Ел Президенті қазіргі қалыптасқан күрделі жағдай бүкіл қоғамды алаңдатып отырғанын, атқарушы органдардың жұмысына азаматтардың көңілі толмайтынын әр сөзін нығарлай жеткізді. Тіпті ахуал оңалмаса кадрлық шешімдер қабылдайтынын да жасырған жоқ. «Ауыр жол атанды сынайды, ауыр іс адамды сынайды» деген – осы. Әрине, ауыртпалық күллі әлем жұртшылығына түсіп отыр. Десе де, дүниенің дертті дидарын күні бұрын көріп, қам жасаған қайсыбір елдер локдауннан шығып, пандемияның зардабын жеңілдетуге қол жеткізгені рас. Мемлекет басшысы мысалға алған Израиль мен Біріккен Араб Әмірліктері, Қытай Халық Республикасы, Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур елдерінде пандемия алдымен шарпитын туризм, сауда-саттық, қызмет көрсету сияқты салалардың қайта жандануы Қазақстанға да коронавируспен күрестің даңғыл жолын көрсетіп бергендей. Бұл – халықты вакциналау.
Қазақстанда қисық істің қиығы қашып тұратынын көрсеткен былтырғы дәрі-дәрмек тапшылығы биыл вакциналау науқанында қайта көрініс таппаса екен дейсіз. Өйткені өткен аптадағы кеңесте Президент соңғы екі айда халықтың 0,1 пайызына жетпейтін бөлігіне ғана екпе егілгенін айтты. Ал қатерлі вирусқа қарсы ұжымдық иммунитет қалыптастыру үшін кем дегенде халықтың 60 пайызында екпе болуы тиіс. Бұл өте маңызды науқанның мемлекетте кешеуілдеп жатқанын ғана емес, алдағы уақытта вакцинамен қамтамасыз ету үшін шет мемлекеттермен экономикалық тұрғыдан тиімсіз шарттарға қол қоюға тура келетінін көрсетеді. Осы мәселелерді назарға салған Мемлекет басшысының қадау-қадау тапсырмалары Үкімет пен атқарушы биліктің қалғып кеткен санасын түртіп оятқандай болды.
– Мен барлық азаматтарымызды вакцина салдыруға шақырамын. Бұл өзіңізді, ата-аналарыңыз бен жақындарыңызды қорғау үшін қажет. Әрі-беріден соң, бұл – біздің азаматтық парызымыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың саулығына алаң көңілмен.
Осы пайымға қазық байлаған қазақстандықтардың вакцинаға егілуі соңғы күндерде қарқын ала бастағаны қуантады. Мәселен, елдегі ең ірі мегаполис саналатын Алматы қаласы коронавирусқа қарсы жаппай вакциналауға дайын екенін мәлімдеді. Аталған қалаға төрт траншпен 50 мың вакцина алынған. Екі күнде шаһарда 17 мыңнан астам тұрғынға вакцина салынды. Жалпы, алматылық медицина мекемелері тәулігіне 11 мың адамға дейін екпе жасауға қабілетті көрінеді. Ал елдегі ең үлкен өңірлер санатына жататын Ақтөбе облысында жаппай вакциналау 10 сәуірден соң басталуы мүмкін. Қазір аталған өңір ірі көлемдегі вакцинаның жеткізілуін күтіп отыр. Әзірге облысқа 6300 дана вакцина ғана әкелінген. Қалған өңірлер де соңғы күндері вакциналау қарқынын жеделдетуді қолға ала бастағанын байқауға болады.
Осы орайда әлеуметтік желі қолданушыларының да вакцина алу арқылы өзінің де, өзгенің де өмірін сақтап қалуға болатыны туралы жазбалары жиі жариялана бастағаны қоғамдық белсенділікке қозғау салатынын айта кеткен ләзім. Айталық, павлодарлық инфекционист-дәрігер Зарина Ескендірова «Мен не себепті вакцина салдырдым?» деген жазбасында былай дейді: «Біріншіден, жұқпалы аурумен ауыратын науқастармен байланыста боламын. Бұл – менің жұмысым, сондықтан қорғаныш киімі ауру жұқтырмайды деген кепілдік жоқ. Екіншіден, маусым айында өзім де ауырдым, енді екінші рет ауырғым келмейді. Ауырғаннан кейін тұрақты иммунитет қалыптаспауы мүмкін, ал вакцинадан кейін тұрақты иммунитет қалыптасады. Үшіншіден, ата-ана, туған-туыстарға ауру жұқтыратын вирус тасымалдаушысы болғым келмейді. Олармен де қарым-қатынаста болғандықтан, қауіпсіздігін ойлауым керек. Төртіншіден, Спутник V вакцинасына сенемін. Оның клиникалық сынақтан қалай өткені туралы танымал The Lancet журналына жарияланған. Оны әлемдегі 45 мемлекет қолданып жатыр, бұл – танымалдық жағынан AstraZeneca-дан кейінгі вакцина».
Ал Еуропалық құқық және адам құқықтары институтының директоры Марат Бәшімов: «Жексенбі күні болғанына қарамастан, тұрғындарға жаппай вакцина егу басталды. Қорқыныш сезіміне қарамастан мен де вакцина ектірдім. Вакцина жасатып жатқан жастар, кезекте тұрғандар көп. Дәрігерлер мен медбикелер, психологтер кім қорқып тұрғанын байқап қояды. Тамағымызды мұқият қарап, дене қызуы, қан қысымын өлшеп, денсаулыққа қатысты басқа да сұрақтар қойды. Аллергиямыз бар-жоғын сұрады. Екпе салғаннан кейін 30 минут отырасың және қандай күйде отырғаныңды қағазға түсіріп бересің. №9 емхана басшылығының екпе егу бойынша тәжірибесі бар. Олар жағдайды бақылауда ұстап отыр», деп жазса, мұғалім Алмас Күнғожин де өзіне COVID-19-ға қарсы екпе салғызғанын жеткізді. Ол өзінің Facebook парақшасына: «Бұл вакцинаны салдыруға көптеген күмәнданушылармен бірге қарсылардың бар екенін білемін. Алайда инфекцияны жұқтырудың жанама әсерлері мен салдарын салыстыра келе, ғылыми қауымдастық, Батыс және Шығыс елдерінің коронавируспен күрестегі тәжірибесіне сенім білдірдім. Қазіргі жағдайда бізге бұл індетті жеңуге тек жаппай вакциналау ғана мүмкіндік бере алады деп ойлаймын», деп жазды.
Ең бастысы, вакциналау мемлекеттің қолдауымен тегін және ерікті түрде жүргізіледі. Соңғы күндері де коронавирус белгілері бар пневмониядан адам өлімі тіркеліп жатқанын ескерсек, ендігі дені сау азаматтарға вакциналаудан басын алып қашудың жөні жоқ.