Бағдарламалар • 12 Сәуір, 2021

Қапшағайда көп балалы ана кондитерлік кәсібін кеңейтіп келеді

496 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекеттік грант иеленіп, жеке ісін ашқан табысты кәсіпкерлер қатары Алматы облысы Қапшағай қаласында жылдан жылға артып келеді, деп хабарлайды Еgemen.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қапшағайда көп балалы ана кондитерлік кәсібін кеңейтіп келеді

Мәселен, көп балалы ана Баян Ордабаева «Атамекен» ҰКП арқылы «Бизнес Бастау» негіздерін оқып шыққан. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 2,5 млн теңге қайтарымсыз грант ұтып алып, бүгінде кондитерлік кәсіппен айналысуда.

Жалпы нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының мүмкіндіктері мол. Қапшағай қаласы әкімдігінің мәліметіне қарағанда, аталмыш бағдарламаға «жас кәсіпкер» және көп балалы ана ретінде қатысқан Баян Ордабаева қолына бизнес негіздерін меңгергені туралы сертификат алған. Бұдан соң «Үйде пісірілген нан өнімдерін үйде жүзеге асыру» бизнес жобасын қорғап шыққан. Соның арқасында яғни 2,5 млн теңге мемлекеттік грант иеленіп, жеке ісін қолға алған.

«Бизнесімді мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасында бастадым. Енді оның одан әрі табысты жүргізуге талпыныс, еңбек, табандылықпен қатар, қазіргі интернет желісінің де мүмкіндіктерін мол пайданып отырмын. Инстаграм желісіндегі парақшамда он мыңға  жуық оқырманым бар. Биылғы жылдың  наурыз айында өзімнің кондитерлік бизнесімді одан әрі кеңейттім, оның барлық жаңалықтарымен және мүмкіндіктерімен «Bayan_cakes» парақшасында оқырмандарымен таныстырып отырамын. Алдағы уақытта жастарға оның ішінде жұмыссыз азаматтарға өз білгенімді үйретіп, жаңа жұмыс орындарын құруды жоспарлап отырмын», деді жас кәсіпкер.  

Қазіргі кезде Баян Ордабаева кәсібін кеңейту мақсатында «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша 3,0 млн теңгеге дейінгі грантқа қатысу жоспарлап отыр.

Сол сияқты өткен жылы «Шаштараз»  курсын бітірген жас талапкер Санжар Мейірманов та 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грант иеленген. Ол бұл сомаға шаштараз маманына қажетті барбер креслосын, стерилизатор, қайшы, шаш алғыш машинка сынды  құрал-жабдықтар сатып алды. Қазір сән салонында осы кәсібінен нәсібін тауып жүр. Болашақта шаштараз мамандығына оқытатын курс ашып, өзінің жеке сән салонын ашуды армандайды.

Жалпы Қапшағай қаласы бойынша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарына 150 адамды оқыту жоспарда бар. Және жаңа бизнес-идеяларын іске асыру мақсатында 200 АЕК көлемінде  45 адамға  мемлекеттік грант және 25 адамға шағын несие беру межеленген. Осы жылдың 1 сәуіріне дейін 30 адамға мемлекеттік грант, 3 азаматқа шағын несие берілген.