Аймақтар • 02 Сәуір, 2021

Алаяқтар петропавлдықтың 12 млн теңгесін қолды еткен

209 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әйел адам ұлын оқытуға депозитке ақша жинаған. Алайда кибералаяқтардың құрығына түсіп қалып, бір күнде бар жиғанынан айырылып қалды, деп хабарлайды Egemen.kz

Алаяқтар петропавлдықтың 12 млн теңгесін қолды еткен

Оған «қауіпсіздік қызметінің қызметкерімін» және банктің «менеджерімін» деп таныстырған белгісіз ер адам мен қыз хабарласқан. Олар 7 минут бұрын оның атына бөтен адамның ірі көлемде несие ресімделгенін айтып, сендірген және «алаяқтардың әрекеттерінен қорғану үшін» оған «есепшотты жаңарту» қажеттігін, яғни депозиттен ақшаны алып, жаңа ашылған есепшотқа салу қажет екенін айтқан. Алдымен жәбірленуші хабарласқан адамдарға сенбеген, банк филиалына баратынын хабарлаған. Бірақ қылмыскерлер оны бұлай жасамауға көндіреді. Алаяқтардың айтқанына сенген әйел олардың нұсқауын түгел орындап, өзінің 7 млн теңгеден астам ақшасын, алған несиесін бірнеше Qiwi-әмиянның есепшоттарына аударып жіберген.

Жалпы алғанда, қылмыскерлер 11 млн 865 мың теңгені қолды еткен. Бұл аса ірі көлемде келтірілген шығын болып табылады. Жәбірленуші полицияға жүгінді. Бұл факті Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі «Алаяқтық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр.

«Бүгінде «банктің қауіпсіздік қызметінен қоңырау» шалу арқылы алдау схемасы ең көп таралған алдау тәсілдерінің бірі болып табылады Бұл тәсілді көптеген адамдар біледі. Соған қарамастан, кейде қаскөйлер өздерінің құрбандарына психологиялық қысым жасау арқылы шеберлік танытады. Бұл жағдайда жәбірленуші банк филиалына барып, шоттың жағдайы жайлы сенімді ақпарат көзінен білуге шешім қабылдаса, өзін алаяқтардан қорғар еді. Кез келген жағдайда есте сақтау маңызды: нақты банк қызметкерлері қандай жағдай болмасын, ешқашан клиенттерге қаржылық операциялар жасамайды, құпия деректерді атауды талап етпейді», дейді СҚО Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Марат Жұмалиев.

Облыста жыл басынан бері жалпы 202 интернет-алаяқтық тіркелді. Оның 52-сі «Банктің қауіпсіздік қызметінен қоңырау шалу» схемасына негізделген.