Мақсат белгілі. Былтырдан бері халық көзге көрінбейтін жаумен айқасып келеді. Былтырдан бері отандық ғалымдар осы институтта өз вакцинамызды жасап, сынақтарды сәтті өткізіп жатыр. Қазір мұндағы жұмыстар құдды майдан алаңы іспеттес, әрбір күнді ұтымды пайдалануға ұмтылады.
Отандық журналистердің іссапарына байланысты бір күнге бұл жердегі ғылыми зерттеулер мен үдерістер толайым тоқтап қалмаса да, кідіріс тапты. Өйткені қазір халыққа отандық және басқа да вакциналар туралы осы іспен тікелей айналысып жатқан вирусолог ғалымдардың түсіндірмелері мен жалпақ жұртқа түсінікті ақпараттары қажет.
Індеттен құтылудың жалғыз жолы – вакцина. Адамзатты қынадай қырған мұнан да қауіпті жұқпалы дерттердің емі вакциналау болғанын білеміз. Алайда қазір елдің ішінде жаппай егу жұмыстарын бастауға қатысты алыпқашпа әңгімелер, үрей тудыратын дәйексіз дақпырттар желдей есіп тұр. Оның үстіне алдағы 25 сәуірге дейін отандық вакцинаның кезекті партиясын шығару керек. Ал халық вакцина ғана емес, ол туралы сенімді дерек көздерінен алынған ақпарат күтіп отыр.
Отандық БАҚ өкілдері Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми зерттеу институтының көптеген лабораториясында, оның ішінде QazCovid-in вакцинасын жасаған және бірінші болып былтыр өздеріне салдырған отандық ғалымдармен сағаттар бойы сұхбаттасып, елдің көкейінде жүрген көптеген сұрақтың жауабын іздеді. Аса қауіпті жұқпалы аурулар лабораториясынан тікелей репортаж жасауға мүмкіндік алды.
Осы арада оқырманға түсінікті болу үшін айта кету керек. Егер әу баста Кеңес Одағы бес елде құрған мұндай ғылыми зерттеу институты болмаса, біздің ғалымдар жедел өз вакцинамызды жасауға бел байламаған болар еді. Отандық вакцинаны жасауға біздегі Биологиялық қауіпсіздіктің 3-ші деңгейлі лабораториясы (BSL-3) жол ашып бергенін атап өткен жөн.
Қазіргі таңда институттың 200-ден астам ғылыми қызметкері бар, оның 56-сы өз бастарын қатерге тіге отырып, тікелей отандық вакцинаны жасауға атсалысқан. Әзірге айтарымыз, қазақстандық журналистердің барлығы дерлік бұл жерге тұңғыш рет жолы түсіп отыр. Бұл сапар әріптестеріміз үшін қайталанбауы да мүмкін. Мұнда жер бетіндегі аса қауіпті барлық вирустың штамдары бар. Экзотикалық вирустар да сақталған. Сонымен отандық вакцина қандай платформада жасалды? Отандық ғалымдар неге QazCovid-in-ді барынша тиімді, барынша қауіпсіз деп есептейді?
Газетіміздің алдағы нөмірінде Нұх пайғамбардың кемесі сияқты жер бетіндегі барлық вирусты жиып алып, іргелі ғылыми зерттеулер жүргізіп жатқан ғалымдарымыздың ерен істері туралы кеңінен баяндайтын боламыз.