Аймақтар • 07 Сәуір, 2021

Ерікті болу – ердің ісі

651 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шарапатқа шөлдеген адамға демеу болу, қамқорлық көрсету кез келген адамның қолынан келуі әбден мүмкін. Ең бастысы, көкіректе ақ пейіл, жан дүниеңде жанашырлық сезім болса болғаны.

Ерікті болу – ердің ісі

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

Ерейментау ауданында халқымыздың сан ғасыр бойы сабақтасып келе жат­қан әдемі салт-дәстүрінің бірі – қа­йы­рымдылық қағидаттары соңғы уақытта мәні мен мазмұнын айғақтап, өмір­шеңдігімен өнеге болып, тіпті тереңдей түсуде. Әсіресе жас толқынның бойында адамгершілік, парасаттылық, ізгілік қасиеттерінің менмұндалап тұратындығы көңіл демейді. Аудандағы еріктілер қоғамның көптеген саласын толайым қамтып отыр. Олар мұқтаж адамдарға, әлеуметтік-тұрмыстық жағынан аз қам­тылғандарға қолұшын созуда. Сондай-ақ ел ішіндегі өзекті мәселелер де на­­зардан тыс қалмаған. Адамға ғана емес, табиғатқа да жанашырлық жасап жат­қандығын көріп, ел ертеңін ойлаған жас буынның көңіл көкжиегіне тәнті бо­латының бар.

Бәрі қалай басталып еді? Әдетте ұш­қын жалынға ұласады. Ел болып еңсе көтерген Волонтер жылы шең­берінде ауданның әрбір селолық окру­гінде еріктілер орталығы құрылды. Жан дүниесінің қалауымен жақсы іске жұмылған жастар жүздеп саналады.­ Құлаққағыс ретінде qazvolunter.kz сайтында тіркелген еріктілердің жа­нашырлық қызмет аясы уақыт өткен сайын  кеңейе түсуде.

Қысы қатал, қары мол өңірдегі жас­­тар сын сағатта қолы қысқа адамдарды қамқорлықтарына алды. Олар жал­ғызілікті жандардың аулаларын қардан тазалап, азық-түліктерін уақтылы жеткізіп беріп отырса, көктем туғалы су тасқыны болуы мүмкін аймақтарда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып жұмыс істеп жүр. Сөзіміз дәлелді болуы үшін еріктілердің 70-тен астам зейнеткерге, 20-ға жуық көпбалалы отбасына, он шақты жалғызбасты анаға нақты қамқорлық көрсеткенін ерекше айта кетуге болады.

Жақсы ісі үлгі, өміршең өнеге болып сабақталған, ел ішінен екшелген еріктілер жыл басынан бері ұзын-ырғасы мыңнан астам адамды қамтитын отызға жуық ірілі-ұсақты шара өткізді. Барлық шараның мақсаты бір арнада тоғысып жатыр. Ол ең алдымен туған жердің тө­сінде әлдебір жағдаймен ешкімнің кемдік көріп, қатардан қалмауы. Жан жүректері жабырқап, жалғызсырамауы. Бірлесе атқарған көп жұмыс бірліктің туын биіктетті, жалынды жастарды жал­пақ елге сүйікті етті. Әсіресе «Біз біргеміз», «Сүйікті ісіңмен айналыс» тә­різді акциялардың шарапаты көп бол­ды. Жастар 8 наурыз күні өңірдегі дәрі­герлерді құттықтап, ерлікпен пара-пар еңбектеріне лайықты құрмет көрсетті.

Селолық округтердегі ауыл жастары «Қамқоршылар» бағдарламасына белсене атсалысты. Қиындықтан қаймыға қоймайтын жас толқын көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына жаман тұмаудың жолын кесетін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етті. Қарға адым жер мұң болып қал­ған шақта қариялардың ас-суына да қарайласты. «Қызыл Жарты Ай» қо­ғамымен бірлесе, жергілікті жомарт жандардың көмегімен жетпістен астам отбасына азық-түлік, шаруашылық тауарлары тәрізді қажеттіліктерін жет­кізіп берді. Волонтерлер дерт өршіп кеткен тұста әлеуметтік нысандарды за­ра­­рсыздандыруға қатысты. Емдеу ме­кемелерімен бірлесе отырып, қорғаныс шараларын қалай жүргізу керектігі туралы бейнебаяндар түсіріп, әлеуметтік желі арқылы көрермендер назарына ұсынды. Карантин кезінде 15 ерікті емхана дәрігерлеріне қолғанат болды. Олар есепте тұрған, созылмалы сырқаты бар адамдарға қажетті дәрі-дәрмектерін апарып, алғыстарын арқалады.

Әлеуметтік желі арқылы ел еңсесін көтеру үшін инабатты, иманды шаруаларды насихаттауға да тізе қосып кірісті. Осынау шаралардың нәтижесі ел ішінде желдей есіп, халықтың рухын көтеріп, тез тарап отырды. Оның да жақсы жағы бар. Ауыл-аймақтың бірлесуіне, ауызбіршіліктің артуына ықпалы тимек.

Сәтімен сабақталған іс Біржансал ауданында да өрістеуде. Аудандағы тоқсанға жуық волонтер ортақ мақсат жолында еңбек етуде. Олар өзге өңір­лердегі тәрізді қоғамның осал буынын есепке алып, қамқорлық көрсетуде. Көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қажетті киім-кешек жинастырды. Демеушілердің көмегімен азық-түлік себеттерін таратты. Әсіресе ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тия­нақты жүргізілуде. Дерт тырнағына ілінбеу үшін қалай қорғану керектігі тәптіштеп түсіндірілген үнпарақтар таратып, ел ішінде түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында «Қайырымды істер сапары» акциясының шеңберінде «Семізбай-U» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жалпы құны 300 мың теңге тұратын азық-түлік себетін отыздан астам отбасына жеткізіп берді. «Біз бір­геміз!» акциясы аясында 1 800 000 теңгенің көмегі көрсетілді. Аудандық провизорлық орталыққа екі оттегі кон­центраты, 45 комбинезон және ме­ди­­циналық халаттар мен төсек жаб­дықтарын алып берді. Бұл іске 2 700 000 теңге қара­жат жұмсалды.

Республикалық «Мың алғыс» акциясын белсенді қолдаған жастар Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің отбасылары мен тыл ардагерлеріне  400 мың теңгенің көмегін көрсетсе, Kaz Beef жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ізгілікті іске 2 730 000 теңге бағыттады.

Иманды шаруадан дін өкілдері де сырт қалған жоқ. Аудандағы Әшім ата мешітінің ұжымы республикалық «Мың алғыс» акциясына  қолдау көрсетіп, көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға 300 мың теңгенің жәрдемін берді. Балаларды қорғау күніне орай «Семізбай-U» серік­тестігі 615 мың теңге көлемінде жана­шырлық жасаса, астана күніне орай 400 мың теңгеге мұқтаж адамдарға қам­қорлық жасады.

Өңірдің өңін адамгершілікке негіз­делген жанашырлық істер жақсарта тү­суде. Дарқан дала төсіндегі сан ғасыр бойы сабақтасып келе жатқан жо­марттықтың тіні осылайша біріккен бір­лікке, ұйыған ұйымшылдыққа ұласып, ізгілік отын лаулатып жалғасып келе жат­қаны қандай жарасымды.

 

Ақмола облысы