Қоғам • 02 Сәуір, 2021

Оқушылар 42 500 теңге жалақы алады

1086 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында «Менің аулам – менің бағым» жобасы басталғанын бұдан бұрын хабарлаған болатынбыз. Бұл жобаға тұрмысы төмен отбасылардан бөлек, мектеп оқушылары да қатысатын болды. Бағбан оқушыларға жаз кезінде 42 500 теңге жалақы төленбек, деп хабарлайды Egemen.kz

Оқушылар 42 500 теңге жалақы алады

Бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлаған Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев қазірдің өзінде өңірде 1270 адам бақша отырғызуға тапсырыс бергенін айтты. Соның ішінде 54 адам мемлекет тарапынан берілетін грант есебінен жобаға қатыспақ. Ниет білдірушілердің көпшілігі Тасқала, Ақжайық, Қаратөбе, Бөкейордасы және Шыңғырлау аудандарынан екен. Тұрғындар көбінесе алма, өрік, шие, алмұрт, таңқурай, құлпынай және жүзімге тапсырыс берген.

«Бұл жоба өте маңызды екенін осыған дейін атап өткен болатынмын. Осы ретте, жобаны іске асыруға және халық арасында кеңінен насихаттауға өз үлестерін қосып келе жатқан еріктілерге, блогерлерге, ауылдық округ әкімдеріне алғысымды білдіремін» дейді Ғали Есқалиев.

«Менің аулам – менің бағым» жобасының бір ерекшелігі – оқушыларын еңбекке баулып, бау-бақша жұмысына тарту үшін Орал қаласы және 12 ауданнан 70 мектеп тапсырыс берген. Жазғы демалыс кезінде мектеп жанындағы бау-бақшада жұмыс істеуге құлшыныс білдірген балаларға жергілікті әкімдік айына 42,5 мың теңге төлейтін болды. Бұл іске 14 жастан асқан оқушылар тартылмақ.

Аталған жобаға қатысушыларға жергілікті ауа-райына жерсіндірілген жеміс ағаштарының көшеті берілмек. Және оларға тәжірибелі тәлімгерлер кеңес беретін болады. Жергілікті әкімдік бұл жеміс ағаштарының өнімін мемлекеттік сатып алу ісін де ұйымдастыруға уәде беріп отыр.

Орал қалалық білім бөлімінің ақпаратына қарағанда, «Менің аулам – менің бағым» жобасына облыс орталығындағы білім нысандары түгел қатыспақ. Одан бөлек, Орал қалалық әкімдігі мен қалалық білім беру бөлімі бірлесіп бастағалы отырған «Мектеп. Алма бағы. Оқушы» жобасына қаланың жеті мектебінен 120 оқушы қатысуға ықылас білдіріпті. Бұл оқушыларға да Орал қалалық жұмыспен қамту орталығы 42 500 теңге айлық жалақы төлейді.

Тұрмысы төмен отбасыларды қолдауға арналған «Еңбек» бағдарламасын жетілдіру жөнінде облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Исатай Мыңбаев біраздан бері айтып келген болатын. «Менің аулам – менің бағым» жобасы – осындай ізденістің бір нәтижесі. Ал осы жұмыстарға студенттер мен оқушыларды тарту – жас ұрпақты еңбекке баулудың жарқын көрінісі деуге болады. Өткен жылы осындай жұмыстарға «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 364 студент пен 1286 жоғары сынып оқушысы түрлі қызметке тартылып, оларға жұмыспен қамту орталығы арқылы еңбекақы төленген.

 

Батыс Қазақстан