Кино • 04 Сәуір, 2021

«Менің атым Қожа»: авторлар мен кейіпкерлер тағдыры

28880 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қазақ режиссері Абдолла Қарсақбаевтың «Менің атым Қожа» фильмінде басты рөлде ойнаған, жуырда ғана 70 жасқа толғанын тойлаған Нұрлан Санжарды ұзақ уақыттан бері мазалап келе жатқан, бірақ жауабын таба алмаған сауал осы екен. «Бұл кино авторларына да, кейіпкерлеріне де жақсылық алып келмеді» деген пікірді құлағы шалған кезде жылдар бойы мазалап келген сауалға жауап тапқандай болды.

«Менің атым Қожа»: авторлар мен кейіпкерлер тағдыры

Фильм экранға шыға салысы­мен, сынның астында қалғанын кейін ес білген кезде сезіп жүрді. «Қазақ­фильмге» Нұрлан Санжарға, өзге кейіпкерлердің атына жазылған хаттарды пошташылар қаппен тасыпты. Сұлтан – М.Көкенов, Жанар – Г.Құрабаева, Жантас – Е.Құрмашев қазақ киносы көгінде жарқ етті де жоқ болды. Кино арқылы КСРО емес, Еуропа мен Батыс елдеріне танымал болған балалар түсірілім біткен соң бір-бірімен кездеспеген. Бір-бірін іздемепті де. Себебі белгісіз. Белгілісі – Сұлтан – Марат медицина институтында оқып жүргенде белгісіз жағдайда қаза болса, Жантас – Ерлан айдың-күннің аманында жо­ғалып кетті. Жантас пен Қожаның жүрегін жаулап алған Жанар сұлу – Гүлнар Құрабаева мүлдем басқа салаға кетті. Көрермендерінің санасында Голливудтың жұлдыздарына тән тісі және күлкісімен таңбаланып қалған кішкентай жұлдыз мектепте, кейін жоғары оқуы орындарында оқып жүрген кезінде де жан-жақтан келген шақыртуға да келісімін бермеген. Тек Еркін Рақышевтің «Менің де атым Қожа» түсірілімі кезінде бас кейіпкерлер – Нұрлан Санжар мен Гүлнар Құрабаеваның бірер минуттық кездесуіне ғана мүмкіндік берген. Бірақ кездесу аяқтала салысымен Нұрлан-Қожаға бұдан былай өзін іздемеуді өтініпті. Кейін Гүлнармен кездесіп, себебін сұрағанымызда «Мен бұл киноға балалық қызығушылықпен ғана түсіп қалдым. Казір киноға кім түспей жатыр? Менің бір кездері сол кинода ойнағанымды жалғыз ұлым да білмей келді. Білгенде таңғалғанын жасырмады» дейді.

1960-1970 жылдары «Менің атым Қожа» төңірегіндегі мылтықсыз май­данның БАҚ бетіндегі дүмпуі Канн фестивалінде жүлделі орын алып келген соң ғана бәсеңсіпті.

Канн жүлдесін алуға Абдолла мен Бердібек емес, «Қазақфильмнің» басшылары барғанын қос тарланның сарқытын ішіп, қолына су құйған балалар ақыны Сейфолла Оспан айтып берді. Ағамыздан естіген естелікті әрі қалай жылжытсақ, Каннда үндінің белгілі режиссері Радж Капур киноны көріп, Бердібек пен Абдоллаға қат­ты ықыласы түсіпті. Еліне бар­ған соң Абдолламен бірге жұмыс істеуге ықылас танытып, Мәскеудегі Үндіс­танның елшілігі арқылы шақырту жіберген. Бірақ біздің жақта кейбір адамдар сол кезде жер басып жүрген Қар­сақбаевтың әлдеқашан «о дү­ниелік» болып кеткенін айтып, сыпайы түрде қарсылық білдірген. Бірақ өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам. 1970 жылдары Ташкент қаласында өткен кезекті өнер фестивальдерінің бірінде Радж Капур мен Абдолла Қарсақбаев аяқастынан кездесіп қалған. «Өлді» деуге қимай жүрген әріптесінің жер басып, тірілердің қатарында жүргеніне аң-таң болған үнділік режиссер «Жерден шықтың ба, көктен түстің бе, сен туралы «өліп қалған» деген жаманатты хабар Үн­дістанға жетті ғой» деген екен...

