Қоғам • 09 Сәуір, 2021

Елордада тарауих намазы мен ауызашар рәсімдері өткізілмейді

503 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Ерболат Жүсіпов эпидемиялық жағдайға байланысты қасиетті Рамазан айында тарауих намазы мен ауызашар рәсімдері өткізілмейтінін мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Елордада тарауих намазы мен ауызашар рәсімдері өткізілмейді

«2021 жылы «Қасиетті Рамазан айы» діни мерекесі 13 сәуір мен 12 мамыр аралығында өтеді. Мамыр айының 8-нен 9-ына қараған түні «Қасиетті Қадір түні», 13-ші мамыр күні «Ораза Айт» мерекесі атап өтіледі. Дегенмен санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға байланысты барлық мешіттердегі дәстүрлі «Тарауих намаздар», «Ауызашар» рәсімдері өткізілмейді», деді Ерболат Жүсіпов.

Ал өз кезегінде Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Нұрдәулет Алмұханов Нұр-Сұлтан қаласының Дін істері жөніндегі басқармасы ҚМДБ-ның қала бойынша өкілдігі және тиісті мемлекеттік мекемелермен бірлесе дайындық жұмыстарын жүргізіп жатқанын мәлім етті. Ол сол сияқты елордада Рамазан айында көмекке мұқтаж отбасылардың тізімі дайындалып жатқанын жеткізді.

«Көмекке мұқтаж отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында аудан әкімдіктері және Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасымен бірлесе көмекке мұқтаж отбасыларының тізімі жасақталуда. Осы орайда құрметті қала тұрғындары «Қасиетті Рамазан айы» мейірімділік пен жақсылықтың айы болғандықтан, баршаңызды көмекке мұқтаж адамдарға қолдан келгенше қол үшін беріп қайырымдылыққа атсалысуларыңызды сұраймын», деді ведомство басшысы.

Ол сөзін жалғай отырып, санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік ережелеріне баса мән беруді тапсырды.

«Құрметті Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен қонақтары, баршаңызды бекітілген санитарлық-эпидемиялық қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырамыз. Өзімізді және жақындарымызды қауіп-қатерден қорғайық», деді ол.