Экономика • 12 Сәуір, 2021

Қазақстанның барлық өңірінде жоғары инвестициялық белсенділік сақталып отыр - Әсет Ерғалиев

314 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2021 жылғы қаңтар-наурыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Ел экономикасының жағдайы туралы Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанның барлық өңірінде жоғары инвестициялық белсенділік сақталып отыр - Әсет Ерғалиев

Биылғы бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша макроэкономикалық көрсеткіштердің жақсарғаны байқалуда. Кен өндірісі өнеркәсібін есепке алмағанда, нақты секторда өсу 7,9%-ға дейін жеделдеді, ал негізгі капиталға салынған инвестициялар 34% деңгейде өсті. Жылдық инфляция 7%-ға дейін баяулады. Нақты сектордың көп салалары тұрақты өсім көрсетті. Олар құрылыс (13,1%-ға өсу), сумен жабдықтау (8,6%-ға), өңдеу өнеркәсібі (7,5%-ға), электрмен жабдықтау (4,9%-ға) және ауыл шаруашылығы (2,8%-ға) салалары. Сонымен қатар ақпарат пен байланыс саласында 9,9%-ға өсім байқалды.

«Соның нәтижесінде, жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны осы жылғы қаңтар-ақпандағы минус 2,9%-дан қаңтар-наурызда минус 1,6%-ға дейін жақсарды. Өңдеу өнеркәсібі салаларында өсу қарқынының жеделдеуі байқалады. Серпінді өсу машина жасауда 21,8%-ға, оның ішінде автомобиль құрастыруда – 20,7%-ға белгіленген. Құрылыс материалдары өндірісі 30,1%-ға, химиялық өнімдер өндірісі 14,2%-ға, пластмасса өнімдері өндірісі 22,3%-ға, киім өндірісі 25,8%-ға, жиһаз өндірісі 19,2%-ға, фармацевтика 9,1%-ға өсті. Өңдеу өнеркәсібінде өсудің жоғарылау үрдісі сақталып отыр. Өсім 7,5%-ды құрады», деді Ә. Ерғалиев.