Аймақтар • 06 Сәуір, 2021

Сандықтау саңлақтары

490 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Адамдардың ауызбірлігі, бір-біріне деген ізгілік шарапаты жаман тұмау жайлаған уақытта тіпті нығая түсті. Жанды қамқорлық қолтықтарынан демеп, тұмшалаған қауіптен аман-есен шығатындықтарына, еш уақытта қиындықпен жалғыз алыспайтындарына сенгеннен соң үміт оты да лаулай берді.

Сандықтау саңлақтары

Ел ішінде ғибраты мен өнегесі мол, пайдасы да аз емес еріктілер қоз­ғалысы жанданған 2020 жылы Сан­дықтау ауданында да ізгі ниетті адам­дар шоқтай екшеліп, қолдан ке­ле­тін бар мүмкіндіктерімен жер­лес­терінің қажетіне жарап-ақ қалды. Жақсылықтың бастау бұ­ла­ғы 14 ауылдық округте бірден ұйым­дастырылған «Қайырымды іс­тер» марафоны шеңберінде арна ашып еді.

Былтыр жақсылық жауған жыл болды. Аудандағы жастар ісі ұйы­мы­ мамандарының жетекшілік етуі­мен әр елді мекенде ет жақын ағайын­ы ғана емес, ауылдасына қол ұшын беруге дайын тұратын бірлесе топтасқан, бір мақсат, бір мүдденің төңірегінде күш-қуа­тын біріктірген жалынды жас­тар шоғыры пайда болды. Ізгі ниет­ті жас толқын алдымен тыл еңбеккерлеріне, қолы қысқа қария­ларға, әлеуметтік жағынан аз қам­та­масыз етілгендерге, мүм­кін­дігі шектеулі адамдарға көмек­тес­ті. Демеушілердің дем беруімен әзір­­ленген азық-түлік себеттерін, жаман тұмаудан қорғанатын ме­ди­ци­налық сақтандыру құралдарын, дәрі-дәрмектер жеткізіп берді.

Жақсылықтың жалауы тік­тел­ген, барша жұртты адам­гер­шілік шуағы себезгілейтін қайы­рым­дылық өзегіне топтастырған алуан түрлі акциялар, форумдар, экологиялық сенбіліктер өткізіле бастады. Ауданның еріктілері ең алдымен жаман тұмаудың зардаптарымен күресуге жұмылдырылды. Беймәлім дерттің алдын алуға бағыт­талған, сақтандыру шаралары жазылған үнпарақтар таратты. Үйлерінен қарға адым жер ұзап шыға алмайтын, емханада созылмалы сырқаттарына байланысты тіркелген қариялардың дәрі-дәрмегін апарып берді. Ешкім назардан тыс қалмауы үшін аудан аумағын қамтып, бірнеше мәрте рейдтер жүргізді. Жан жадыратар парасат пен асқақ адамгершілікке көмкерілген 800 шара өткізілген екен. Алақандай аудан үшін аз дү­ние емес. Өткен жылдың өнегелі істері түйінделген форум барысында жастардың атқарған жан жа­­дыратар шаруасы екшеліп, өзге­­лер­ге өнеге болып өріліп, үлгі бо­лып айшықталып, алдағы жылы ат­қа­рылуға тиісті ауқымды жоспар бе­кі­тіліпті.

– Ел жастарының осы бір тірші­лігі қашанда көңіл демдейді, – деді аудан ақсақалы Марат Ыдырысов, – атам қазақ «аштықта жеген құй­қа­ның дәмі аузыңнан кетпейді» дейді емес пе? Әрине, ашығып жат­қан ешкім жоқ, тек бірлік мағы­насынан айтып жатқаным ғой. Осындай өнегелі жастар, кісіге көмек беруге дайын тұратын ізба­сар­­лары бар елдің іргесі ешқашан сө­гіл­мейді.

Еріктілерді де елеп отырған дұ­рыс. Қиын сәтте қол ұшын бер­ген жастардың еңбегі еске­ріл­мей қалған жоқ. Аудан әкімдігі жақсылық жасаудан жарысып, айрықша көзге түскен жастарды, белсенді ұжымдарды мақтау қағаз­да­рымен марапаттаған. Ұла­ғатты істерге ұмтылып отырғандарын өзге­ге өнеге етіп көрсеткен. Бұл ор­айда Сандықтау және Лесной ауыл­дық округтері бірінші орын­ға ие болса, Максимовка, Камен­ка ауылдық округтері екінші орын­ды еншілепті. Ауызбірлігі мық­ты Жамбыл, Бірлік ауылдық округ­терінің еріктілері үшінші орында. Ал Новоникольск ауыл­дық округінің жастары жыл ішінде атқар­ған жан-жақты жұмыстары үшін бас бәйгеге лайық деп та­нылған.

– Ел жағдайын ұдайы қадағалап отыр­сақ та, осындай уақытта ерік­тілердің белсеніп шығып, кө­мек көрсеткендігі өте жарасымды, – дейді аудан әкімі Ербол Жүсіп­бе­ков. – Жастардың бойында елжанды жақсы қасиеттің мол екендігін көр­генде, елдің ертеңге деген сені­мі де нығая түсетіні бар.

Қазіргі күні тепсе темір үзетін жас­тар қол қусырып қарап отырған жоқ. Көктемнің ең қауіпті мәселесі – қар­ғын су. Ауыл жастары ел ішін­дегі жалғызілікті жандардың аулаларын, елді мекеннің жолдарын қардан тазалауда. Топырақ сәл жіпсігеннен кейін қызыл су жүретін арық қазбақ. Өткен жылдары қызыл су ауданның бірнеше елді мекенін басып қалған бо­латын. Сол бір ащы сабақты жақ­сы білетін ел жастары қазір көк­темгі сынақтан бірлесіп өтуге жұ­мыл­ды­рылуда.

Ал адамға жақсылық жасауды парызым деп санайтын, бірақ сол бір ізгі шаруасын жарнамалап көп айта бермейтін жастар биыл алғашқы тоқсанда-ақ жүзге жуық қайырымдылық шарасын өткізіп үлгерді. Оның ішінде жаңа жылдың алғашқы күндері серпін алған «30 қайырымдылық іс» акциясы бо­йын­ша елдестерінің көкейінде жүр­­ген күрделі мәселенің шешімін та­буға ұмтылған. Көмекке зәру қарт адамдардың қолқанатына ай­на­лып, алғыс арқалаған. Ел ішінде шаруа таусылған ба, бірін тың­ғы­лықты аяқтаса, екін­шісі са­бақ­тасады. Бірақ ет жүрек­те­рі елім деп соққан жастар қарбаласқан тір­шіліктің тінін бекітуге жарап-ақ тұр.

 

Ақмола облысы,

Сандықтау ауданы