Қоғам • 02 Сәуір, 2021

Көкшетаудың көшбастаушы кәсіпорны – Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы тұңғыш бірлескен жоба

187 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жыл­­дың 22 қыркүйегінде өңірге жа­саған жұмыс сапары барысында Еура­зиялық экономикалық одақ ая­сын­дағы тұңғыш бірлескен жоба – Көк­шетаудағы «Қазақстанның Агроинновациялық корпорациясы» жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігінің болашағына зор сенім білдірген болатын.

Көкшетаудың көшбастаушы кәсіпорны – Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы тұңғыш бірлескен жоба

Бүгінгі күні алтын астық өсіретін құ­нарлы өңірдің еңсесін елден ерек кө­те­ріп, толайым табысымен ерек­ше­ле­ніп отырған серіктестіктің серпінді ісі сәтімен басталып, нәтижелі сабақталуда. Алдымен, жақсылығымен жан жадырата келген жобаның алдына қойған бас­ты мақсаты туралы бір ауыз сөз айта кетелік. Ол – Беларусьтің тиімділігі әл­де­қашан дәлелденген, сан сынақтан өткізілген коммуналдық және ауыл шаруашылығы салаларының озық техникаларын өз елімізде құрастырып, екі елдің арасындағы сауда экономикалық байланысты нығайту болып табылады.

Серіктестіктің шығаратын техника­сы қуаты мен төзімділігі жағынан тиім­­ді болған соң аз уақыттың ішінде ел ішінде жақсы қырынан танылып, сұ­ранысқа ие болып отыр. Оңынан оң­ға­рылған, Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың дәуір тынысын тамыршыдай тап басып, уақытында қолдау көр­се­туінің арқасында жақсылығымен жұрт­шы­лыққа танылған соны жобаның соқ­па­ғы заңғарларға бас­тауда. Бүгінгі биік­тен өткеннің өрнегіне көз салсаң, шы­нында да кеңестік дәуірден мұра болып қалған, бүгінде сау тамтығы қалмаған көне техниканы жаңасымен, жаңасы болғанда да жарамдысымен алмастыру диқандардың қолын ұзарта түскендігі айқын. Бүгінгі күні облыстағы егістік алқаптарда кәсіпорынның өн­ді­­ріс алаңдарында құрастырылған «Ростсельмаш», «Клевер» акционерлік қоғам­дарының, AGCO-Amity JV LLC ком­паниясының брендтік өнімдерін көрсеңіз, таңғалмайсыз. Бұлардың қа­та­рында дәл сол уақытта қасқалдақтың қа­нындай қат болып, таптырмай тұрған за­манауи астық комбайндары, қуатты тракторлар, алымдылығы жоғары егіс кешендері, әртүрлі модельдегі ком­му­нал­дық техникалар шығарыла бастады. Корпорация 2019 жылы 1464 дана техника шығарса, өткен жылы 3 мыңнан астам техника мен әртүрлі бөлшектер дайындаған. Астықты өңір үшін өте-мөте қажет дүние. Тозған техника жа­ңа­сымен жаңғыртылды. Қуатты да өнім­ді­лі­гі өте жоғары жаңа кешендер дархан да­ланың тынысын аша түсті. Маңдай термен өсірілген дән қаулай көктеп, ел ыры­сын молайтты.

Ақиқатында, жомарт даланың төсін­де ақық дән аялаған диқан қауым өнім­ді­лігі өте жоғары, жаңа заманның тала­бына толық жауап беретін техникаға сусап отырған болатын. Жоғарыда атал­­ған әлемдік брендке айналған тех­ни­ка­ларға қоса, «Қазақстанның агро­инно­вациялық корпорациясы» ЖШС 2020 жылы «Ростсельмаш» компаниясымен лицензияланған тиісті келісім-шартқа қол қойды. Бұл келісім екі жақ­қа да тиімді болып шықты. Осы мәміле шеңберінде Torum астық комбайны мен Buhler Versatile-3000 сериялы тракторлары және кеңалымды жем-шөп дайындау техникалары шығарыла бастады. Бұл техникалар да жергілікті аграршылар үшін көктен тілегені жерден табылғандай олжа болатын.

