Теннис • 05 Сәуір, 2021

Бұл – бізбен әлем санасатын спорт түрі

224 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Кейінгі жылдары қазақстандық теннисшілердің халықаралық ареналарда көрсетіп жүрген толайым табыстарының арқасында әлемдік федерациялар біздің елмен, біздің спортшылармен санаса бастады. Мемлекет те теннистің дамуына, жасөспірімдердің осы бір спортпен еркін айналысуына барынша жағдай жасап жатыр.

Бұл – бізбен әлем санасатын спорт түрі

Ел қамқорлығына ие болған отандық теннисшілер осы бір 5-10 жылдықта ATP мен WTA санатына жататын бірқатар жарыста бой көрсетіп, әлемнің үздік теннис­шілерімен иық тірестіре өнер көрсетуде. Тіпті отандастарымыз кей жарыстарда ел мерейін асырып, айтулы турнирлерде топ жарып жүр. Атап айтар болсақ, 2015 жылы әлемнің 31-ракеткасы атанған Зарина Диас бүгінге дейін бір мәрте WTA, сегіз мәрте ITF санатындағы жарыстарда бас жүлдені олжалады. Ал Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина екі рет WTA, төрт рет ITF жарыстарында алдына жан салмады. Сондай-ақ жерлестеріміз Дэвис кубогында да тәуір ойын көрсетіп жүр. Ер­лер құрамасы 2011, 2013, 2014, 2015 және 2018 жылдары аталған турнирдің ши­рек финалына дейін жетсе, 2019 жылы Ис­па­нияның бас шаһары – Мадридте ұйым­­дастырылған жаңа форматтағы Дэвис ку­богының финалдық кезеңінде ойнады.

Міне, осындай нәтижелерден кейін Кәсіпқой теннисшілер қауымдастығы әлемдік деңгейдегі теннис турнирлерін Қазақстанда да өткізуге мүмкіндік берді. Мәселен, өткен жылдың соңында Нұр-Сұлтанда Қазақстан спорт тарихындағы алғашқы ATP 250 Astana Open турнирі ұйым­дастырылды. АТР 250 әлемдік туры бір жылда 40 кәсіби ерлер жарысын өткізеді. Алайда өткен маусымда пан­демияға байланысты оның тек 17-сі ғана өтті. Нұр-Сұлтандағы турнир іс жүзінде жылдың соңғы жарысы және тен­­нисшілерге АТР рейтингіне жағ­дайын дұрыстап алу үшін берілген соңғы мүмкіндік болатын.

Жуырда елорда төрінде тағы бір әлем­дік деңгейдегі теннис турнирі ұйымдас­тырылды. Ел Тәуелсіздігің 30 жылдығына орай өткізілген ATP Challenger Tour сериясының Forte Challenger 100 және Forte Challenger 125 додасы көптің көңілінен шықты. Беделді жарысқа әлемдік рейтингтің үздік жүздігіне енген ойыншылар қатысты. Ал Қазақстан құрамасының намысын Михаил Кукушкин, Дмитрий Попко, Александр Недовесов, Денис Евсеев, Тимофей Скатов, Григорий Ломакин және басқалар қорғады.

«Қазақстан астанасы ірі жарыстарды қабылдай бастады. Бүкіл әлемде коро­на­вирус пандемиясына байланыс­ты кес­тедегі матчтардың басым бөлігі тоқ­та­тылғандықтан, Кәсіпқой теннисшілер қа­уымдастығы Қазақстан теннис федерациясынан бірден екі турнир өткізуді сұрады. Бұл серия Аустралия ашық чем­пионатында өз өнерін аяқтаған ойыншылар үшін бірден екі үлкен турнирге дайындалуға және қатысуға тамаша мүмкіндік. Қазақстан құрамасының барлық өкілі жарысқа қатысып, ұпай алуға, рейтингтегі өз позицияларын жақсартуға берілген мүмкіндікті жібермеу керек. Ең алдымен бұл – Олимпиада жолдамасын иелену үшін де маңызды. Біз бұған дейін «Челленджер» санатындағы жарыстар өткізген жоқпыз, бұл ойындарда 100 және 125 ұпай ойнатылады. Жоғары деңгейдегі турнир болғандықтан, екі жарысқа да мықты ойыншылар келді. Сөзімізге жа­рыс­қа тіркелген спортшылардың есім­дері дәлел бола алады», деп атап өтті Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Юрий Польский турнирдің ашылу салтанатында.

Бір аптаға созылған Forte Challenger 100 турнирінің жекелей сынында америкалық теннисші Маккензи Макдональдтың бағы жанды. Турнирде қарсылас шыдатпаған Макдональд бас жүлде үшін өткен кездесуде аустриялық Юрий Родионовтан еш қиындықсыз айласын асырып кетті. Екі сетке созылған бәсекеде ол 6:1, 6:2 есебімен басым түсті. Сонымен қатар Forte Challenger 100 жеңімпазы Маккензи 100 рейтингтік ұпай мен 14 400 АҚШ долларын қанжығасына байлады.

