Қоғам • 02 Сәуір, 2021

Алматыда жүріп бара жатқан автобустың дөңгелегі ұшып түсті

369 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Алматыда Төле би және Мұқанов көшелерінің қиылысында жүріп бара жатқан автобустың дөңгелегі ұшып кетті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда жүріп бара жатқан автобустың дөңгелегі ұшып түсті

 

Инесса Владимировна атты Facebook қолданушысы оқиға орнынан видео түсірген. Оның айтуынша, жол көлік оқиғасына Төле би көшесіндегі жолдың тегіс еместігі себеп. Бұған дейін де алматылықтар осы магистральда жүргізіліп жатқан шексіз жөндеу жұмыстарына бірнеше рет шағымданған.

Қалалық мобильділік басқармасының мәліметінше автобус жүргізушісі айнадан түсіп қалған дөңгелегін көріп, уақытылы әрекет еткен.

«Жүргізуші автобусты уақытында тоқтатып үлгерген. Қазіргі уақытта келеңсіздіктер түзетілді, автобус саябаққа оралады. Жолаушылардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Автопарк қызметтік тергеу жүргізуде, оқиғаның себебі анықталады», деп атап өтті аталған ведомствоның баспасөз қызметі.

Төле би көшесіндегі жөндеу жұмыстарының жағдайы энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасынан да түсіндірілді. Ведомствоның мәліметінше, аталған магистральда Момышұлынан Байтұрсыновқа дейін құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілген. Жұмыстарды «Сұңқар» және «АГС Пласт» компаниялары орындаған.