Спорт • 04 Сәуір, 2021

Олимпиадаға баратындар Алматыда анықталады

327 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

9-11 сәуір күндері Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы Мәдениет және спорт сарайында күрес түрлерінен Азия құрлығы бойынша іріктеу турнирі өтеді. Осы жарыста табыс­ты өнер көрсеткен балуандар биыл жаз айларының екінші жартысында Жапонияның астанасы – Токиода алауы тұтанатын ХХХІІ жазғы Олимпия ойындарында бақ сынау құрметіне ие болады. Сол себепті де сары құрлықтың апайтөстері Алатау бөктерінде орналасқан әсем шаһарды бетке алып отыр.

Олимпиадаға баратындар Алматыда анықталады

Токио Олимпиадасының ал­ғашқы жолдамалары 2019 жылы Нұр-Сұлтанда жалауы жел­біреген әлем чемпионатында са­рапқа салынды. Айтулы жарыс­та Қазақстанның еркін күрес шеберлері төрт бірдей лицензияға иелік етті. Егер төртжылдықтың басты додасында бәсекелер не­бәрі алты салмақ дәрежесі бо­йынша ғана өтетінін ескерсек, жерлестеріміз үшін бұл өте жақсы көрсеткіш деп айтуға толық негіз бар. Бұл жолдамалардың иегерлері – Нұрислам Санаев (57 кило), Дәулет Ниязбеков (65 кило), Да­нияр Қайсанов (74 кило) және Әлі­шер Ерғали (97 кило).

30 жастағы Нұрислам Санаев үшін бұл – әлем чемпионатындағы екінші жүлде. 2018 жылы Буда­пештегі жарыста ақтық сынға дейін алқынбай жеткен ол шешуші тұста ресейлік Заур Угуевқа есе жіберді. Нәтижесінде, күміс ме­даль­ды мойнына ілді. Нұр-Сұл­тандағы жарыстың жартылай фи­налында Нұрислам түркиялық Сулейман Атлыға жол берсе, қола жүлде үшін тартыста сербиялық Стеван Мичичтен басым түсті.

2011 жылы Ыстанбұлда өткен дүниежүзілік додада қола медальды иеленген Дәулет Ниязбеков араға сегіз жыл салып, жеңіс тұ­ғырына қайта көтерілді. 65 кило салмақта күрескен ол бұл жолы күміспен күптелді. Финалға дейін қарсылас шыдатпаған сақа спортшыны ал­тыннан айырған Ресейдің мақ­танышы – Хаджимұрат Ра­шидов. Жалпы, 32 жастағы Дәу­леттің табандылығына таңдан­бау мүмкін емес. Осыған дейін ол үш рет Азия чемпионы атанып, сол жарыста тағы төрт рет жүлдегерлер қатарынан көрінді.

27 жастағы Данияр Қайсанов 2018 жылы Азия ойындарында күміс және құрлық біріншілігінде қола медальды иеленіп, көпшілік назарын өзіне аударған болатын. Әлем чемпионатында ол өте жақсы күресті. Ширек финалда қазақ балуаны италиялық Франко Чамизодан ұтылды. Чамизоның финалға шығуының арқасында Данияр қола медаль үшін таласу мүмкіндігін сақтап қалды. Шешуші тұста да Қайсановтың жолы болмады. Ол фран­циялық Зелимхан Хад­жиевтен бір ғана ұпай айырмашылығымен ұтылды. Бірақ арада ал­ты ай өткеннен кейін Хад­жиев­тің допинг қолданғаны анық­талды. Нәтижесінде, әлем чем­пионатының күміс медалі мен Олимпиада жолдамасы біздің жі­гітке бұйырды. Одан бөлек Да­нияр­дың Азияның екі дүркін чемпионы деген атағы тағы бар.