 

* * *

– Екеуінің құшақтасып түскен суреті «Жаңа фильм» журналының басты бетінде жарияланды. Іздес­тір­сеңдер, ұлттық кітапханада сақталуы әбден мүмкін. Оны іздеп, кітабыма қолдануға менің денсаулығым көтер­меді. Абдолланың тума таланты тек бізде ғана емес, орыс режиссерлерінің де қызғанышын тудырды. Жұмыс бермеді немесе талантының бар қырын ашып танытуына мүмкіндік бермеді. Абдолла мен Бердібек ағаларымыз тақырыпқа, сценарийге «ашығып өлді», – дейді Сейфолла аға.

Сейфолла ағаның айтып өтке­ніндей, Абдолла Қарсақбаев пен Бер­дібек Соқпақбаевты таныстырған бел­гілі жазушы Тахауи Ахтанов екен. Бірі кинодағы, екіншісі әдебиеттегі екі алыптың арасындағы жағдай, бас­тапқыда тұлғалар арасындағы теке-тіреске көбірек ұқсап кетіпті. Кино­режиссер Абдолланың шығар­маны киноға бейімдемек болған әрекеттері асау мінезді Бердібекке ұнамайды. Екеуі де ашық күнде найзағай ойнатып жіберетін мінездің адамдары. Іс насырға шауып, екі тұлға екі жаққа айырылысуға шақ қалғанда Тахауи Ахтанов Бердібекті сабырға шақырып, екі тұлғаны мәмілеге келтірген екен.

Айтпақшы, Абдолла Қарсақбаев­тың келіні Майра атасының көзін көр­месе де, көзкөргендерден естіп келе жатқанын айтады. Атасының мемлекет көлемінде тойланбай қалған, аталмай қалған мерейтойларын отбасылық деңгейде өткеріп, туған жерінде кездесулер өткізіп жүрген, Радж Капур мен атасы арасындағы басталып барып үзіліп қалған шығармашылық бай­ланысты қалыпқа келтірмек болып шапқылап жүрген осы кісі. «Ма­мандығым журналист болса да, өмір мені киноға алып келді. Келін болып түскен үйімде күндіз-түні тек кино туралы әңгіме айтылатын. Отбасымның өмірлік мұраты менің де ұстанымыма айналып, продюссерлік салаға бет бұрдым. Бұл алдында қызмет істеп үл­гермеген атама деген құрметтен ту­ған шығар. Қазір үнді актерлерімен шығар­машылық байланыстамыз. Олар­дың бір тобы елге келіп, Үлкен Алматы көлі, Көлсай маңындағы кө­рікті жерлерді қосымша көріністер үшін киноға тү­сіріп жатыр. Үндістанға бар­ған сайы­н атамның аруағымен тілдес­кендей боламын», дейді Майра Қарсақбаева.

 

* * *

Белгілі ғалым, журналист Уәлихан Қалижан осыдан біраз жыл бұрын Парламент қабырғасында жүргенде Үкіметке сауал жолдап, Абдолла Қарсақбаевтың 85 жасқа толатынын, 60, 70, 75 жылдық мерейтойлары да атаусыз қалғанын еске салған.

Бірақ депутат көтерген мәселе Абдолла Қарсақбаев туралы Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында бір-екі рет кездесу өткізумен ғана тәмам­далды. Осыдан бірер жыл бұрын ки­но кейіпкерлеріне арнап Алматы мен елорда саябақтарында ескерткіш қо­йылады деген әңгіме шыққан. Бірақ әңгіме айтылған күйі, қазан жабылған күйі қалды. Мемлекеттік деңгейде мәселе көтерген Уәлихан Қалижанның пікірі бүгін де өзгермеген.

– Уақытпен бірге жаңғыратын дүниелер болады: «Менің атым Қо­жа» да сондай дүниелердің қата­рында. Фильмнің жарты ғасырлық мерейтойы біздің мемлекетімізге керек еді. Балаларымыз Батыстың дү­ниелеріне мойын бұрып бара жатыр. Балаларымызды жарты ғасырдан бері Қожамен алдап келеміз. Қожаның орнын алмастыратын жаңа туынды келген жоқ. Демек, фильм әлі де талай ондаған жылдар бойы өзінің тұғырынан түспейді. Жарты ғасырлық мерейтойына фильм кейіпкерлерінің ескерткіштерін сомдап, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларының көрікті жерлеріне орнату керек, – дейді.

