Құжатқа сәйкес, енді туристік әлеуеті жоғары аумақтарда нысандар салатын кәсіпкерлер үшін инвестициялық жеңілдіктер қарастырылады. Ондай жерлерге ерекше қарқынмен дамып келе жатқан және туристификация картасында республикалық деңгейдегі нысандар тізіміне енгізілген арнайы аймақтар жатады.
Аталған мәселе жөнінде Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова баяндама жасады. Оның айтуынша, заң жобасында бірқатар жаңалық қарастырылған. Атап айтқанда, біріншіден басым туристік аумақ (БТА) ұғымы енгізіледі.
«Басым туристік аумақ – туристік картаның республикалық объектілер тізіміне енгізілген, туристік дамудың ерекше әлеуеті бар аумақ. Басым туристік аумақ ресурстарды туризмді дамытудың перспективалы нүктелерінде шоғырландыру мақсатында құрылады. Сондай-ақ бұл аумақта инвесторлар үшін ерекше жеңілдіктер және қазақстандықтардың елде демалуына бағытталған ілгерілету шаралары қарастырылған.
Екінші, «Шетелдік туристен туристік алым» жүйесін енгізу. Әлемдік тәжірибені ескере отырып ішкі және сыртқы туристік нарықтарда аймақтық туристік әлеуетті ілгерілету үшін жергілікті бюджеттің қосымша көздерін табу мақсатында шетелдік туристерден туристік алым енгізу және операторларды анықтау жоспарланып отыр. Туристік алым мөлшерлемесінің өзін мәслихат, ал төлеу тәртібін Үкімет бекітеді. Туристік жарна жергілікті бюджеттің салықтық емес түсімдері түрінде болады. Норма 2022 жылдан бастап күшіне енеді.
Үшінші, туризм саласындағы реттеу саясатын жетілдіру және оны кәсіпкерлік кодексіне сәйкестендіру. Бұл туроператорлық қызметке лицензияны кіші түрлерге бөлу (кіру туризмі саласында, ішкі және сыртқы туризм саласында), сондай-ақ профилактикалық бақылауды сырттан реттеу сияқты нормалар бар», деді Ақтоты Райымқұлова.
Ведомство басшының айтуынша, туризм саласын мемлекеттік қолдаудың жаңа шараларын енгізуге байланысты уәкілетті және басқа мемлекеттік органдарға қосымша құзыреттер берілмек. Мәселен, туристік нысандар мен жол бойындағы қызмет көрсету объектілерін салуға кәсіпкерлік субъектілері шығындарының бір бөлігі өтеледі. Сондай-ақ туристік мақсаттарға арналған көлік құралдары мен тау шаңғысы курорттарын дамытуға арналған жабдықтар алу шығындарының бір бөлігі төленбек.
«Туристік пакет шеңберінде әрбір келген шетелдік турист үшін туристік операторларды және санитарлық-гигиеналық қондырғыларды күтуге арналған кәсіпкерлер шығындарын субсидиялау, туристік пакет шеңберінде балаларға арналған ұшу билеті үшін тасымалдау төлемін өтеу қарастырылған.
Біздің есептеуіміз бойынша, бұл шараларды жүзеге асыру экономикаға бюджеттің қосымша кірісі түрінде 135 млрд теңгені тартуға, 170 мыңнан астам жұмыс орнын құруға және кем дегенде 1000 жобаны іске асыруға мүмкіндік береді. Осы нормалардың барлығы саланың дамуына оң әсерін тигізіп, инвестицияларды арттырудың тиімді механизміне айналып, саланың ішкі жалпы өнімдегі үлесін 8 пайызға дейін арттырады», деді министр.
Сенатор Динара Нөкетаева қосымша баяндама жасап, туризм саласындағы бірқатар мәселеге тоқталды. Депутат келтірген мәліметтерге сүйенсек, 2019 жылы елден шыққан туристер саны 8 миллионнан асқан. Ал шетелден 6 миллионға жуық мейман келген. Ішкі туризмдегі демалушылар саны 5 миллионға жуық. Пандемияға байланысты бұл көрсеткіштер 2020 жылы 3,5 есеге төмендеп кеткен.
«Заң жобасын қабылдау туристік саладағы мемлекеттік реттеуді одан әрі жетілдіруге, туристік қызмет саласындағы заңнаманың сапасын арттыруға және инвестициялар тарту тетігі арқылы туристік саланы дамытуға мүмкіндік береді», деді Динара Нөкетаева.
Заң жобасы қабылданғаннан кейін Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев құжатқа қатысты пікірімен бөлісті. Оның айтуынша, қабылданған нормалар туризм саласына тың серпін береді.
«Елімізде туризм саласын дамыту – маңызды мақсаттардың бірі. Бүгін қабылданған заң жобасы осы бағытта кешенді заңнамалық негіз қалыптастырады. Соған сәйкес қаржылай қолдау тетіктерінің де ауқымы кеңейді», деді Мәулен Әшімбаев.
Сенат отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын да қарап, қабылдады.
«Қырғызстан Парламенті келісімді 2021 жылғы 17 ақпанда бекітті.
Өткен жылы, Қазақстанға Қырғызстаннан 281 мыңнан астам азамат келді. Биылғы 3 айда бұл көрсеткіш 32 мыңнан асты. Ал Қазақстаннан өткен жылы 175 мың азамат Қырғызстанға барған. Осы жылы 3 айда 36 мыңнан асты.
Осы заң жобасы азаматтық туралы ақпарат алмасуға, заңсыз көші-қонды реттеуге, қос азаматтықпен күресуге бағытталған», деді заң жобасы жөнінде баяндама жасаған Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.
Осы құжат арқылы көші-қон процестері мен азаматтық мәселелерін реттеу және заңсыз көші-қон арналарын анықтау бойынша мәліметтер алмасу үшін қолайлы жағдайлар жасалады. Сол арқылы тараптар статистикалық, құқықтық және ғылыми-әдістемелік ақпараттармен, өз аумағындағы екі мемлекеттің азаматтары туралы мәліметтермен бөлісуге мүмкіндік алады. Одан бөлек, ынтымақтастық аясында туындайтын мәселелер бойынша өзара тәжірибе алмасуға да жол ашылады.
«Бұл келісім заңсыз көші-қонға қарсы күресте және көші-қон процестерін реттеуде қосымша құқықтық тетіктер қалыптастырады. Сондай-ақ, аталған заң жобасы екі ел арасындағы осы сала бойынша ынтымақтастықты нығайтуға оң ықпалын тигізеді», деді Сенат Төрағасы.
Сондай-ақ отырыста сенатор Ерік Сұлтанов газбен қамтамасыз ету жұмыстарын құқықтық реттеуді жетілдіру жөнінде депутаттық сауал жолдады. Ол өз сауалында газ баллондарының жарылу салдарынан болатын қайғылы оқиғалардың алдын алуға арналған ұсыныстарын жеткізді.