Коронавирус • 05 Сәуір, 2021

Шектеулердің азаюы індеттің үдеуіне әкелмесін десек...

234 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өңірдің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев карантиндік шектеулерге бірқатар өзгеріс жасады. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің «Павлодар облысы аумағында шектеулі карантиндік шаралар туралы» №8 қаулысы 2 сәуірден бастап күшіне енді.

Шектеулердің азаюы індеттің үдеуіне  әкелмесін десек...

– Эпидемиялық жағдайды бағалау өл­шем­деріне сәйкес, өңір 16 наурыз­дан бастап «жасыл аймақта». Тек Терең­көл, Аққулы және Павлодар аудандары сары аймақта. Сондықтан сырқат­та­ну­шы­лықтың төмендеуіне байланысты бір­қатар жеңілдетілген карантиндік шара қарастырылды, – деді Б.Әлиев. Қабыл­данған шараларға сәйкес, тұрғындарға бұ­ры­нғыдай санитарлық талапты қатаң сақ­тап, медициналық бетперде кию, 65 жастан асқан адамдардың үйде отыруы ескертілуде. Өңір тұрғындары асыға күтіп жүрген ауылшаруашылық жәрмеңкесіне Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларында рұқсат берілді. Жәрмеңкелерде барлық санитарлық талаптың сақталуы, ауылдан өнім әкелушілер де, өнімді сатып алушы қала тұрғындары да бетперде тағуы тиіс. Өнімдердің бәрі зертханалық тексеруден өтеді. Барлық ұжымда қызметкерлердің 30 пайызы қашықтықтан қызмет етуде. Мәдениет нысандары, кинотеатрлар, театр, музей, кітапхана, бильярд, балалар орталықтарында 30 адамнан аспайтын көлемде жиналуға рұқсат берілді. Сауна, моншалар да ашылды. Толымдылығын 20 пайыздан асырмай, көрермендердің қатысуымен спорттық іс-шараларды өт­кі­зуге болатыны айтылды.

– Ал караоке, қорқор бөлмелері, түнгі клубтар сияқты ойын-сауық меке­ме­лерінің жұмысына шектеу жалғасады, – деді бас санитарлық дәрігер. Сондай-ақ қалалық және ауылдық мектептерде балалар санын 25 адамнан асырмай дәс­түрлі форматта оқытуға рұқсат бе­ріл­­ді. Топтардың бірігуімен іс-ша­ра­лар өткізбей, ата-аналары мен еріп жү­ре­тін адамдарды енгізбей, мектепке де­йінгі мекемелер жұмыс істей береді. Ба­ла­ларды түзету кабинеттері, балалар мен ересектерге арналған білім беру орта­лықтары келушілер санын шек­те­мейді. Толымдылығын 30 пайыздан асырмай және бір келушіге кемінде 4 шаршы метр сақталған жағдайда тұр­ғын­дар мешітке бара алады. Жаңа қау­лыға сәйкес толымдылығын 30 пайыздан және адам санын 50-ден асырмай, ағайынның басын қосып банкет зал­да­ры­ның қызметіне де рұқсат берілді. Ал ашық және жабық ғимараттарда жаб­дық­тардан басқа көріністі, спорттық іс-шара­ларды, отбасылық, ойын-сауық, ұжым­дық, корпоративтік шараларды өткізу үшін банкет залдарын жалға алуға, көп қонақ шақырып той жасауға тыйым са­лы­нады.

Жалпы, осы күнге дейін облыста 19 127 адамнан КВИ анықталса, 18 548 науқас індеттен жазылып шықты, 17 науқас инфекциялық ауруханаларда емде­луде. Қазіргі уақытта облыста ин­фек­ция­лық ауруханалардың жүктемесі 27 пайызды құрайды. Соңғы күндері облыста 17 адамның індет жұқтырғаны анық­талған.

– Бұл науқастар бойынша айтсақ, облыс орта­лығында – 8, Екібастұзда – 4, Ақ­суда – 2, Баянауыл ауданында – 1, Шар­бақты ауданында 2 жағдай тіркелген, – дейді Б.Әлиев. Ал өңірде қазірге дейін вакцинаның І компоненті 5 094 адамға егілсе, ІІ компоненті 2 424 адамға салынды. Мысалы, 198 полиция қызметкері, 1 162 мұғалім, 3 128 дәрігер, 516 екпе алғысы келген тұрғындар, 15 студент, 60 созылмалы аурулары бар адам, 11 мемлекеттік қызметші екпе алған.

– Ауруханаларда екпе алуға ешқандай шектеу жоқ. Мысалы, 65 жастан асқан тұрғындар да екпе қабылдай алады. Екпе алу үшін өзі тіркелген емханасына жазыла­ды. Тексеруден өткеннен кейін дәрі­гер­дің рұқсатымен ғана егіледі, – дейді бас­қарма мамандары.

Екпе алуға қатысты сұрақтар болса, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының WhatsApp желісіндегі 8 705 447 52 52 нөміріне хабарласуға болады.

– Өңіріміз «жасыл аймақта» болса да сақтық шараларын босаңсытуға болмайды. Егер карантиндік шаралар мен шектеулер талапқа сай сақталмаса, ахуалдың ушығып кетуі әбден мүмкін. Карантинді толық шектеуге немесе тоқтатуға әлі негіз жоқ, – дейді Б.Әлиев.

Мамандардың айтуынша, алдағы уа­қытта адамдар біртіндеп иммунитетке ие бола бастайды. Сонда ғана эпи­де­миялық жағдай оң көрсеткішке жете алады. Қазір өңірге COVID-19-ға қарсы вакцинаның кезекті үлесі келіп түсті. Яғни I компоненттің 4 200 дозасы және «Гам-КОВИД-Вак» (Спутник V) II компо­нентінің 1 300 дозасы жеткізілген. Ден­саулық сақтау басқармасының мәлі­ме­ті бойынша, препарат Ғ.Сұлтанов атын­дағы облыстық аурухананың орта­лық қоймасына сақтауға жіберілді.

Екпенің алғашқы легі өңірге 31 қаң­тар­да келіп түскен. Келесі легі 21, 27 ақ­пан­да, 17 наурызда жеткізілген.

– Қазір әлемде де, елімізде де індеттің қай­­тадан өршуі ескертілуде. Наурыз айын­да індетке шалдыққандар санының өсуіне мереке күндерінің әсер етуі мүм­кін екенін айттық. Сәуірде, жаз айларын­да қандай өсім болатыны белгісіз. Бәрі ха­­лықтың санитарлық нормаларды сақ­тауына және екпе алуына байланысты, – деді Б.Әлиев.

 

Павлодар облысы