті қоныс аударуға шешім қабылдадық. Бірақ бұл туған ел, туған жерден мүлдем шеттеп қалды дегенді білдірмейді. Жылына бір рет жазғы уақытты отбасыммен, неме­релеріммен бірге Ыстықкөлдің жаға­сында өткеремін.

– Сіздің кинодағы тәжірибеңіз бай. Біздің елде актерлер тәжірибе жинаған соң киноға қарай ауысып жатады. Кино түсіру, режиссураға ауысу жоспарда жоқ па?

– Актердің режиссерлікке ауысуы – қалыпты құбылыс. Актер режиссерлікті түсіру алаңында жүріп үйренеді. Бұл арман менде де бар. Бірақ өзімді режиссер емес, сценарист ретінде сынағым келеді. Қазір менің қолымда үш сценарий бар. Тіпті экрандауға демеуші де табылды. Айтпақшы, бұрынғы жұбайым Болот Шәмшиевке бұл туралы айтқанмын. Талабымды қолдады. Ақыл-кеңесін берді. Қазір киноның өзі коммерцияға айналып кетті. Киноның дәмін тұнығында татқандықтан, әз өнерді коммерцияға айналдыруға дәтім барар емес.

– Тағдырға сенесіз бе?

– Мен өзім табиғатымнан оптимист­пін. Қандай жағдай болсын, бәрі жақсы болатынына, тағдырға, тіпті мені қор­шап, қорғап жүретін періштелердің бар еке­ніне сенемін. Тағдырдың маған деген қабағы оң болды, жолымды жақ­­сы адам­дармен түйістірді. Халық жадын­да қырғыз кереметі дәуіріндегі фильм­дердің актрисасы ретінде қалғым келеді.

– Қырғыз киноларына қатыс­қыңыз келе ме?

– Соңғы жылдары мен үш фильмде ойнадым, оның ішінде ше­бер Геннадий Базаровтың екі фильмі: «Періште күні» және «Қара­гыз». Соң­ғысы, айтпақшы, Ялта кино­фес­тивалінде Гран-при алды.

– ХХ ғасыр басында өмір сүрген Кеңес киносының жұлдызы Татьяна Окуневская Гедда Гублерді ойнауды армандағанын айтыпты. Қазір шетелде, елден жырақ жүрсіз. Таңдауыңызда қырғыз-қазақ тарихында өзіндік ор­ны бар Ана бейнелеріне орын бар ма?

– Білесіз бе, жас күнімнен маған осы сұрақ жиі қойылды. Ертеректе Қасым­алы Баялиновтің Ажарын ойнағым келетінін айтатынмын. Бүгінде біздің елде фильмдер түсірілмей жатқан кезде және актерлер жұмыссыз қалғанда аспандағы айға қол созып армандай алмаймын.

Жақында Президенттеріңіз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген тақырыппен жарияланған мақаласында көркем және деректі тарихи туындыларда мемлекеттілік және мемлекетшілдік идеясы әрдайым көрініс табуы қажеттігін айтты. Осыған дейін Қазақ хандығына қатысты киноларды қарап шықтым.

Қазақтың кино индустриясы жаңа жобалар бастап жатқанын алыста жүрсем де естіп жатырмын. Мәңгілікке жас болып көрінгісі келетін, косметикалық ота­лардың көмегімен жасын жасыратын актрисалардың қатарынан емес­пін. 18-30 жастағы жас қыздар мен келіншектерді ойнауға жасым өтіп кетті. Бірақ қазақ-қырғыз тарихи жанрындағы, қазіргі замандағы орта жастағы ана немесе қазіргі заманғы әйел бейнесін сомдауға қазіргі жасым да, сымбатым да мүмкіндік береді. Тарихи жанрдағы жаңа жобаларыңызда қазақ хандарының сенімді серігіне айналған Аналар бей­несін сомдауға дайын екенімді газет­теріңіз арқылы көрермендерімді құ­лағдар етіп қойғым келеді.

Шындығында, кез келген актриса үлкен рөл ойнауды, образ жасауды, тұлғаны бейнелеуді армандайды. Бірақ мен бұрын ойнаған рөлдеріме өкінбеймін. Олардың барлығы мен үшін өзгелерден қымбат, тіпті бәрі бірдей сәтті болмаса да, мен оларды өте жақсы көремін.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ,

«Еgemen Qazaqstan»