Коронавирус • 01 Сәуір, 2021

Отандық вакцина сәуірдің соңында салына бастайды

485 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еліміздегі эпидемиялық жағдай күннен-күнге күрделеніп бара жатқаны ақпараттарда айтылып, жаңалықтарда жазылып жатқаны жасырын емес.

Отандық вакцина сәуірдің соңында салына бастайды

Мемлекет басшысы да мей­лінше сақтық шараларын күшейтіп, алаңдатарлық ахуалды тезірек қалыпқа түсіру тетіктерін қарастыру үшін табанды тапсырмалар беруде. Әлемді әбігерге салған індеттің бірден-бір емі – вакцина деп ғалымдар мен мамандар айтудай-ақ айтуда. Бірақ ел ішінде екпе салдыруға күдікпен қарайтындар да бар.

Білім және ғылым вице-ми­нистрі Мирас Дәуленов Биоло­гиялық қа­уіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты бүгінге дейін ко­ронавиурсқа қарсы вакцинаның 5 тү­рін әзір­легенін атап өтті.

«Бұдан бөлек институт суб­бір­лікті вакцина жасап шы­ғар­­ды. Яғни алғашқысы инак­тив­тен­дірілген вакцина болатын. Суббірлікті вакцина да кли­никаға дейінгі сынақтан өтті. Оның нәти­жесін де алдық. Өткен жыл­дың қарашасынан бері Денсаулық сақ­тау министрлігінің клиникалық зерт­теуді бастауға рұқсат бергенін күтіп отырмыз. Сондай-ақ институт екі векторлық вакцина әзір­леді. Осы инактивтендірілген әл­сіретілген штамм алу үшін 100-ден астам зерттеу жүргізілді. Қазір ол вакцина да клиникаға дейінгі зерт­теулерден өтіп жатыр», деді вице-министр.

2020 жылы наурыз айында елімізде коронавируспен ауыр­ғандар анықталғаннан кейін және вирустың тірі штамын алғаннан кейін бір апта өткен соң институт ғалым­дары коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцина жасауды қолға алды.

«Біздің 60 жылдан астам уақыт тарихы бар институтымыз Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Отар ауылының маңындағы 40-әскери базада орналасқан. Қауіпті және аса қауіпті штамдарды зерттеумен айналысатын осындай институттар көп тұрғыны бар елді мекендерден алшақ орналасуы керек. Бұл жерде мықты ғалымдар, вирусологтер, биотехнологтер 60 жылдан астам уақыт бойы вакцина жасаумен айналысып келеді. Бүгінгі таңда осы институттың ғалымдары 60-тан астам әртүрлі вакцина мен тест жүйелерін ойлап тауып, қолданысқа енгізді», дейді Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья.

Оның айтуынша, 2020 жылы нау­рыз айында елімізде коронавируспен ауырғандар анық­талғаннан соң және вирустың тірі штамын алғаннан кейін бір апта өткен соң институт ғалым­дары коронавирусқа қарсы қазақ­стандық вакцина жасауды қолға алды.

«Бір уақытта бес платформада вакцина жасау қолға алынды, се­бебі осының ішінен барынша тиім­дісін таңдап алуымыз керек бол­ды. Қуанышқа орай, біз жа­саған ал­ғашқы QazCovid-in вакцинасы 2020 жылы мамыр айында дайын болды. Ал 15 мамырда ресми түрде тіркеліп, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйы­мының сайтына тіркелді. Бұдан басқа тағы 4 вакцина жасалуда», деді ол.

«Қазақстандық QazСovid-in вак­цинасының әсер етуі 96% деген ақпарат қаншалықты рас?», деген сұраққа ол былай деп жауап берді:

– Біз бірінші және екінші кли­никалық зерттеулердің нәти­же­сін сараптамадан өткізіп, бүкіл көр­сет­кіш­терді қарастырған кезде вак­цинамыздың иммунитет сақ­тау көрсеткіші 96%-ға сай болды. Мы­на жағдайды ескеру керек: бірінші фазадан кейін имму­нитетті сақтау көрсеткіші 100% болса, екінші фазадан кейін 96% болса, адам саны неғұрлым көп болған сайын оның көрсеткіші соғұрлым төмендеуі мүмкін. Үшінші фазаның аяғында бұл көрсеткіш өзгеруі мүмкін», деді К.Закарья.

Сонымен қатар ол қазақ­стан­дықтар Qazcovid-in вакцинасын осы жылдың сәуір айының аяғын­да ала бастайтынын жеткізді.

«Qazcovid-in вакцинасының кли­никалық сынағының үшінші фазасы 2021 жылы 9 шілде күні аяқталады. Одан кейін 3 мың еріктіден алынған мәліметтерді өңдеу бойынша үлкен жұмыс басталады. Бұл шамамен 20 күнтізбелік күнді алады. Одан кейін біз жасаған есеп толық көлемде Денсаулық сақтау ми­нистр­лігіне жеткізіледі», деді Биологиялық қауіп­сіздік пробле­малары ғылыми-зерт­теу инс­ти­тутының бас директоры.

Аталған вакцинаның толық­қанды көрсеткіштері вакцина ек­кеннен кейін 42 күнде белгілі болады. Білім және ғылым ми­нистр­лігіне қарасты Биоло­гия­лық қауіпсіздік проблемалары ғы­лыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закарья QazСovid-in вакцинасы антиденені қалай қалыптастыратынын түсін­дірді.

«Антиденелер вакцина салдыр­ғаннан кейін 14 күннен кейін қалып­тасады. Жалпы, вакцина екі рет егіледі. Яғни ревакцинация жиырма бірінші күні жасалады. Сонымен, 42 күнде ең толық көрсеткішті анықтай аламыз. Көр­сеткіштер өте жоғары. Ауруды нейтралдандыратын антиденелер мен гуммаралды жасушалық иммунитет көрсеткіштері бойынша дүниежүзінде шығарып жатқан вакциналардың бір­қа­тарынан да жоғары нәтижені көр­сетіп отыр», деді институт директоры.