Жылудың «жыры»
Биылғы қыс батысқазақстандық қала халқы үшін қалыпты өтті. Жылыту мерзімі аяқталуына санаулы күн қалғандықтан, «өтті» деп отырмыз. Орал қаласында былтырғы 24 қыркүйекте, Ақсай қаласында 5 қазанда басталған жылыту маусымында облыс орталығындағы көп қабатты 1 196 үй, Ақсайдағы 113 үй тұрғындары ешқандай төтенше жағдайға ұрынбай шықты. Бұл тиісті сала мамандарының көзге көрінбейтін тынымсыз еңбегі нәтижесінде болғаны анық.
Мамандардың айтуынша, апатты жағдай болуы да әбден мүмкін еді. Өйткені Орал қаласының жалпы ұзындығы 225 шақырымдық жылу желісі, Ақсай қаласының 57 шақырым жылу желісінің көп бөлігі тозығы жеткен.
Қауіптің алдын алу үшін 2020 жылы әр түрлі қаржыландыру көздері есебінен 5 шақырымдық жылу желілері жөнделіп, қайта жаңғыртылған. Автономды қазандықтар, қосалқы электр стансалары мен трансформаторлары, сондай-ақ электр желілері жоспарлы жөндеуден өтіп, жылыту маусымы басталарда сақадай сай болған.
– Біз Орал қаласындағы «Жайықжылуқуат» және Ақсай қаласындағы «Ақсайжылуқуат» мекемелерінің жылу желілеріне жөндеу жұмысын уақытылы жүргіздік. Мәселен, республикалық бюджеттен берілген несие есебінен «Водстрой» автономды қазандығын қайта жаңарту аяқталды. Бұл қазандықты жаңғырту Зачаганск кентінде тұратын 60 мың халықты жылумен үздіксіз қамтуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ «Жайықжылуқуат» кәсіпорны 2015-2020 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама аясында өз қаражаты есебінен 5,2 шақырымдық жылу желілеріне күрделі жөндеу жүргізді. Бұл жобалар толық аяқталды, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшының орынбасары Бейімбет Мусин.
Әрине, жаңарту жұмыстары биыл да жалғасады. «Жайықжылуқуат» мекемесі 2021-2026 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама шеңберінде өз қаражаты есебінен 5,9 шақырымдық жылу желісіне күрделі жөндеу жүргізбек.
Кәріздің кәрі қатты
Оралдықтардың «кәріз апаты» десе, төбе шашы тік тұрады. Өйткені соңғы 2018-2020 жылдар аралығында ғана Орал қаласында кәріз желілері бірнеше рет жарылып, қаланың көп бөлігі сусыз қалды. Көп қабатты үйде тамшы сусыз һәм дәретханасыз қалудың азабы айтпаса да түсінікті. Әрине, бұл төтенше жағдайды жою үшін мемлекет тарапынан соңғы жылдары бірнеше жоба жасалып, қаражат бөлінді. Мәселен, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында қаланың солтүстік-батыс бөлігін қамтамасыз ететін канализация жүйесін қайта жаңарту жобасы бойынша 3,7 шақырымдық коллектор қайта жаңартылды. Бұл жоба Орал қаласының оңтүстік-батыс бөлігін тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
– «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында Ақсай қаласында 1,7 шақырым кәріз коллекторы қайта жаңғыртылды. Бәйтерек ауданы Щапово ауылындағы 1,2 шақырым кәріз коллекторына күрделі жөндеу жүргізілді. Осы аудандағы Көшім ауылының 2,2 шақырымдық кәріз желісіне, Достық ауылының 5,5 шақырымдық кәріз коллекторына күрделі жөндеу жасалды. Бұл жобалардың бәрі толық аяқталды, – дейді Бейімбет Мәлікұлы.
Жаңарту жұмысы жүйелі жүрмесе, апат азаймайтыны анық. Сондықтан мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде су бұру желілерін қайта жаңарту бойынша 2021 жылға бірнеше ауыспалы жобаны іске асыру жоспарланған. Соның бірі – Орал қаласының солтүстік-шығыс бөлігіндегі 5,4 шақырымдық су бұру желілерін қайта құрылымдау жоспары. Нысан құрылысы биыл басталып, 2022 жылға ауысады. «Бұл жоба аяқталғанда Орал қаласының солтүстік-шығыс бөлігінде тұрақты және жайлы тұру қамтамасыз етіледі», дейді Б.Мусин.
Сондай-ақ Орал қаласының айналма кәріздік коллекторын қайта жаңарту кешенінде биыл 200 метрлік су бұру желілері қайта салынбақ.
Саратов күре жолы бойындағы диаметрі 1 мың мм-лік қысымды кәріз коллекторын қайта жаңарту барысында биыл 2,8 шақырым желі қайта жаңғыртылады. Жалпы «Батыс су арнасы» мекемесі 2021-2026 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасы аясында биыл 1 шақырымға жуық желіні өз қаражаты есебінен күрделі жөндеуді жоспарлап отыр.
