Аймақтар • 05 Сәуір, 2021

Түркістанда халықаралық конференция өтті

261 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан қаласы – Еуразия Дүниежүзілік мұрасы қалалары қатарына ресми түрде биыл ақпанда қабылданған болатын. Осы орайда ұйымның X мерейтойлық конференциясын жуырда Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінде Түркістан қаласында өткізу ұсынылған.

Түркістанда халықаралық конференция өтті

Дүниежүзілік мұра қалалары ұйымының серіктестігі шеңберінде ұйымдастырылған конференцияға тарихи-мәдени құндылықтарды сақтауда озық тәжірибелі Иран, Ресей, Сербия, Түркия, Польша, Греция, Индонезия, Германия, Марокко, Албания, Қырғызстан, Өзбекстан және Қытай сынды әлемнің 23 елінен 50-ден астам қаланың өкілдері қатысты. Онлайн-конференция аясында ежелгі мұра мен мәдениетті сақтау, туризмді дамыту, қаланы дұрыс жоспарлау және абаттандыру, жаңа құрылыстар салу жағдайында оның тарихи тартымдылығын сақтау мәселелері талқыланды. Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов өз сөзінде биыл Түркістанның жасына қатысты сенсациялық жаңалық жария етілгенін атап өтті. «2020 жылы біз «Түркістан қалашығының стратиграфиясы» жобасын қолға алдық, оның аясында Ежелгі қаланың археологиялық кешендері қаралды. Қазба жұмыстары барысында Түркістан жерінде біздің дәуірімізге дейінгі XVI-XIV ғасырларға тән қоныстың пайда болуының дәлелдері табылды. Қаланың оңтүстік шетінде орналасқан Шербай қорымынан табылған қола дәуірінің кешені Түркістанның жасын үш мың жыл деп анықтады», деді Рашид Абатұлы. Сондай-ақ Түркістан қаласының әкімі туризмді дамыту, бірлескен туристік турларды құру, тікелей әуе қатынасын ұлғайту, жастарды тегін оқыту бойынша тәжірибе алмасу және гуманитарлық көмек сияқты дүниежүзілік мұра қалаларын ұйымдастыруға қатысушы елдер арасындағы ынтымақтастық салаларын кеңейту туралы бастама көтерді. Бұл бастаманы ұйымның барлық мүшелері қолдады.

д

Жиын соңында Еуразияның Дүниежүзілік мұра қалалары ұйымының X халықаралық конференциясының декларациясы қабылданды.