Полиция басшысының пікірінше, ұрлықтың алдын алу үшін малды еркін жайылымға қараусыз жібермеу керек. Ұрылардың көбі қадағалаусыз жүрген малды ұрлайды.
Департамент бастығының мәліметінше, әкімдіктердің ықпал етуімен 262 мал тұрағы ұйымдастырылған. Былтыр 18 мың бас мал сондай тұрақтарға қамалып, ұрлықтың алды алынған, 5 мыңға жуық мал иесі әкімшілік жауапқа тартылған.
– Аталған қылмысты ашу және алдын алу мақсатында профилактикалық рейдтер жүргізілді. Атап айтсақ, базарлар мен ет сату орындарына тексеру жүргізіліп отырады. Мысалы, тосқауыл бекеттері ұйымдастырылып, ұрланған малды тасымалдаумен айналысатын 8 қылмыскер ұсталды. Тағы 336 азамат құжатсыз мал және ет өнімдерін тасымалдағаны үшін әкімшілік жауапқа тартылды, – деді Сағат Мәдиев.
Облыстың бас полицейі жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу нәтижесінде мал ұрлаумен айналысқан 14 топтың құрықталғанын және 700-ден астам мал иелеріне қайтарылғанын атап өтті. Мәселен, осы жылдың ақпанында Ұлан ауданындағы еркін жайылымнан қараусыз жүрген 19 бас жылқы жоғалған. Оларды іздеу бір аптаға созылды. 20 полиция қызметкері жұмылдырылып, бес бірлік техника және тікұшақ тартылды. Кәсіби мамандардың еңбегінің арқасында жоғалған жылқылар табылды. Полицейлердің айтуынша, бұл бір ғана жағдай емес, қараусыз жүрген мал жиі жоғалады.
Алайда қараусыз мал ғана емес, бағулы түлікті тұмсық астынан ұрлап кету фактісі де жоқ емес. Мысалы, Аягөз ауданы, Байқошқар ауылының тұрғыны Перімхан Құлқаев 2020 жылы 1 сәуірде үйірге қосқан жылқысын жоғалтып алған. Айтуынша, іздестіре келе жылқысын 19 сәуірде бір шаруа қожалығынан тапқан екен. Олар жылқыға таңба салып үлгерген. Сөйтіп қожалық иесі Перімхан Құлқаевқа малын қайтарудан бас тартқан. Амалы таусылған ол полицияға арызданған.
– Полиция ешқандай шара қолданбады. Керісінше, 29 шілдеде істі дәлелсіз деп жауып тастаған. Куәгерлер де бар. Әділетсіздікке көнбей аудандық, облыстық прокуратураға да арыз түсірдім. Әзірше, еш нәтиже жоқ, – дейді Перімхан Құлқаев.
Осы мәселеге байланысты Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаментіне сұрау жолдаған едік. Құқық қорғау қызметкерлерінің жауабына қарағанда, іс әлі жабылмапты. П. Құлқаевқа тиесілі жылқының жоғалуына байланысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқан көрінеді. Арызданушының жылқысы облыс тұрғындарының бірінің үйірінде екендігі туралы болжам тексерілуде. Ал үйір иесі ол жылқының өзіне тиесілі екенін айтып, арызданушының болжамын жоққа шығарып отыр. Қазіргі уақытта тиісті сараптама жасау жоспарланған. Нәтижесі бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданады.
Шығыс Қазақстан облысы