Президент • 05 Сәуір, 2021

Президент халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі туралы Жарлыққа қол қойды

275 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі туралы Жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Egemen.kz Ақордаға сілтеме жасап. Жарлықтың толық мәтіні төмендегідей.

Президент халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі туралы Жарлыққа қол қойды

Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі туралы

Қазақстан Республикасы Президентiнiң конституциялық өкiлеттiктерiн iске асыруды, мемлекеттiк билiк органдарының сыртқы саясат саласындағы қызметiнiң тиiмдiлiгiн арттыруды және Қазақстан Республикасы Президентiнiң халықаралық бастамаларын ілгерілетуді қамтамасыз ету мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:

1. Қоса берiлiп отырған:

1) Қазақстан Республикасы Президентiнiң халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі туралы ереже;

2) Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.

2. Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiленген тәртiппен осы Жарлықтан туындайтын шараларды қабылдасын.

3. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

 

Қазақстан Республикасының

     Президенті                                                                                  Қ.Тоқаев

 

 

Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2021 жылғы 5 сәуір

            № 545

 

Қазақстан Республикасы

Президентінің

2021 жылғы 5 сәуірдегі          

№ 545 Жарлығымен

БЕКІТІЛГЕН

 

 

Қазақстан Республикасы Президентінің

халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі туралы

ЕРЕЖЕ

 

Осы Ереже Қазақстан Республикасы Президентiнiң халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілінің мәртебесін, өкілеттіктерін және қызметін айқындайды.

 

1-тарау. Жалпы ережелер

 

1. Қазақстан Республикасы Президентiнiң халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі (бұдан әрі – Арнаулы өкіл) мемлекеттік саяси қызметшi болып табылады.

2. Арнаулы өкілді Қазақстан Республикасы Президентiнің Әкiмшiлiгi Басшысының ұсынуымен Қазақстан Республикасының Президентi қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

Арнаулы өкіл Қазақстан Республикасының Президентiне есеп бередi.

3. Арнаулы өкіл лауазымына орналасуға кандидатураларды Президенттің халықаралық қызметінің мәселелеріне жауапты Қазақстан Республикасы Президентiнің Әкiмшiлiгi Басшысының орынбасары (бұдан әрі – Президент Әкiмшiлiгi Басшысының орынбасары) Қазақстан Республикасы Президентiнің Әкiмшiлiгi Басшысының қарауына енгізеді.

4. Арнаулы өкіл өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiн және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін, халықаралық шарттарды және осы Ережені басшылыққа алады.

5. Арнаулы өкілдің белгіленген үлгідегі бланкiлерi болады.

2-тарау. Арнаулы өкілдің негізгі міндеттері мен функциялары

 

6. Арнаулы өкілдің негізгі міндеттері:

1) саяси, экономикалық, гуманитарлық және экологиялық салаларда халықаралық байланыстарды жолға қою;

2) Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының негізгі бағыттарын және Қазақстан Республикасы Президентiнің бастамаларын ілгерілетуді қамтамасыз ету болып табылады.

7. Арнаулы өкіл өз қызметін жүзеге асыру кезінде Қазақстан Республикасының Үкіметімен және басқа да мемлекеттік органдармен және ұйымдармен Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасайды.

8. Арнаулы өкіл заңнамада бекітілген тәртіппен мынадай функцияларды жүзеге асырады:

1) Қазақстан Республикасының Президентiне сыртқы саясат пен халықаралық ынтымақтастықты дамыту, Қазақстан Республикасы Президентiнiң халықаралық бастамаларын iске асыру жөнінде ұсыныстар енгізеді;

2) өзінің құзыреті шегінде шет елдердің саяси және қоғам қайраткерлерімен, іскер топтарының және халықаралық ұйымдардың өкілдерімен келіссөздерді ұйымдастырады және өткізеді, сауда-экономикалық, инвестициялық, технологиялық және басқа да салаларда басым жобаларды ілгерілетуге қатысады;

3) Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты тұжырымдамасының жобасын дайындауға және оны кейіннен іске асыруға қатысады;

4) Қазақстан Республикасының сыртқы саясаты бөлігінде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауының жобасын дайындауға қатысады;