Әлішер Ерғалиді де қалай мақ­тасақ та жарасады. 2019 жылы 19 жастағы қандасымыз небір апайтөстермен аянбай айқасып, жартылай финалда Ресейдің даңқ­­ты балуаны, Олимпия ойын­дарының жеңімпазы, әлемнің – бес, Еуропаның төрт дүркін чемпионы Абдулрашид Садулаевтан жеңілді. Үшінші орын үшін сайыс­та Әлішердің македониялық Ма­гомедгаджи Нұровқа әлі жет­педі. Соған қарамастан, қазақ балуаны Токиоға баратындардың тізіміне қосылды.

Тағы бір айта кетерлік жайт, Нұр-Сұлтандағы жарыста 70 кило салмақ дәрежесінде күш сынас­қан Нұрқожа Қайпанов та жүлдегерлер қатарына қосылды. Тек қана финалда ресейлік Давид Баевтан ұтылған ол күміс медальды еншіледі. Алайда бұл салмақ Олимпиада бағдарламасында жоқ. Сондықтан да Нұрқожа Токиоға бара алмайды.

Міне, Қазақстанның еркін күрес шеберлерінің жеңіп алған төрт жолдамасының тарихы осын­дай. Енді бізге керегі тағы екі лицензия. Ол үшін 86 және 125 кило салмақтағы балуандарымыз өздерінің мықтылығын мойындатуға тиіс. Алматыдағы турнирде Азамат Дәулетбеков (86 кило) пен Юсуп Батырмұрзаевқа (125 кило) зор сенім артылып отыр. Ұлттық құрама командамыздың бас бапкері Әсет Серікбаевтың айтуынша, есімдері аталған еркін күрес шеберлерінің екеуінің де ел сенімін ақтауға күш-жігерлері жетеді.

Ал еліміздің грек-рим күресі шеберлері 2019 жылғы әлемдік додада сәтті өнер көрсетті деп айтуға ауыз бармайды. Иә, Нұр-Сұлтанда үш өреніміз жеңіс тұғырына көтеріліп, жергілікті жанкүйерлерді бір желпіндіріп тастағаны рас. Атап айтсақ, 55 кило салмақта күрескен Қорлан Жа­қанша финалға дейінгі қар­сыластарын сыпыра ұтып, күміс медальды еншіледі. Шешуші тұс­та ол грузиялық Нугзари Цур­цу­миядан жеңілді. Бірақ бұл олим­пиадалық салмақ дәрежесі бол­мағандықтан, Қорланның Күн­шығыс еліне бармайтыны белгілі.

63 кило салмақта күш сынасып, қола медальға қол созған Алмат Кебісбаевтың да жағдайы дәл сондай. Оған дейін әлем чемпионатында бір күміс пен қос қоланы олжалап, Азия ойындарында екі рет жүлдегерлер санатына қосылып, екі рет Азия чемпионы атанып, тағы екі мәрте айтулы додада күміспен күптелген сақа спортшымыздың Нұр-Сұлтанда Жапонияның жұлдызы Синобу Отаға ғана әлі жетпеді. Бірақ Олимпия ойындарында бұл салмақ дәрежесі бойынша белдесулер өтпейді.

Елорда төрінде Бақтияр Бай­сейі­товтің шәкірттері арасы­нан Мейрамбек Айнағұлов пен Ас­хат Ділмұхамедовтің ғана бақ жұлдызы жанды. 60 кило сал­мақта белдескен Мейрамбек Ай­нағұлов әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Жартылай финалда ол ресейлік Сергей Еме­линнен айласын асыра алмады. Одан кейін украиналық Ленур Темировті тізе бүктірді.

