Жыр уызымен ауызданып, өлеңмен өмір сүріп, жоқтау айтып, жырмен қоштасатын қырғыз, қазақ еліндей өзегіне өлең біткен халық бұл әлемде некен-саяқ. Жырмен бата беріп, өлеңмен емдеп немесе әнмен ұшықтап, тұрмыс-салт, ғұрыптық ән-жыр тудырған бабалардың аманаты терме, санат, жоқтау, өсиет, ант жырларынан бастап эпикалық дастандарға дейінгі барлық асыл мұраларымыз рухани қазынамыз болып отыр.
Айтыс өнерінің алғаш қай жерде, қашан, қалай пайда болғаны белгісіз. Бәлкім, дүниеде тұңғыш рет қырғыз бен қазаққа біткен болар. Енесайдың бойында қас дұшпанды талқандап, тәуелсіздік туын желбіреткенде, арғымақ ауыздығымен алысқан аламан бәйгеде тұлпары топ жарып, алапасы асып, кемеліне келіп тұрғанда немесе керісінше азаттығынан айырылып, бас қаңғырып, бармақ шайнап, қыраны қанатымен жер сабалап, «әттең дүние-ай» деп зарлаған шығар. Себебі бабамыз төбесі көкке жете сүйініп қуанғанда, я басына бұлт үйіріліп, түндігінен түн көрінгенде шындығын айтады емес пе. Қалай болғанда да айтысты өнердің басқа түрлерінен ерекшелеп тұратын жеті өзгешелігін атап өтейік.
Рухани жекпе-жек
Төкпе айтыс – ең әуелі, шығармашылық жекпе-жек, орысшалап айтқанда – «дуэль». Әдетте, жекпе-жекке екі адам шығады. Өзгелері қарап отырады. Мұнда әрдайым қоян-қолтық ұрыс салуға тура келеді. «Мерт боласың» немесе «мерт етесің». Жекпе-жекте тепе-тең түсу сирек кездеседі. Сөзден бір жаңылсаңыз, сөз жебесі жүрегіңізді түйреп өтеді. Яғни айтыс дегеніміз сөздің, ойдың, тілдің, үннің, тіпті әуеннің жекпе-жегі. Тілден жазсаң, сөзден тосылсаң, бітті – жеңілдің. Сөз жарақаты қылыштан жаман. Қалпы айтып, қарсыласыңнан сауға сұрай бастасаң, халық теріс айналады. Қашып құтылуға да болмайды. Қазының қолын майласаң да, қорған болмайды. Мұнда жең ұшынан жалғасар сыбайластық жоқ. Әділетті, адал ойын. Таза бәсекелестік. Жекпе-жек алаңына өз өнеріне сенген ғана шығады. Демек, айтыс ақыны атанып, ел алдына шығу үшін ержүректілік керек-ақ. Жеңижок, Арстанбек, Калмырза, Тоқтағұл секілді айтыс ақтангерлері осындай ержүрек өнердің иесі болған.
Мұра
Жыраулық-жыршылық, айтыс өнері – біздің ата-бабаларымыздан қалған ұлы мұрамыз. Жас буын аға ұрпақты алғаусыз еске алып, алқалап отырады. Демек, бұл рухани сабақтастық, шежіре, тарих. Атадан қалған насихат өнер. Мұны жалғастыру – ең әуелі ата-бабалардың өсиетін орындау. Ұстазсыз шәкірт өспейді. Мәселен, жыраулық Балықтан Найманбайға, Тоқтағұлдан Қалық пен Алымқұлға, Қалықтан Осмонқұлға, Осмонқұлдан Ашыраалыға, Алымқұлдан Естебеске, Корголдан Туғанбайға, Ақтанға, олардан бүгінгі ұрпаққа аманат болып қалған ұлы мұра. Өткен мен кеткеннен өнеге алу – ұстаз-шәкірт жолы. Сондықтан болса керек, бірі көз жұмғанда өзгесі оны жырға қосып, жоқтау айтып ұзатады. Мысалы, Алыкул Үсөнбаев қазасына шығарған Ысмайыл Боранчиевтің жыры – мұның үздік үлгісі. Әсілінде Арстанбек пен Чоңдуның, Калмырза мен Барпының, Арстанбек пен Сүйінбайдың, Жеңижок пен Корголдың, Коргол мен Токтогулдың, Нурмолдо мен Токтогулдың, Эсенаман мен Жеңижоктың, Эшмамбет пен Калмырзаның, Токтогул менен Алымкулдың, Токтогул, Эшмамбет, Коргол, Бекназар, Кулукенің, Осмонкул мен Алымкулдың, кеңес заманында өмір сүріп, өнер тудырған Ашыралы, Токтосун, Эстебес, Тууганбай, Замирбектің, кейінгі Элмирбектің, бүгінгі Абдылда, Рахматулла, Амантай, Аалы, Жеңишбек, Азамат, Асылбектің жырлары да осы өнердің классикалық үлгілері десек те болады.