Келсе газ – халық мәз
Батыс Қазақстан облысы – тұрғындарын табиғи газбен барынша толық қамтыған аймақтың бірі. 2020 жылдың қорытындысы бойынша облыс халқын табиғи газбен қамтамасыз ету үлесі 98,6% болды.
Б.Мусиннің айтуынша, 2020 жылы облыста басталған құрылысты аяқтау және жаңа жобаларды іске асыру үшін 944 млн теңге бөлінген. Осы сомаға 164 шақырым газ құбыры салынып, 7,7 мың адам газбен қамтылған. Соның ішінде Теректі ауданының 10 елдімекені табиғи газбен қамтамасыз етілсе, Ақжайық ауданының 11 елдімекеніне ауылішілік желі жүргізілген. Ақжайық пен Қазталов ауданының 46 әлеуметтік нысаны табиғи газ құбырына қосылған.
Бүгінде Қазталов ауданының – 16, Бәйтерек ауданының – 8, Теректі мен Жаңақала аудандарының әрқайсысында – 4 елдімекенді газдандыру үшін 15 жобалық-сметалық құжат жасалып, әзір тұр. Яғни Қазталов ауданында тұратын 2 612 адамды газбен қамту үшін – 1 227 млн теңге, Бәйтерек ауданына – 445 млн теңге, Теректі ауданына – 370 млн, Жаңақала ауданына – 178 млн теңге қажет. Бұл жобаларды іске асыратын қаражат үшін республикалық және жергілікті бюджетке өтінімдер берілген.
– Биыл Қазталов ауданының Кішкенешал, Талдықұдық, Кішіталдықұдық және Бейістерек ауылдарын газбен жабдықтау желілерінің құрылысы үшін жергілікті бюджеттен 488 млн 623 мың теңге бөлінді. Осы жоба іске асқан кезде облыс халқын табиғи газбен қамтамасыз ету үлесі 98,7%-ды құрайды, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшының орынбасары.
Сұрауы бар су
Орал қаласының сумен қамтылу көрсеткіші мемлекеттік бағдарламалар аясында жасалған жобалар нәтижесінде былтыр 96,9%-ға жетті. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында 2020 жылы Орал қаласына қарасты Ветелки кентіндегі нысандарды сумен жабдықтау жобасы атқарылып, ауыл ішінде ұзындығы 24 шақырымдық су құбыры желісі салынды. Ал «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында Бәйтерек ауданы Новенькое ауылындағы 2,5 шақырым су құбыры күрделі жөндеуден өтті. «Батыс су арнасы» мекемесі инвестициялық бағдарламалар аясында 2015-2020 жылдар аралығында өз қаражаты есебінен ұзындығы 7 шақырым болатын сумен жабдықтау желілеріне күрделі жөндеу жүргізді.
Былтыр Орал қаласының тұрғындары шіліңгір шілдеде су тапшылығын көріп, біраз әбігерге түскен еді. Өңір басшылары биыл ондай жағдай қайталанбауы үшін бірқатар кешенді іс атқарды. Орал қаласы әкімі Абат Шыныбековтің айтуынша, облыс орталығының Зачаганск кенті тұрғындарын сумен қамтамасыз ететін Тасқала топтық су құбыры қайта жаңғыртуды қажет етіп отыр. Бұл жұмыстарға конкурс жарияланған. Мамыр айында мердігер компания анықталып, жыл соңына дейін жаңғырту жұмыстары аяқталмақ. Бұл жерде Жаңатаң-Зачаганск, Переметный-Жаңатаң аралығындағы су құбырларын жаңарту, екі су жинағышты жаңарту, қосымша 15 су ұңғымасын қазу жұмыстары жүргізіледі.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысы орынбасары «Батыс су арнасы» кәсіпорны инвестициялық бағдарлама аясында биыл өз қаражаты есебінен 11,9 шақырымдық су құбыры желілеріне күрделі жөндеу жүргізілетінін хабарлады. Сондай-ақ «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде Ақсай қаласының 10 шағынауданында резервтік магистральдық су құбырын салу құрылысы жүзеге аспақ. Бұл нысанның ұзындығы – 3,095 шақырым.
P.S. Үш өзеннің ортасында тұрса да Орал шаһары былтыр су тапшылығын көргенін айттық. Шынында да бізге тұтынушылық мәдениет, үнемшілдік дағды керек-ақ. Орал қаласының әкімдігі жүргізген тексеріс нәтижесінде шаһарда көлік жуумен айналысатын 70 орынның үшеуі ғана көлік жуған суды тазартып, қайта пайдаланатынын анықтапты. 27 сауна, 84 тамақтану және 37 өндіріс орнының ауыз суды тиімді пайдалануы тексеріліп, 76 заңсыздық мәлім болған. 50 мекеме суды есептегіш құралсыз пайдаланған. Осындай тәртіп бұзған 39 заңды тұлғаға – 22,7 млн теңге, 97 жеке тұлғаға 25,5 млн теңге айыппұл салынған.
Батыс Қазақстан облысы