Шын мәнінде астықты өңірдің дамуына жаңа серіктестіктің зор септігі тиді. Жобаның алғашқы кезеңін жүзеге асыру үшін 2014 жылы Беларусьтің «Минск трактор зауыты» ашық акцио­нерлік қоғамы және отандық «Қазақ­стан агроинновациялық корпора­ция­сы» жа­у­апкершілігі шектеулі серіктестігі бір­­лесіп, «МТЗ-ҚАИК» серік­тес­ті­гін құр­ған болатын. Кейін бұл жоба ауқымды мақсатты көздеген Индус­трия­­­ландыру картасына енгізілді. Об­­лыстық әкімдіктің қолдауының арқасында сумен, электр қуатымен жаб­­дықталып, инфрақұрылымды түзу мә­се­лесі оңынан шешілді. Алғашқы бетте іскерлік байланыс шеңберінде өңірге аса қажетті 7 түрлі техниканың 500 данасы құрастырылды. Жақсы жаңалыққа ел елең ете түсті. Әсіресе, дала төсін түлет­кен­дер. Өйткені бірлескен кәсіпорын да­йындап шығаратын жаңа заманғы трак­торлардың бағасы да диқандар үшін қолжетімді еді. Жалғыз тракторлар ғана емес, жүк көліктерінің, тіпті арнайы мақсаттағы машиналардың да әлденеше түрі шығарыла бастады.

Бүгінгі күні іркіліссіз жұмыс істеп тұрған кәсіпорын ауыл шаруашылығы мен коммуналдық қызметке арналған техникалардың 5 мыңнан астам бірлігін шығарады. Осы қуатты техникалардың арқасында өңірдің өңі кіріп қалғандығын ерекше екпін түсіріп айта кеткеніміз орынды. Қуатты техникаға қолы жеткеннен кейін ауыл шаруашылығы ең­бек­­керлерінің де еңбегі жанып сала берді. Өзгені былай қойғанда, облыс шаруашылықтары соңғы жылдары 10 мыңға жуық шетелдік техниканы сатып алғандығын, осы қуатты күштің арқасында жерде өнген дән еш ысырап болмай, құт қамбасына уақытында құйылып отырғандығын айта кеткен жөн.

Жаңа техникамен жарақтанған ди­қандар ауа райы құбылмалы солтүстік өңірде егін жинау науқанын күзгі жа­уын­ға ұрындырмай, уақтылы атқарып жүр. Бұған себеп болып отырған – алым­­дылығы жоғары шетелдік техни­ка­лар. Елбасының көрегендігінің арқа­сын­да жаңа сатыға көтерілген ауыл шаруа­шы­лы­ғы саласының негізгі өнімі – Көкшетау астығы жалғыз өз елімізде ғана емес, шет елдерде де жоғары бағаланады. Тұңғыш Президентіміз жұртшылықпен жүздескенде облысты экономикалық тұрғыдан әртараптандырудың негізгі діңгегі аграрлық сектор екенін атап өткен болатын. Сол ойдың игілігін бүгін ел көріп отыр. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласын азық-түлікпен қамтамасыз ету белдеуінде ұзын-ырғасы 100-ден астам жоба жүзеге асырылуда. Астаналықтардың ақ дастарқанына қойылатын адал дәм түрі молайып, сапасы жақсарып келеді. Бұл ең алдымен азық-түлік белдеуін жасап отырған облыстың қарымды қарекетінің нәтижесі. Мұның өзі соңғы 15 жылда 10 мыңнан астам жаңа трактор, астық жинайтын комбайн, дән себетін кешенмен қару­лан­ған диқандар еңбегінің арқасы. Ал оған дем берген, оңтайлы жағдайын жасаған, дер кезінде жобаның жүзеге асуына мұрындық болып қанаттандырған – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.

Бүгінгі күні ісі оңынан оңғарылған ұжым атақ-даңқы әлемге белгілі «Вираж» холдингінің үлескер компаниясы ре­тін­де өңірлік индустрияландырудың алдыңғы легінде тұр. Көкшетаудың индустриялық-технологиялық паркін қамтитын корпорация өзінің мемлекеттік қар­жылық тетіктерін «КазАгроҚаржы», «Аграрлық несие корпорациясы», «БРК-Лизинг» акционерлік қоғамдары арқылы іске асырып, айтулы өнімдерін елі­міздің 19 қаласындағы нарықтық ай­на­лым­ға шығарып отыр. Жалғыз біздің аймақ қана емес, тұтас ел, барша жұрт индустриялық жоба жетістігінің жемісін көруде.

 

Ақмола облысы