24 Сәуір, 2010

БІРЛЕСКЕН ІС – БЕРЕКЕЛІ

597 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Достастық елдері мұғалімдерінің елордада өтетін құрылтайы менің ой-санама серпін беріп отыр. Се­бе­бі, төрткүл дүниедегі мемлекет­тер­дің ішінде адамдардың ара­сын­дағы бірлікті тек біздің Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ғана аузы­нан естуге болады. Ол адам­дардар арасындағы достықты айтып қоймай, сонымен бірге, сол достықтың аясында әр мемлекет өз мүддесін сақтай отырып, ортақ істі кеңесіп істеуді тапсырып келеді. ТМД мұғалімдерінің мына съезі осы сөзіме дәлел бола алады. Шыны керек, мен КСРО за­ма­нында барлық одақтас республи­ка­лардың ұстаздарымен тығыз қа­рым-қатынаста болып, тәжірибе алма­сып жүретін едім. Кейін бұл пышақ кескендей тыйылып қалған болатын. Жалпы, білім саласының жақсы нәтижелері шекара таң­да­майды. Ұлттық үлгіге бейімдеп, қол­дана білсек, одан келер пайда өл­шеусіз. Мен қазақ тілі мен әде­биетін оқытқанда әлем әдебиетінен де оқушыларды хабардар етіп отырамын. Әлемдік білім кеңістігіне шықпай, білім саласын биік дәрежеге көтеру әсте мүмкін емес. Қазір қарап отырсаң, сабақ беру тәсіліне өркениетті елдердің үрдісі енгенін аңғарасың. Ұрпақ тәрбиесі отбасынан басталады дейміз. Ал білім оқушыға берілетін сабақтың негізінде жатыр. Тәрбие де солай. Сабақ жақсы жүр­меген жерде білім болмайды. Кейде біз оқушылардың білімсіздігін өзімізден көрмей, соларға итере салатынымыз бар. Бұл дұрыс емес. Талантсыз ұрпақ жоқ. Тек ұл мен қыздың бойындағы сол талантты дәл тауып баулысақ, бағы ашы­лады. Жүрер жолы кеңейеді. Тағы бір айтайын дегенім, біз қазір тәуелсіз мемлекетпіз. Бір за­мандары өзгеден үйренуді әдетке ай­налдырғанбыз. Енді Сұлтан­ма­х­мұт Торайғыров айтпақшы, “Біздерде мынандай бар, мынандай бар” дейтін кезең келді. Өзгеден үйрене отырып, өзіміздегі барды көрсете білуіміз керек. Бізден де үй­ренсін. Барымызды көрсін, іргелі ұлт екенімізді танысын. Мен бұған да бір мысал келтірсем деймін. Өзіміз әр ісін үкілеп жүрген АҚШ-та бол­ға­нымда, олар Қазақ елінің білім беру әдісіне, әдістемесіне қызығушылық танытып, мектеп­терінен мұғалімдер жинап, бірнеше күн дәріс оқытты. Әсіресе, ұлттық тәрбиедегі біздің халықтық педа­гогикамызға ерекше ықыласпен қарады. Жалпы, ТМД мемлекеттерінің білім қызметкерлері мен мұғалім­деріне арналған бұл құрылтай бір-екі күндік жиын ғана емес, бола­шақта елдер арасындағы қарым-қатынасты дамытып, оқытудағы үздік тәжіри­белерді әр елдің ұлттық ментали­тетіне қарай жетілдіріп отыруды жүзеге асыратын, өзге жұрттарда да мұндай құрылтайды өткізуді қолға алып, сөйтіп бұрын бар дәстүрді жалғастырсақ құба-құп болар еді. Қанипа БІТІБАЕВА, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Шығыс Қазақстан облысы.