Қоғам • 06 Сәуір, 2021

Жан шуағын сезінгенге жетер ме?

279 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жалпақ жұрттың иығына түскен жүк адамдарды бір-біріне жақындата түседі екен. Қысылтаяңда қарақан басының қамын ойламай, ел мүддесін көздеу, жалғызілікті жандарға жанашырлық көрсету халқымыздың қанына ежелден сіңген қастерлі қасиет.

Жан шуағын сезінгенге жетер ме?

Белсеніп шығып, бірліктің бере­кесін келтіріп, жақсы істерге ұйытқы болып жүрген жаны жай­саң жандарды көргенде қай көкіректе болсын үміт отының маз­дай лаулайтыны бар. Қай за­манда болсын, ел болған соң көмекке зәру адамдардың да кездесері ақиқат. Ал ең сүйі­ніштісі атымтай жомарттар одан да көп екен. Жалпақ әлемді тіті­ренткен жаман тұмаудың зұлмат хабары ел шетіне жеткенде ауданда еріктілер тобы шоқтай ек­шеліп, алдарына асқаралы міндет қойып, бірігіп, бірлесе түс­кен. Осы бір әдемі әрекет кей­бір кеудедегі мұздаған жүректі жібітті, қолдан сусып шығып бара жат­қан тіршіліктің түйіндерін бекемдеді.

Осыдан бір жарым жыл бұрын құрылған, ел ішіндегі еріктілерді топтастырған «Қайырымды істер» клубының жетекшісі Нурсаит Машанло еді. Жерлестерінің ай­туына қарағанда, Нурсаит бо­йындағы бар күш-қуатын, ерік-жігерін осы бір іске жұмсаған. Ұйым­дастыру қабілетінің мол­дығына орай, жанындағы жұртқа ізгілік шарапатын төге алатын адам­дарды шоқтай екшеп алған. Жақсылық жайылмай, үлгі болмай, өнегесі өрістемей тұра ала ма? Еріктілердің елге тигізіп жат­қан көмегінен құлақтанған, көздерімен көрген жерлестері де қол қусырып қарап тұра алмай, ортақ іске белсене жұмылған. Осылайша, шағын ғана ауданда қамқорлық жасаудан ләззат алатын, мұқтаж жандарды демеп, тілеу бола алғанын тіршілігінің мәні деп санайтын 200-ге жуық адам клуб мүшелері қатарына енді.

Еріктілер ауданда бірнеше мәр­те акция өткізді. «Ардагерлерді ар­дақтайық», «Қолдан қолға», «Игі іс» тәрізді бастамалар аясын­да мұқ­таж жандарға дәрі-дәр­мек­тер жет­кізіліп, дерттен қалай қор­ғану керектігі түсіндірілді. Қа­йы­­­рымдылықтан қариялар ғана емес, балалар да құр алақан қалған жоқ. Аудандағы білім ошақтары оқу­­­шыларының осы бір қиын кез­де лайықты білім алуына қол­ға­быс­тарын тигізді. Биылғы қыс бойы жал­ғызілікті жандардың тізімі жа­салып, қатал қыстан қысылмай шығуларына септіктерін тигізді. Уа­­қтылы отын-шөптерін үйіп, қо­ра­дағы малына қарайласып, аулаларын тазалап беруді өз міндеттеріне алды. Наурыз мерекесінде белсенді топ мүшелері жергілікті атқарушы орган өкілдерімен бірлесе отырып, аудан жұртшылығын құттықтап, ақ түйенің қарны жарылған күні тамаша тарту жасады. Дәмі тіл үйіретін палау басып, бауырсақ пісіріп, халыққа ауыз тигізді.

– Ең бастысы, ел ішінің ын­тымағы, – дейді клуб жетекшісі Нурсаит Машанло, – егер біз азық-түлік себеттерін жеткізіп, қо­лымыздан келгенінше қажетті бұйымдарын тауып беріп жатсақ, ел күнін көре алмай отыр деген сөз емес. Қазір аудан тұрғындары бақуатты, біз тек осы бір аз ғана кө­ме­гіміз арқылы бірлігімізді, ын­тымағымызды бекемдей түскі­міз келеді.

Еріктілердің еселі ісін көрген жерлестері де олардың ықылас-ниетіне дән разы. Жарық дүниеде жаныңдағы ізгі адамның жан шуағын сезініп жүргенге жетер не бар?!

 

Ақмола облысы,

Шортанды ауданы