Аймақтар • 07 Сәуір, 2021

Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы тұтқындалды

223 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Сүлен Ілиясов бөтен мүлікті иемденді немесе жымқырды деп күдікке ілінді, деп хабарлайды Egemen.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы тұтқындалды

Фото: kokshetau.asia

Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, Көкшетау қаласының тергеу сотының қаулысымен 2021 жылғы 1 сәуірде күдікті Сүлен Ілиясовқа қатысты екі ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Бұл қаулыға шағым жасалып, алтыншы сәуірде қайта қарау үшін Ақмола облыстық сотына келіп түсті. Апелляциялық алқа оны үш жұмыс күні ішінде қарайтын болады. Осылайша, әзірге С.Ілиясовқа қатысты бұлтартпау шарасын санкциялау туралы қаулы заңды күшіне енген жоқ.

«Оған ҚР ҚК 189 бабының 4 бөлігі 2 тармағында (аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап ету) көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп күдік келтірілген. Бұл ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар санатына жатады және баптың санкциясы 10 жылдан астам бас бостандығынан айыруды көздейді», деп түсіндірді Ақмола облыстық сотының ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Күләш Домалақова.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Сүлен Ілиясов ағымдағы жылдың ақпан айының басында өз еркімен жұмыстан кеткен.