Аймақтар • 02 Сәуір, 2021

Көршісіне 17 пышақ жарақатын салған қарағандылық сотталады

900 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағандыда көршісіне себепсіз шабуылдап, 17 пышақ жарақатын салған адамға үкім шығарылды. Зардап шегуші алған жарақатынан қайтыс болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Көршісіне 17 пышақ жарақатын салған қарағандылық сотталады

Былтыр 15 қарашада Валентин Бутенко кісі қолынан қаза тапқан болатын. Ер адам сол күні таңертең түнгі ауысымнан үйіне қайтып келе жатқан. Майқұдық шағынауданындағы 11А үйінін кіреберісінде көршісі оған күтпеген жерден пышақпен шабуыл жасап, ұйқы артериясын кесіп жіберген. Сарапшылар жәбірленушінің денесінде 17 пышақ жарақаты барын анықтады. Ер адам әйелінің қолында қайтыс болды. Әйелі күйеуінің дауысын естігенде подьезге жүгіріп шыққан көрінеді.

«Менің күйеуім қансырап, маған бірдеңе айтқысы келді, бірақ айта алмады. Көршіміз қасымызда тұрып, күйеуімнің түнде әпкесін зорлағанын қайталаумен болды. Мен қанды тоқтатуға тырыстым, бірақ қолымнан келмеді. Жедел жәрдем келгенге дейін ол көз жұмды», деп еске алады марқұмның әйелі Марина Егорова.

Валентин Бутенко

Валентин Бутенко

Сотта айғақтарын өзгерткен күдікті арадағы жанжал күнделікті өмір негізінде болғанын мәлімдеді. Айтуынша, көршісінің жоғарыда орналасқан пәтерінен жиі су ағып, үйде шулы жиындар ұйымдастырған. Алайда оның сөздерінің дұрыстығына ешкім куәлік етпеді. Тергеу барысында оның әпкелерінен де жауап алынды. Олардың ешқайсысы зорлау нұсқасын растаған жоқ.

Ер адамның мінез-құлқындағы барлық оғаштықтарға қарамастан, сарапшылар оның бойында психикалық ауытқулар жоқ деген ұйғарымға келген. Керісінше, сотта оның кісі өлтіруге дайындалып, құрбанын терезеден қарап күтіп жүргені анықталды.

«Оның қанынан ешқандай есірткі немесе алкоголь табылған жоқ. Яғни ол не істеп жатқанын түсінген. Мұның бәрін еске түсіру бізге қиын. Қызым екеуміз әлі күнге дейін өз-өзімізге келе алар емеспіз. Қызыма психологтар көмектесуде», дейді марқұмның жолдасы.

Қылмыстық іс Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Сотталушы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Адам өлтіру» 99-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеу үшін 9 жылға бас бостандығынан айырылды.