 

* * *

Фильмнің өкіл әкелері Қарсақбаев пен Соқпақбаев арамызда жоқ. Қо­салқы режиссер Тұрар Дүйсебаев та өмірден озып кеткендіктен киноның жаңғырығын естеліктерден ғана іздей­міз.

 Кинодраматург Ольга Бондаренко өзінің естеліктерінде Абдолла мектеп директорының рөлiне белiнен жа­рақат алып, мүгедек болып қал­ған Кененбай Қожабековті алмақ бол­ған шешімін естіген кезде: «Аб­долла, «Қожа» – көңiлдi фильм. Ал Ке­ненбайдың көзiнде мұң бар ғой» деп қарсылық білдіргенін еске тү­сірген. «Абдолланың маған қалай қа­рағанын көрсеңiз?! Ызалана жалт етiп, сұмдық жек көре қарады. Аздан кейiн көзқарасы өзгерiп: «Түсiнiгiң бар ма десем, сен де осындай ақымақ па едiң?» дегендi аңғартып тұрды. Мен ұялғанымнан екi қолыммен бетiмдi бас­тым. Шынында да, ақымақтың сөзiн айтып тұр едiм. Тағдыр тәлкегiмен мү­гедек болып қалған Кененбай бар­лық фильм­дерде бiрдей ойнай алмайтын. Ұлы актер үшiн бұдан өткен азап жоқ. Мына жерде Кененбайды ойнатудың сәтi түсiп тұр. «Осыны да түсiн­бейсiң бе?» деген көзқарасы едi бұл Абдолланың. Шын талантқа, досқа деген адалдықтың белгiсi едi» («Қазақ кино­сының құла-герi». «Бiлiм», 2007 жыл) деп жазады.

Бұл – аталған киноның бізге бел­гілі тұстары. Белгісіз сәттерінің құ­пия­сын тарих ішіне бүгіп жатыр. «Бердібек Соқпақбаев пен Абдолла Қарсақбаев кімнің жолын кесті, қазақ ортасы олардың мерейтойларын атап өтуге неге құлықты болмады?» деген сұрақтарға іздеген жауап жоқ әзірге. Сейфолла ағамыз айтып өткендей, партиялық БАҚ-тың қатал сынына ұшыраған Абдолла уайымға салынып, ең әдемі тақырыптардың бірі революциялық тақырыптарға ауысты. Алайда ол жақта оны үлкен қиындықтар күтіп тұрды. «Қилы кезеңде» фильмі кө­рерменге жол тартпай сөреде ұзақ жатты. Ал режиссер уайымға салынып, қайғы жұтты. Осының барлығы оның өмірін қысқартты. Ол өмірден ерте озды. Ал фильмнің әлі күнге дейін қошеметке бөленіп, сахнадан түспей келе жатқанын түсіну, фильмнің сәтті шығу себебін білу үшін жазушы неге басты кейіпкерді Қожа деп атады деген сұраққа жауап іздеу керек. Белгілісі – фильм дүниеге келген жылдар – қазақ өнері үшін жылымық сәу­ле пайда болған кезге тура кел­ді. Бірақ соған қарамастан, қазақ же­рінің жүрегі – тың игеру жолында хан­тала­пайға түсті. Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденов «Менің Қа-зақстанымды» жырлады. Мәскеуде Мұрат Әуезов бастаған қазақтың оқығандары «Жас тұлпар» болып дүбірледі. Бердібек пен Абдолланың Қожасы «Елдің, жердің иесі – Қожасы менмін» деп қасқайып шықты. Қазақ жерінің Қожасы коммунистік жүйенің қатып қалған шекпеніне сыймады. Ол еркін қазақтың ХХ ғасырдағы бейнесін сомдап шықты. Фильмнің басты кейіпкерін бейнелеген Нұрлан Санжар айтқандай, ХХ ғасырда өмір сүрген Қожа өз миссиясын 100 пайы­з атқарып, ХХI ғасырға сүрінбей, ен­тікпей өтті. Қожа қазақ баласына әлі күнге дейін керек. Қоғам оған балама болатын, ығыстырып шығатын кейіпкерге толғатып жатыр: Өмірге келетін шарана-үміт Қожа сияқты қалыпқа сыймайтын бұзық, қайсар бола ма, жоқ технология тілін шыр айналдыратын интеллектуал бола ма, ол жағы бізге белгісіз. Бірақ дәл қазір ғаламдану заманында, мәдени құндылықтар интеграцияның екпініне жұтылып бара жатқан заманда Ел иесі, Жер иесі – менмін деп тұратын қайсар Қожа керек болып тұр.