Қоғам • 02 Сәуір, 2021

Балалар әл-ауқатының қазақстандық индексі әзірленіп жатыр

603 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Балалардың құқықтарын қорғау комитеті, БҰҰ Балалар Қоры (ЮНИСЕФ) және Экономикалық зерттеулер институты балаларға арналған бюджет әдіснамасы мен балалар әл-ауқатының қазақстандық индексін енгізу жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Балалар әл-ауқатының қазақстандық индексі әзірленіп жатыр

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысындағы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Білім және ғылым министрлігі Балалар әл-ауқатының индексін әзірлеп жатыр.

«Индекстің мақсаты – әр түрлі салада балалардың жағдайын жақсарту. Индекс еліміздегі балалар әл-ауқатының жалпы және жеке бағыттар бойынша қаншалықты жақсы екенін анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ өңірлердегі ұлттық саясаттың тиімділігін бақылауға негіз болады. Индексті әзірлеу үшін еліміздегі ең өзекті көрсеткіштер іріктеледі. Индекс объективті және субъективті деректерден тұрады.​ Деректер ҚР ресми статистикасының халыққа жүргізген сауалнама нәтижелері бойынша алынады.

Үш жақты іс-шаралар жоспарына қол қою – бірлескен жобаны бастауға мүмкіндік туғызады деп ойлаймын. Біздің ортақ міндетіміз – ЮНИСЕФ Инноченти зерттеу кеңсесінің жаһандық әдіснамасына негізделген индекстің бейімделген моделін әзірлеу. Сонымен қатар Қазақстан Республикасындағы балалардың өмірін жақсарту мақсатында мемлекеттік саясат шеңберінде шешім қабылдау», - деді ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау Комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев.

Өз кезегінде Қазақстандағы БҰҰ Балалар Қорының (ЮНИСЕФ) өкілі Артур ван Дизен балаларға тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету – ЮНИСЕФ-тің ең маңызды міндеттерінің бірі екенін айтты.

«2022 жылға қарай балалар әл-ауқаты индексінің іске қосылуы еліміздегі балалардың жағдайын тұрақты түрде бақылауға және объективті көрсеткіштерге негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Балалардың әл-ауқатын ұлттық мониторинг жүйесі – бұл Қазақстан үшін маңызды жоба. Индекс уақыт өте келе балалардың өмір сүру сапасы қалай өзгеретінін және олардың әл – ауқатындағы мәселелерді көрсете алады», деп атап өтті ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Артур ван Дизен.