Білім • 05 Сәуір, 2021

Грант ұтып алу үшін талапкерлер ҰБТ-ны екі рет тапсыра алады

2685 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алғаш рет мемлекеттік білім грантын ұтып алуға ниеттенген үміткерлер Ұлттық бірыңғай тестілеуді екі мәрте тапсыра алады. Мәселен, егер талапкер сәуір айында тестілеуден өткен болса, оның ҰБТ-ны екінші рет бірнеше күннен кейін немесе мамыр не маусым айларында тапсыру мүмкіндігі болады. Тестілеуге бір күнде 2 рет қатысуға тыйым салынады. Бұл туралы Орталық коммункиациялар қызметінде өткен брифингте БҒМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев хабарлады, деп жазады Egemen.kz ОКҚ-ға сілтеме жасап.

Грант ұтып алу үшін талапкерлер ҰБТ-ны екі рет тапсыра алады

«Мемлекеттік білім беру грантын алу конкурсына қатысу үшін оқуға түсуші ең жақсы нәтижесі бар сертификатты ұсына алады. Бұл мүмкіндік үміткерлердің грант ұтып алу мүмкіндігін айтарлықтай арттыра түспек. ҰБТ-ны әдеттегідей 3 міндетті және 2 бейінді пән бойынша тапсырады. Қатысушыларға 120 тест тапсырмасы және 240 минут уақыт беріледі. ҰБТ нәтижесі бойынша талапкерлер ең жоғары 140 балл жинай алады»,  деді спикер.


Қатысушылар тапсырмаларды кез-келген пәннен бастай алады. Сондай-ақ тестілеу аяқталғанға дейін жауап берілген сұрақтарға қайта оралып, жауаптарды түзетуге болады. БҒМ мәліметінше, талапкерлерге ыңғайлы болу үшін ҰБТ барысында компьютер экранында калькулятор, Менделеев және тұздардың ерігіштігі кестелері ұсынылады. Тест нәтижелері бірден белгілі болады және жарты сағаттың ішінде апелляцияға беру мүмкіндігі бар.