Олар бірін-бірі алқалай жырлаған.
Калмырза Барпыны:
Көзін алып, сөз берген,
Көкірекке көз берген, – десе
Барпы Калмырзаны:
Кара жаакты Калмырза,
Қайқы тілі дәл мырза, – деп мақтайды.
Ал енді қазақ ақыны Жамбыл Сүйінбайды былайша ардақ тұта жырлайды:
Менің пірім – Сүйінбай,
Сөз сөйлемен сыйынбай!
Сырлы, сұлу сөздері,
Маған тартқан сыйындай!
Ысмайылдың жоқтауы да классикалық нұсқа:
Карамолда өлгенде,
Қайысып тұрдық көмгенде,
Қомузшы атай өлгенде,
Қорлығың өтті-ау сұм ажал,
Қол бармай тұрды көмгенге.
Театр
Мен кейде бір нәрсеге таңғаламын. Несиесін төлей алмай, мектепке барар баласына бүтін киім алып бере алмай жүрген кейбір қырғыз отбасылары жыршылар айтысын көргенде бір жырғап қалады. Қайғысын ұмытып, қамсыз күй кешеді. Екі айтыскердің аузын бағып, есі шыға қуанып, өзін театрда отырғандай сезінеді. Біреуі ұтымды сөз айтса, Месси немесе Роналду гол соққандай қол шапалақтап, шаттанады. Егер Аалы, Амантай, Азамат, Асылбек немесе Жеңишбектің алапасы асса, әлем чемпионатында бірінші орын алғандай залды басына көтеріп, уласып-шуласып қалады. Қуанышында шек болмайды. Демек, осындай бір ғажап сезім тудыра алатын қасиетті өнері бар халық бақытты. Суырыпсалған сұлу сөз саптауларын, ұтымды ойларына тамсанып, жаттап алып, екі-үш күн бойы әңгіме етіп жүреді. Айтыскерлер әуелі ата жолымен амандасып, бір-бірімен сөз қағыстырып, қайымдасып, сұрақ-жауаптасып, әзілдесіп-қалжыңдасып, елді қыран-топан күлкіге қарық қылып, өнер жарыстырады. Содан кейін барып, қоштасады. Қарап отырсаңыз, бұл көп актілі пьеса секілді. Демек, ілгері заманда театр, цирк, филармония болмаған кезде, қос ақын жайылған кілемдей жасыл шөптің үстіне жайғасса да, соның өзі ғажайып бір театр болғанға ұқсайды. Әсіресе, тәлім-тәрбиелік мәні бар жырларда тез ойланып, тура жауап тауып, қайыра сұрақ қою керек. Әбу Әли Ибн Сина ғұлама «жыр мен күйдің дәрулік қасиеті бар» дегеніндей, айтыс өнері де көрерменін арбап алады. Көңілін сергітеді, көкірек көзін ашады.
Еркіндік жыры
Бостан бұлбұл, азат қыран ғана әуеде еркін қалықтай алады. Тек билікті ғана жалаң мақтап, жадағай сөз айтқан ақындар ел алғысына бөлене алған жоқ (Кеңестік кезеңді есепке алмағанда). Олар көбіне біржақты ғана болды. Өткен жылы Аалы Туткучевтің бұрынғы мемлекет басшысының кезінде шындықты айтып жырлағаны қаһармандық ретінде көрінді. Мұндай нәрсенің өзге елдерде болуын елестете де алмайсыз. Елдің мұңын мұңдамаған жырау ел есінде қалған емес. Біздің елімізде сот жүйесі бірнеше рет оппозицияда жүрген саясаткерлерді әділетсіз айыптап, әділет жолынан тайған кездер болды. Оны ақтау үшін ел ішінде жүрген екі ауыз өлеңнің өзі өте маңызды. Демек, бүгін халық соттың әділдігіне қарағанда айтыс ақындарының ақиқат сөзіне көбірек иланады. Неміс кемеңгері И.Гете ілгеріде «саясат поэзияның пәні емес» деген екен. Жоқ, айтыс ақындары оған иілмеді. Саясаттың ішінде жүрген адам ретінде айтарым, Президент, Премьер-Министр, министр, депутаттар, бүкіл атқа мінерлер айтыс ақындарынан аяқ тартысады. Сондықтан сөз құдіреті, әсіресе айтыс ақындарының айтарлары аса қуатты болады. Олар бұрнағы заманда да төбе басына шығарлардың мінез-құлық, жүріс-тұрыс ережелерінің айнасындай болды. Жыраулар әдетте жалпы ұлттық мәселелерді, ұлт қуанышын, мүддесін, тарихын, ертеңгі күнін жырлайды. Олардың сөзі қанша әділетті болса, ел арасында сонша салмағы да болады. Заманында Солтобай жыршы Шабдан батырды қанша жерден қорлап, жырына қосса да, батыр оның өнерін құрметтеп, сөз қадірін біліп, кейін бағалы сыйлығын да тарту етті. Демек, жыршы-жыраулық – жалпы ұлттық өнер. Жырау – ұлт байлығы. Ол – елдің адамы. Айтыс, жыраулық – елдің еншісі. Оларды сыйлау – жалпы әрбір қазақ, қырғыздың парызы. Кезінде айтыс ақындары мен жыршылар ел қыдырып, ауылға түссе, әр ауыл малын сойып, ардақтап күтіп алып, ат мінгізіп, шапан жауып, қастерлеп шығарып салған.