Марапаттау рәсімінде сөз алған Мак­дональд Forte Challenger 100 ұйымдас­тырушыларына жарқын әрі қызықты турнир үшін алғысын білдірді. «Нұр-Сұлтанға қайта ат басын тіреп, бабым мен бағымды сынау мүмкіндігін қуана қабылдадым. Былтыр қараша айында Astana Open 2020 турнирінде мен ширек финалға дейін жетіп, қарсыласымнан жеңіліп қалдым. Қазақстан астанасына жасаған екінші сапарым сәтті аяқталды. Қонақжай елде өткізген әрбір минутым ерекше өтті», деді америкалық теннисші марапаттау рәсімінде.

Ал жұптық сында жерлесіміз Алек­сандр Недовесов украиналық Денис Мол­чановпен бірге жұп құрап, «Челленджер» турнирінің жеңімпазы атанды. Осы жа­рыстың бірінші ракеткасы ретінде тіркелген қазақстандық-украиналық жұп финалда америкалық Натан Паша мен Макс Шнурмен кездесті. Бірінші партияда А.Недовесов пен Д.Молчанов 6:4 есебімен басым түссе, екінші сетте де осы есеп тіркелді – 6:4.

Өкінішке қарай, жекелей сында өнер көрсеткен қазақстандықтардан Александр Недовесов іріктеу жарысынан арыға аса алмаса, Тимофей Скатов, Михаил Кукушкин турнирді бірінші айналымда, Дмитрий Попко ¼ финалда ақтады.

Ал Forte Challenger 125 турнирінде чехиялық спортшы Томаш Махачтың бағы жанды. Отандасы әрі әлемдік теннис жұлдызына айналған Томаш Бердыхпен аттас және оның спорттағы мұрагері деп танылған Томаш Махач фи­налға дейін швейцариялық Хенри Лааксоненді, Forte Challenger 100 чемпионы америкалық Маккензи Макдональдты, оңтүстіккореялық Сун-Ву Квон мен үндіс­тандық Праджнеш Гуннесваранды жеңіп, керемет ойын өрнегін көрсетті.

Финалдық матчта Томаш Махач аус­­триялық Себастьян Офнермен бас жүлдені сарапқа салды. Көпшілік күткендей финалдық кездесу тартысқа толы болды. Алғашқы сетте Офнер 6:4 есебімен өз пайдасына жазса, кейінгі сетте Махач дәл сондай есеппен есе қайтарып, таразы басын теңестіріп кетті. Шешуші ке­зеңде қарсыласына қарағанда ептілік танытқан чех спортшысы үшінші сетте де 6:4 нәти­жесімен жеңіске жетті. Қорытынды есеп – 4:6, 6:4, 6:4. Томаш Махач – Forte Challenger 125 турнирінің чемпионы!

– Кез келген финалда жеңіске талас шиеленісті жағдайда өрбиді. Қарсыласым өте жақсы ойнады, допты ойынға қосуы да сәтті шықты. Бірақ бірінші сеттегі қате­лік­теріме көңіл күйім түскеніне қарамастан, мен жеңіске жеттім. Маған Қазақстан ұнайды, бұл – менің төртінші саяхатым және қайта жол түсіп жатса, қуана қабыл аламын», деді Махач марапаттаудан кейін.

Forte Challenger 125 турнир де қазақ­стандықтар үшін аса сәтті бола қойған жоқ. Байрақты бәсекенің тұсаукесер кезде­суінде кортқа шыққан әлемнің 96-шы, осы жарыстың 3-ракеткасы Ми­хаил Кукушкин дүниежүзілік рейтингте 179-орында тұрған португалиялық Фреде­рико Феррейра Сильвамен кездесіп, отандасымыз қарсыласына екі сетте (3:6, 5:7) есе жіберді. Ол бір апта бұрын да елор­­дадағы осындай турнирде алғашқы айна­­лымнан аса алмаған болатын. Тағы бір қазақстандық теннисші Денис Евсеев жапониялық Татсума Итодан 4:6, 6:2, 3:6 есебімен ұтылды.

Жекелей сында қазақстандықтар ара­сын­дағы ең үздік нәтиже Тимофей Скатовқа тиесілі болды. Жарыстың 1/8 финалына дейін жеткен ол ширек финал үшін өткен бәсекеде турнир финалисі –  аустриялық Себас­тьян Офнерге 6:3. 6:7 нәтижесімен жол берді. Ал жұптық сында Александр Недо­весов пен серб Виктор Троицки жұбы жартылай финалда сүрінді. Олар аме­ри­калық жұп Натан Паша мен Макс Шнур­мен кездесіп, екі сетте (6:7 (5), 2:6) жеңіліп қалды.

Айта кетейік, халықаралық турнирдің жұптық сынында америкалық Натаниэль Лэммонс пен Джексон Уитроу жұбы же­ңімпаз атанды.