Елорда • 07 Сәуір, 2021

Елордада су басу қаупі бар учаскелер саны азайды

100 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтанда су басу қаупі бар 29 учаске анықталды. Бұл сан 2020 және 2019 жылдармен салыстырғанда 8 учаскеге азайды. Қалалық Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Сыздықов онлайн брифингте су тасқынының алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елордада су басу қаупі бар учаскелер саны азайды

Е. Сыздықов мәлім еткендей, 2021 жылы елорда аумағында тасқын судың алдын алу бойынша кешенді жоспар бекітілді. Оған сәйкес су басу қаупі бар 29 учаске белгіленді. 2019 және 2020 жылдармен салыстырғанда учаскелер саны 8-ге азайды.

«2020 жылдың қазан айынан бастап су тасқыны кезеңін өткізуге дайындық бойынша кешенді жұмыс басталды. Аудандық комиссиялардың дербес құрамы бекітілді. Қаланың барлық тұрғын алаптары, оның ішінде Ильинка, Өндіріс, Көктал-1, Көктал-2, Железнодорожный, Пригородный және Оңтүстік-Шығыс тұрғын алаптары есепке алынды. Су тасқыны қаупі бар 29 учаскеде азаматтық қорғау органдарының тобы тұрақты дайындыққа келтірілді, сондай-ақ құрамында 200-ге жуық адам бар коммуналдық қызметтердің күштері мен құралдары, 130-дан астам техника және 20-дан астам өрт сөндіру сорғы станциялары бекітілген», деді спикер.

Оның мәліметінше, 2021 жылдың 7 сәуіріндегі жағдай бойынша аудан әкімдіктері қала аумағынан 7 млн текше метрге жуық қар шығарды, 180 мың текше метрге жуық еріген қар суы сорылды.

«Күн сайын Астана су қоймасына мониторинг жүргізіледі. Сондай-ақ Есіл өзені мен Сарыбұлақ арнасының жағалауын нығайту, түбін тереңдету және түзету, Майбалық көлінен Нұра-Есіл арнасына дейін су бұру каналын орнату жұмыстары жалғасып жатыр», деп атап өтті Сыздықов.