Қызмет көрсету нысандары жиі бұзады
Ел өңірлеріндегідей елордада да карантин талаптарын бұзу оқиғалары азаймай тұр. Мәселен, Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті Жергілікті полиция қызметінің басшысы Арман Айтмағамбетовтің айтуынша, түрлі байланыс құралдары арқылы азаматтардан бизнес нысандарының карантин режімін бұзғаны туралы хабарламалар күн сайын түсіп тұрады. Яғни Жергілікті полиция қызметінің басшысы кәсіпкерлік субъектілерін тексеру іріктеу арқылы жүргізілмейтіндігін айтады. «Қала тұрғындарынан 102 арнасы, әлеуметтік желілер, мессенджер чаттары арқылы белгілі бір көңіл көтеру орнының карантин режімін бұзғаны туралы хабарлама түседі. Соған орай әрекет етіп, карантин режімінің бұзылуын тексереміз», деді ол.
Жыл басынан бері қалада карантин режімін бұзудың 635 фактісі анықталды. Оның ішінде түнгі клубтар, мейрамханалар, дәмханалардың карантин режімін бұзғаны туралы – 532, дүкендер, сауда орталықтары, базарларда – 51, шаштараздар, сұлулық салондары, сауналарда 26 факті анықталды. Карантин талаптарын бұзуға қатысты анықталған фактілер бойынша материалдар Нұр-Сұлтан қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жіберілген. Бұл ретте бүгінге дейін 140 заңды тұлға 29 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұл арқалаған көрінеді.
Ал Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сарқыт Бейсенова ұсынылған нақты режімдер сақталған жағдайда эпидемиялық жағдайдың белгілі бір деңгейде жақсара түсетіні барлық уақытта байқалатынын жеткізді.
«Екі апталық инкубациялық кезеңді қадағалап отырамыз. Егер бұзушылықтар орын алғанын байқасақ, онда мұнан үлкен нәтиже көре алмаймыз. Дегенмен белгілі бір нысанда ұзақ уақыт шектеу іс-шараларын қабылдайтын болсақ, сол кезде байланыста болған адамдар арасындағы науқастанудың төмендегенін көреміз», деді бас санитарлық дәрігер.
Жиын-той тыйылмай тұр
Коронавирустың тез таралып жатқанына қарамастан, астанада той-томалақ өткізетіндер тыйылмай тұр. Осы орайда мониторинг топтарының жұмысы карантиндік шектеу іс-шараларының бұзылуын анықтау және жолын кесуге бағытталған.
«Қазіргі уақытта мониторинг топтары күнделікті рейд іс-шараларын жүргізіп, 100-ден астам кәсіпкерлік нысанын қамтиды. Бұл ретте жеке тұлғалар тарапынан да, кәсіпкерлік субъектілер тарапынан да карантин іс-шараларын сақтамау фактілері анықталып жатыр. Яғни тыйымдарға және коронавирус инфекциясы таралуының тәуекеліне қарамастан үйлену тойы, туған күн, көңілді кештер сынды бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізу тыйылмай отыр. Нысандарда көп адам жиналады және әлеуметтік арақашықтық пен санитарлық нормалар сақталмайды», деді бас санитарлық дәрігер елорда әкімдігінде өткен брифинг барысында.
Айталық, осы жылдың 1 қаңтары мен 7 сәуірі аралығында полицияға шектеу іс-шараларының бұзылғаны туралы 423 материал түскен. Бұлар бойынша іс қаралып, 29 млн теңгеден астам сомаға 146 әкімшілік айыппұл салынған. 72 айыппұл қысқартылған тәртіппен 12 млн теңгеден астам мөлшерде төленген.
Айыппұл салынып, жұмысы тоқтатылды
Елорда соты карантин режімін жиі бұзған 36 кәсіпкерлік субъектісінің жұмысына уақытша тыйым салды.
«Осы жылдың 1 қаңтары мен 14 ақпаны аралығында сотқа 47 кәсіпкерлік субъектісіне қатысты 52 әкімшілік іс сотқа жіберілді. Олар: «Сова», «Janym Soul» караоке-бары, «Alanya» түнгі клубы, «Эхо» бары, «Золото» мейрамханасы, «Stories» лаундж-бары, «Текила» дәмхана-бары, «Respawn» компьютерлік клубы», деді бас санитарлық дәрігер.
Оның дерегінше, сот 36 кәсіпкерлік субъектісіне қатысты 6 млн теңге мөлшерінде әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылдаған. Сонымен қатар аталған нысандардың жұмысына 1 айдан 3 айға дейін тыйым салынды.
«Мәселен, «Janym Soul» караоке-барына 70 АЕК айыппұлмен 1 айға, «Alanya» түнгі клубы 100 АЕК-пен 3 айға жұмысы тоқтатылды. «Текила» караоке-барына 170-200 АЕК мөлшерінде 4 әкімшілік айыппұл салынды және 1 ай жұмыс істей алмайды. «Золота» мейрамханасы да жұмысын бір айға тоқтатты және 100 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. «Respawn» компьютерлік клубы 5 АЕК айыппұл төлеп, 2 ай жұмыс істей алмайды. «Аққайың» саунасына да 5 АЕК мөлшерінде айыппұл төледі. Оның да жұмысына 1 айға тыйым салынды», деді С.Бейсенова.
