- Өңірімізде коронавирус індетінің таралуы күннен күнге ушығып барады. Халықтың санына шақсақ, біздің облыс еліміз бойынша бірінші орынға шығып кетті, - деген болатын Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев дүйсенбі күні өткен штаб мәжілісінде. Әкімнің айтуынша, облыс орталығындағы стационарлық орталықтардың жоспарлы орындары 90%-ға толған. Сондықтан тез арада күшейтілген шектеу шараларын қабылдамаса, өткен жаздағы ахуал қайталануы мүмкін.
Бүгінге дейін облыс тұрғындарынан 15677 адам індет жұқтырса, оның 12547-сі жазылып шыққан. Алайда 247 адамның ажалы осы вирустан келіпті. Әсіресе наурыз айында қайтыс болғандар саны ақпан айынан екі есеге жуық көп.
Осындай қауіпті жағдайға қарамастан көпшілік шаралар – той-томалақ өткізушілер азаймай отырғанын айтқан бас санитар дәрігер Мұхамғали Арыспаев мұндай тойды ұйымдастырушыларға ғана емес, қатысушыларға да айыппұл салуды ұсынған болатын. Қазірдің өзінде карантин талабын бұзып, тойға барған 80-дей адамның әрқайсысы 83 мың теңге айыппұлға тартылғаны хабарланды.
Сәуірдің 6-сы күні шыққан жаңа қаулыда облыстың бас санитар дәрігері түн мезгілінде халықтың көшеге шығуына тиым салды. Яғни түнгі 00.00.-06.00. аралығында құқық қызметкерлері, жедел жәрдем, құтқарушылар секілді арнайы қызмет өкілдері ғана шектеусіз жүре алады. Осы кезеңде дәрігерге, дәріханаға баратын немесе түнгі ауысымда істейтін тұрғындар «109» телефоны бойынша өтінім қалдыруы немесе http/www.STOPCOVID.KZ. сайтына тіркелуі тиіс.
Контингенті 300 оқушыға дейінгі ауыл мектептерінде сыныптағы бала санын 15 адамнан асырмай дәстүрлі форматта оқытуға болады.
Сауда үйлері мен орталықтары жұмыс күндері сағат 10.00-ден 21.00-ге дейін, сенбі күні сағат 10.00-ден 17.00-ге дейін қызмет көрсетіп, жексенбіде жабылады. Бұл шектеулер 9 сәуірде күшіне енбек.