«Бап шаба ма, бақ шаба ма?» деп атам қазақ бекер айтпаған ғой. Дәл осы жарыста 77 кило сал­мақтағы Асхат Ділмұхамедов өзін керемет қырынан көрсетті. Ардагер спортшы елорда төріндегі жарыстың бастапқы бәсекелерінің бірінде Олимпиада мен әлемнің екі дүркін чемпионы, Еуропа чемпионатының төрт дүркін жеңімпазы, Ресейдің ұлттық батыры Роман Власовтан басым түсті. Іле-шала әлем чемпионы, сер­биялық Виктор Немешті сан соқтырды. Бірақ одан әріге Ділмұхамедовтің шамасы жетпеді. Әуелі Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері Тамаш Леринг, одан кейін өзбекстандық Жал­ғасбай Бердімұрадовтан жеңіліп, бесінші орында қалып қойды. Алайда осы нәтиженің өзі Асхат­тың Олимпиада жолдамасын қор­жынға салуына жеткілікті болды.

Токиоға толық құраммен аттану үшін бізге әлі төрт жолдама қажет. Күні кеше ұлттық ко­ман­дамыздың бас бапкері Бақ­тияр Байсейітов өз таңдауын жасады. 67 кило салмақта бас­ты үміткерлер екеу еді. Олар – Ал­мат Кебісбаев пен Мейіржан Шермаханбет. Алматтың атағы ал­ты Алашқа әйгілі. 33 жастағы сақа спортшының қол жеткізген табыстары туралы біз жоғарыда қысқаша мағлұмат бердік. Со­нымен қатар Кебісбаев екі бір­дей Олимпия ойындарында өнер көрсетті. 2012 жылы Лон­донда ол жеңіс тұғырына сы­нықсүйем қалғанда сүрініп, бесінші орында қалып қойса, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода жетінші сатыға табан тіреді. Мейіржан да осал балуан емес. 24 жастағы жерлесіміз 2018 жылы Будапештте өткен әлем чем­пионатында қола медальды ие­ленді. Біраз ойлана-толғана келе бапкерлердің таңдауы жалын­дап тұрған жас жігітке түсті. Сөй­тіп бұл салмақта ел намысын Мейір­жан Шермаханбет қор­ғайды.

Аса ауыр салмақ дәрежесіндегі жағдай тым қызық. Кең-байтақ елімізде Азияның апайтөстерімен айқасуға жарайтын бірде-бір алымды әрі алғыр, қарымды әрі қарулы балуан табылмаған соң ұлттық құрама бапкерлері жасы 40-тан асқан әйгілі Георгий Цурцумияның көмегіне жүгінуге мәжбүр болды. 2001 жылы Қазақстанға қоныс аударған Грузияның тумасы талай дүбірлі додада дараланғанын жанкүйерлер ұмыта қойған жоқ. Цурцумия 2002 жылы Пусанда Азия ойындарының жеңімпазы атанса, 2003 жылы Кретейдегі әлем чемпионатында күміс жүлдені қан­жығасына байлады. Қатарынан төрт мәрте қарт құрлықтың тең­дес­сіз балуаны деп танылды. Оның спорттық мансабындағы ең зор табыс – 2004 жылы Афина­да алауы тұтанған Олимпия ойын­дарының күміс медалі. 2008 жы­лы Георгий үлкен спорттан қол үзіп, бапкерліктің қамытын киді. Міне, енді араға 13 жыл салып, ол боз кілемге қайта оралды. Геор­гий Цурцумияның көздегені – Ал­ма­тыдағы турнирде топ жарып, Токио Олимпиадасында күш сына­сатын алыптардың қатарына қосылу.

Ал қалған екі салмақ дәреже­сінде Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кило) пен Олжас Сырлыбай (97 кило) бақ сынайды. Бұл балуан­дардың екеуі де былтырғы Қазақ­стан чемпионатында жасындай жарқылдаса, биыл Италияда өткен рейтингтік турнирде топ жарды.

Әйелдер күресінен өтетін жарыста Қазақстанның намысын төрт спортшы қорғайды. Олар – Татьяна Ахметова (53 кило), Эмма Тисина (57 кило), Аяулым Қасымова (62 кило) және Жәмила Бақ­бергенова (68 кило). Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионатының қорытындысы бойынша Валентина Исламова (50 кило) мен Елмира Сыздықова (76 кило) Токиода өнер көрсету мүмкіндігіне ие болған еді.