Бас санитарлық дәрігер сот ұйғарымын орындау үшін 13 кәсіпкерлік субъектісінің есіктері мөрленгенін жеткізді. Сондай-ақ «Текила» караоке-бары мен «Alanya» түнгі клубына электр энергиясы мен су беру тоқтатылған. Жалпы, бүгінде елорданың әрбір аудан әкімдігі жанында 8 мониторинг тобы жұмыс істеп жатыр. 15 ақпанға дейінгі іс-әрекет алгоритміне сәйкес нысанда шектеу іс-шараларының бұзылғандығы анықталған жағдайда мониторинг топтары шұғыл хабарлама беретін. Соның негізінде Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының лауазымды тұлғалары жоспардан тыс тексеру жүргізеді. Осы жылдың 1 қаңтары мен 14 ақпаны аралығында басқармаға 287 хабарлама түсіп, оның негізінде 279 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Нәтижесінде, бұзушылықтарды жою туралы 237 ұйғарым берілді.
Сархат Бейсенованың айтуынша, 238 заңды және жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға жалпы сомасы 57 млн теңгеден асатын айыппұл салынды. Оның ішінде кәсіпкерлік субъектілерінің 141 тұлғасы 52 млн және 96 жеке тұлға 4 млн теңгеден астам айыппұл төледі.
Оразаны отбасы ортасында өткізуге шақырды
Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Рамазан айында ауызашарды тек отбасының ортасында өткізуге шақырды.
«Құрметті елорда тұрғындары мен қонақтары! Біздің қоғам үшін маңызды діни мереке – қасиетті Рамазан айы жақындап келеді. Бұл еліміздің көптеген азаматы үшін үлкен маңызға ие. Қаланың барлық азаматынан мереке күндері түсіністікпен қарап, карантин режімін қатаң сақтауын сұраймыз. Біз діндар адамдардың рухани және діни сезімдеріне құрметпен қараймыз. Алайда қауіпті вирустың ауыр пандемиясы барлығының денсаулығына қауіп төндіреді», деді С.Бейсенова. Ол осыған байланысты Нұр-Сұлтан қаласының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті шектеу сипатындағы барлық іс-шараны ескеруді және сақтауды, атап айтқанда ұжымдық іс-шараларды, оның ішінде үй жағдайында өткізбеуді ұсынатындығын айтты.
«Сонымен қатар қонақасы немесе бірге уақыт өткізу үшін келгісі келетін отбасы мүшелері мен достарына да келуге жол бермеу керек. 65 жастан асқан адамдар тәуекел тобында қалады. Осыған байланысты қасиетті Рамазан айында ауызашарды тек отбасы ортасында өткізуді ұсынамыз. Пандемия кезінде әлеуметтік арақашықтық сақтау өте маңызды екенін ұмытпаңыздар. Сондықтан барлық ұсыныстарды орындауға және пандемия мен күресте жауапкершілік пен бірлікті көрсетуге шақырамыз», деді елорданың бас санитар дәрігері.
Сырқаттану көбейе түсті
Қазір елордада да эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз. Қала Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша бір ай бойы «қызыл аймақта» тұр. Осы жылдың басынан бері қала бойынша сырқаттанғандар саны 15 мыңнан асты. Пандемия басталғаннан бері 34 007 жағдай тіркелді. Оның ішінде 21 957 симптомды және 12 050 симптомсыз.
Қаланың бас санитарлық дәрігері айтқандай, ақпан айында сырқаттанушылық динамикасы қаңтар айымен салыстырғанда 25 пайызға төмендеу болса, наурыз айынан бастап елордада сырқаттанушылықтың тұрақты өсуі байқалады. Вирус жұқтыру наурыз айы мен сәуірдің 7 күнінің қорытындысы бойынша қаңтар мен ақпан айларына қарағанда 2 338 жағдайға көбірек тіркелді.
«17 наурыздан бастап аурудың күнделікті өсуі 1 пайыздан асып, 20-25 наурыз аралығында 0,64 пайызға дейін төмендеді. Соңғы 12 күннің ішінде бұл көрсеткіш орта есеппен 1,2 пайызға сақталып отыр. Соңғы тәулікте 578 бастапқы жағдай тіркелді. Симптомы бар – 404 жағдай, симптомсыз – 174 жағдай. Соңғы аптадағы сырқаттану көрсеткіштері алдыңғы аптаның деңгейінен 23 пайызға жоғары. Жүз мың тұрғынға шаққандағы қарқынды көрсеткіш 249,6-ны құрады. Репродуктивтілік саны 1-ден жоғары», деді С.Бейсенова.