5) әлемдік даму процестерін, сондай-ақ халықаралық қатынастардың өзекті проблемаларын мониторингтеуді, талдауды және болжауды жүзеге асырады және Қазақстан Республикасының Президентiне оның сыртқы саяси өкілеттіктерін іске асыру жөнінде ұсынымдар тұжырымдайды;

6) Президент Әкiмшiлiгiнің Басшысы орынбасарының үйлестіруімен Қазақстан Республикасы Президентiнiң шет елдердің мемлекеттік органдарымен және олардың лауазымды адамдарымен, шетелдік саяси және қоғам қайраткерлерімен, халықаралық және шетелдік ұйымдармен өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге жәрдемдеседі;

7) Қазақстан Республикасы Президентiнiң шет елдік сапарларының және шет мемлекеттер басшыларының Қазақстан Республикасына сапарларының, халықаралық ұйымдардың, қаржы институттары мен компаниялардың басшыларымен кездесулердің мазмұндық бөлігін дайындауға жәрдемдеседі;

8) шетелдік инвестицияларды, озық тәжірибе мен технологияларды тартуға, отандық өнімдердің әлемдік нарықтарға экспортын ілгерілетуге жәрдемдеседі;

9) Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының негізгі бағыттарын және Қазақстан Республикасы Президентiнің бастамаларын ілгерілету мақсатында халықаралық сарапшылардың пулын қалыптастырды және онымен өзара іс-қимыл жасайды;

10) Қазақстан Республикасы Президентiнің саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы реформаларын шет елдерде танымал етеді және түсіндіреді, қажет болған жағдайда Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы кеңесші және консультативтік органдардың жұмысына қатысады;

11) Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша сыртқы саясат пен халықаралық ынтымақтастықтың әртүрлі өзекті бағыттары бойынша арнаулы миссияларды жүзеге асырады;

12) Президент Әкiмшiлiгiнің Басшысы орынбасарының үйлестіруімен Қазақстан Республикасы Президентiнің заң шығару бастамасы тәртібімен Қазақстан Республикасының Парламентіне енгізу үшін сыртқы саясат саласындағы заң жобаларын дайындауға қатысады;

13) Қазақстан Республикасы Президентiнің тапсырмаларын орындайды.

 

3-тарау. Арнаулы өкілдің құқықтары

 

9. Негізгі міндеттерді іске асыру және өзінің функцияларын жүзеге асыру мақсатында арнаулы өкілдің заңнамада белгіленген тәртіппен:

1) мемлекеттiк органдардан және лауазымды адамдардан қажеттi ақпаратты, құжаттар мен өзге де материалдарды сұратуға және алуға;

2) мемлекеттiк, оның ішінде үкіметтік байланыс және коммуникация жүйелерін пайдалануға;

3) өз құзыретiндегі мәселелер бойынша мемлекеттiк органдармен, лауазымды адамдармен және ұйымдармен қызметтiк хат алмасуды жүргізуге;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, шетелдік әріптестермен, оның ішінде Қазақстан Республикасының екіжақты және көпжақты халықаралық шарттарын жасасу мәселесі бойынша келіссөздерге және/немесе консультацияларға қатысуға, қажет болған жағдайда делегацияны басқаруға;

5) Қазақстан Республикасының мүдделi орталық және жергілікті атқарушы органдары мен ұйымдары өкілдерінің қатысумен кеңестер өткізуге, сондай-ақ өзге де іс-шараларға қатысуға;

6) өз құзыреті шегінде қызметтік құжаттамаға қол қоюға;

7) Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасы бойынша шет елдердің өкілдеріне Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларын тапсыруға:

8) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар.

4-тарау. Арнаулы өкілдің қызметін ұйымдастыру және қамтамасыз ету

        

10. Арнаулы өкіл қойылған міндеттердің орындалуына жауапты болады, еңбектi ұйымдастыру мен тиiстi еңбек тәртiбiн қамтамасыз етедi.

11. Арнаулы өкілдің қызметін Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің 5 мемлекеттік әкімшілік қызметшіден тұратын секторы қамтамасыз етеді. 

12. Арнаулы өкілдің қызметін қамтамасыз ету мен қаржыландыруды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүзеге асырады.