Поэзия
Айтыс – ең әуелі поэзия. Тармағы, сөздері, ойлары, ұйқасы мен образы болуы керек. Демек, ақын суреткер. Поэзияда екі жол өлең жазу үшін кейде екі сағат, кейде екі күн ойлануға тура келеді. Ал енді айтыста дем арасында ұйқастырып, сөз айту абзал. Қарсыластың не айтары, қандай сұрақ қойып, қалай жауап берері тағы да жұмбақ. Спортта сіз боксшының соққысын қайда жасарын білмейсіз. Айтыста да солай. Мұнда соққы орнына сөз шығады. Дөп тисе, топалаң асырады. Демек, шұғыл ойлап, шапшаң жауап беріп, ептілік көрсету қажет. Ол ойы жетік, сезімі сергек, сөзі шешен шебер ақынның ғана қолынан келеді. Айтыстың да сан алуан түрі бар. Тәлімдік, жұмбақ, санат, шешен және әзіл айтыстар. Қазіргі күні «креатив» және «стартап» деген ұғымдар сәнге айналып тұр. Ілгері заманда тосын, шамдағай, күтпеген ойды айтқан да, әлбетте, ақындар болған. Ел-жұрт оларды алқатып «ақ таңдай», «жез таңдай», «бұлбұл», «дүлдүл», «қара жақ», «суырыпсалма» деп бағалаған. Барпы ақынның өлең жолдарына назар салайық:
Жыршы болсаң, төкпе бол,
Ақ жауындай себелеп,
Сөзді сөзге қалай біл,
Қас зергердей текшелеп.
Ал Арстанбектің пайымынша, өлеңнің бір жолы бір адамның өміріне тең болмақ:
Мына жалған дүниеде,
Өлмей тірі кім қалар,
Айрық-айрық жол қалар,
Айырылмаған бөз қалар,
Айтылмаған сөз қалар,
Аң қараңғы түн қалар,
Қасиетті көл қалар,
Биік-белең жер қалар,
О дүниеге кеткенде,
Сөзімді менің кім алар,
Қомузымды кім шалар,
Көңілімді кім табар?
Музыкалық өнер
Айтыс өнерінде ақынның сыртқы келбеті, киім киісі, үні, қомузбен сүйемелдеуі өте маңызды. Кейде созып, кейде нөсердей төгіп, енді бірде бұлттай жайылып, қос ішекте қол ойнатып, жырласады. Мәселен, маған Ы.Борончиев, З.Үсенбаев, Э.Иманалиев, А.Болгонбаев, қазақ қызы А.Тұрсынбаеваның мақамы ерекше ұнайды. Айтыста қазақ халқының да ерекше мақамдары бар. Коргол, Жеңижок, Кара жаак Калмырза, Барпы ақындар сөзбен алса, Ы.Борончиев, А.Үсөнбаевтар мақаммен алатын болған. «Автоматтай» сөз боратқан Жеңишбектің, қомузын доғара тұрып, жауындай сөз төккен Аалының және қамшы салдырмас, қалпынан жазбас Азаматтың өзіне тән ырғағы бар. Белгілі тарихшы-этнограф С.М.Абрамзон: «Қырғыз ақыны тек әнші ғана емес, ол бәрінен бұрын музыкант және сазгер», деген. Демек, айтыс бұл музыкалық та өнер. Әдетте қомуз немесе домбыра қоштап, одан әрі сән беріп тұрады. Жақында бір футуролог «ХХІ ғасырда тек үш сала ғана өмір сүре алады: шоу мәдениеті, коммерциялық өнер және IT технологиясына тез бейімделетін өнер» деп жазыпты. Дүниеде қырғыз бен қазақ елі барда, айтыс та өлмейді, өшпейді, өркендей береді деп сенемін.
