Қоғам • 08 Сәуір, 2021

Ауызашарды үйде беру мен қоржынға салып жеткізудің сауабы бірдей ме?

1002 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл сұраққа Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жауап берді, деп хабарлайды Egemen.kz

Ауызашарды үйде беру мен қоржынға салып жеткізудің сауабы бірдей ме?

«Ораза кезінде бәріміз тарауыққа, ауызашарға үйреніп қалдық. Өкінішке қарай, Алла Тағала бізге осындай кезеңді көруді жазыпты. Енді бұл кезеңнен де сақтықпен, ақылмен, мәдениеттілікпен өтуіміз керек. Қазір қолымыздан келгенше «ораза қоржыны» деген атпен ауызашар беру тәртібін насихаттап жатырмыз. Еліміздің бірқатар өңірі қызыл аймаққа өтіп, сары аймақта да бірнеше өңір бар. Сондықтан сақтық шарасына назар аударып, ораза ауызашарды барынша жеткізіп беру арқылы өткізсек деп отырмыз. Бұл бір-бірімізге деген құрметіміз болады», деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Бас мүфти ауызашарды жеткізіп беру мен үйде не дәмханада ауызашар берудің сауабы бірдей екендігін баса айтты.

«Сіз үйде немесе асханада ауызашар берсеңіз де, ауызашарды қоржынға салып, ауыз бекіткен жанға жеткізіп берсеңіз де сауабы бірдей болады. Ауызашар беру сүннет, сауапты амал. Міндеттелген амал емес. Ал адамның өмірін сақтау, қорғау бізге бұйырылған міндетті амал саналады», деді Бас мүфти.