Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осындай деректер келтірген облыстық санитариялық-эпидемиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асқар Ысқақов карантин талаптарын сақтамағандардың қатарында 46 жеке кәсіпкер, 2– заңды, 26 – лауазымды, 1671 жеке тұлға барын айтты. «Тыйым салынған 235 мерекелік іс-шара тіркелді. Сондай-ақ 51 көкпар ұйымдастырылғаны белгілі болды. Бұдан бөлек көпшілік орында бетперде тақпау, қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс режимін сақтамау сынды деректер тіркелуде. Мәселен, бір күннің ішінде Сайрам, Сарыағаш, Мақтарал, Отырар, Ордабасы, Қазығұрт аудандарында 7 отбасылық мереке ұйымдастырылған. Жалпы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 425 бабының 1-бөлігі бойынша 98 580 015 теңге айыппұл салынды. Сондықтан барша облыс тұрғындарын карантин талаптарын сақтауға шақырамыз», деді Асқар Бекболатұлы.
Облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері кәсіпкерлердің жұмысына жеңілдік жасап, тұрғындар үшін тамақтану орындарының жұмыс режимін 9:00-23:00-ге дейін ұзарту туралы қаулы шығарған болатын. Дегенмен, қаулыда көрсетілген уақыт режимін сақтамаған 75 қоғамдық тамақтану орны анықталған.