Қазақ-қырғызға ортақ өнер
Айтыс қазақ пен қырғыздың ұлы жыршы-жырауларынан қалған ортақ өнер. Мұны бізге Арстанбек, Шөже, Чоңду, Сүйінбай, Эсенаман, Каңтарбай, Калмырза, Жеңижок, Нурмолдо, Жамбыл, Токтогул, Эшмамбет, Калык, Барпы, Құлманбет, Майкөт ақындар аманат етті.
Нидерланд пен Германия да тегі, тамыры бір ел. Алайда егер футболда бірі ұтылып қалса, ойын соңында жанкүйерлері жағаласа кетеді. Ал енді айтыста қазақ-қырғыз кім жеңсе, соған сүйініп, Шорабек Айдаров, Баянғали Әлімжанов, Балғынбек Имаш, Дәулеткерей Кәпұлы, Мұхтар Ниязов, Айбек Қалиев, Айнұр Тұрсынбаева, Жандарбек Бұлғақов, Бөрібай Оразымбетов, Серік Қалиев, Рүстем Қайыртай жырына қалай қуанса, Абдылда, Рахматулла, Замирбек, Элмирбек, Аалы, Азамат, Амантай, Асылбек, Жеңишбек, Акмат, Шекербек, Идрис, Сапар, Баян, Кубат, Болот, Жылдызбекке де сонша масаттанып, жеңген ақынның алапасын асырысады. Майра Керімнің өзі де бір феномен. Қазақ пен қырғыздың осындай рухының биіктігі, жанының кеңдігіне таңғалам әрі сүйсінемін. Айтыс қазақ пен қырғыз тілінің бай әрі ырғақты, поэтикалық тіл екенін айшықтаған өнер. Мен Байронды тудырған ағылшын, Гете, Гейнені өмірге алып келген неміс, Пушкин мен Лермонтовты адамзатқа сыйлаған орыс елінің жырмен айтысып жатқанын елестете де алмаймын. Жаратушы иеміз бұл өнерді қазақ пен қырғызға ғана лайық көрсе керек. Қазақ ақыны Қаңтарбай мен қырғыз ақыны Арстанбектің айтысы Қарқарада өткен. Сонда Арстанбек:
Қандай күнге жолықтың,
Қазақтан шыққан Қаңтарбай,
Көне қандай, халық қандай,
Сана қандай, салт қандай,
Қалың қандай, хал қандай,
Дінің қандай, діл қандай, – деп жырлай жөнелгенде, Қаңтарбай «Мен жауап бермей жеңілдім. Иығында екі періштесі отыр, солардың айт дегенін айтты бұл» деген екен. Қараңызшы, қандай сыйластық, қандай құрмет! Сүйінбай мен Арстанбектің айтысы 1850 жылы Ыстықкөл жағасында өтіп, дүйім жұртқа аңыз болған. Ал қазақ ақыны Есенқұл Жақыпбековтің Ашыраалы Айталиевке айтқан жауабы әлі есімізде:
Жетпіске жеткен кезде уағыңыз,
Сіз менен кемпір тап деп сұрадыңыз,
Жырғаған кемпір сізге тиер ме екен,
Жиырылып жатқан шақта жыланыңыз...
Елдің риза болып ұзақ қол соққаны әлі жадымызда тұр.
* * *
Тәуелсіздік алғаннан кейін қырғыз елінде осы өнерді жаңа деңгейге көтерген досым Садык Шер-Ниязға мың мәртебе алғыс айтамын. Садык Шер-Нияз «Айтыш» қауымдастығы арқылы төкпе айтысты, киноны дамытуда нар ғана көтерер іс қылды. Биыл «Айтыш» қауымдастығына 20 жыл толып отыр. Осы уақытта соның негізін қалған Садык Шер-Нияз бен оның мүдделестері таудай қызмет еткеніне тау бауырындағы ел куә. «Қырғыз кереметін» жасаған қырғыз фильмдері тағы да әлемдік кинофестивальдерде жүлделі орындарға ие болуда. Жыл сайын Қырғызстанда және Лос-Анджелесте өзі ұйымдастырған кинофестиваль биік деңгейде өтіп жатыр. Айтпақшы айтыс өнерін ЮНЕСКО-ға «шедевр» ретінде танытқандардың бірі осы Садык Шер-Нияз еді.
Қаныбек ИМАНАЛИЕВ,
Қырғыз Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты