Биыл эпидемиялық ахуал тағы ушығып тұр. Жұғуы жылдам жаман ауруды ауыздықтауда карантиндік шаралар, локдаун, шектеулер басты рөл атқармайтынын да білдік. Кез келген індетті ауыздықтаудың бірден-бір жолы – вакцина. Ал екпеге сенімді оятатын – нақты ғылым мен ғалымдар.
Өткен аптада көкейдегі көп сұрақтың жауабын білмекке Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Отар әскери гарнизоны маңындағы Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтына келдік. Кеңес Одағынан мұраға қалған қала типті Гвардейск кентіндегі бұл институт 1958 жылы оңтүстіктегі шекараның биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін құрылған. Содан бері мұнда қауіпті және аса қауіпті микроағзалардың коллекциясы жасақталған. Мұнда 13 зертхана жұмыс істейді. Адам баласы атын ұмыта бастаған вирустардан бастап, экзотикалық вирустар да табылады. Тіпті кейбір аса қауіпті вирустардың бармақтай бөтелкесі әлемді соғыссыз жойып жіберуге қауқарлы. Ал коронавирус бұлардың қасында «балақай» көрінеді. Мұндай институттар халық тығыз шоғырланған елді мекендерден алысқа қоныс тебетіні белгілі.
Қысқасы, біз жабық аймақ ішіндегі жабық аймақта отандық ғалымдарымыз жұмыс істеп жатқан зертханаларға жеткенше 3 бірдей бақылау-өткізу бекетінің тексерісінен өттік. Тәртіп бойынша кірерде арнайы қорғаныш костюмін киер алдында жақсылап жуыну қажет болса, шығарда да осы үдеріс қайталанады.
Әлем жұртшылығы Қазақстанның өз вакцинасын жасап жатқанын біліп отыр. Сәуір айының соңына қарай Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларына QazCovid-in вакцинасының алғашқы партиясы – 50 мың доза жеткізілуі тиіс. Осы арада вакцинаға қатысты бір мәселеге тоқтала кеткен жөн. Мәселен, қазір вирустың мутацияға ұшыраған түрлері табылып отыр. Ал вакцина оның жаңа штамдарына әсер етпеуі де мүмкін ғой деген күмәнді сұрақтар бар. Ғалымдардың түсіндіруінше, қандай вирус болса да мутацияға ұшыраса да өз қасиетін, жаратылысын жоғалтпайды. Мутацияланған вирус дегеніміз – тарала келе түрлі жағдайларға бейімделген, «саусағы үзіліп», яки «шашы кесіліп» қалған сол вирус. Бірақ мутацияланған вирустың жұғуы жылдамдап, ағзада жүруі, әсері ғана өзгермек, оның вакцинасы біреу ғана. Жаңа штамдарға бөлек вакциналар жасалмайды.
Жалпақ жұртқа түсінікті болу үшін айта кетейік, қайбір мемлекеттер өз вакциналарын жасамай-ақ, басқа елдердікін алып жатқанда Қазақстан неге өз вакцинасын жасауға бел байлады? Біріншіден, жоғарыда атап өткендей, кезінде Ресейдің Владимир мен Покров қалаларында, Қазақстан, Армения, Тәжікстанда биологиялық қауіпсіздік зерттеулерімен айналысатын институттар салынып, базасы жасалған. Армения мен Тәжікстандағы бұл институттар жабылып қалған. Бізде бұған дейін адамдарда, малда, ауыл шаруашылығында болатын аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы вакциналар жасау платформасы, бұрынғы мектептен қалған ғалымдар бар және вакцина жасауға Биологиялық қауіпсіздіктің 3-ші деңгейлі зертханасының (BSL-3) болуы да жағдай туғызып отыр.
Қысқасы, Қазақстан тақыр жерден вакцина жасай салған жоқ. Ең қызығы, біздің оқымыстылар өзіміздің екпе тиімді, барынша қауіпсіз деп есептейді, оны ғылымға негіздеп сағаттар бойы тәптіштеп түсіндірді. Аталған екпені әзірлеушілердің бірі, Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының Аса қауіпті жұқпалы аурулар зертханасының меңгерушісі, профессор Леспек Құтымбетов қазақстандық QazCovid-in вакцинасы туралы егжей-тегжейлі әңгімеледі. Ол – отандық вакцинаны өткен жылы шілде айында ең бірінші өзіне салған 7 ғалымның бірі. Мұны дәстүр деуге де болады. Әдетте, вакцина жасаушылар сынақты алдымен өзінен бастайды. Биыл наурыз айының соңында QazCovid-in вакцинасын клиникалық сынақтардан өткізудің үшінші фазасы аяқталды.
QazCovid-in – біздің ғалымдардың коронавирус инфекциясына қарсы жасаған бес түрлі вакцинасының бірі. Вакцина әзірлеудің алуан түрлі әдісі болса, отандық ғалымдар вакцина жасауда инактивтендірілген вакцина, суббірлікті вакцина, рекомбинантты немесе векторлық және «тірі» вакцина технологияларына сүйенген.
«Біздің инактивті вакцинаны әзірлеуде бүтін вирусқа адъювант қосылды. Сондықтан оның иммуногендік қасиеті басқа вакциналарға қарағанда жоғары болады. Адъювант – иммундық жасушаларды қозғайды немесе қоздырады. Вирус химиялық жолмен өлтірілген, оны ағзаға салған кезде көбеймейді. Оның құрамындағы заттар иммунитетті көтереді. Біздің институт әу баста вирусология бағытында құрылған. Мен 40 жылдан бері осы салада жұмыс істеймін. Кез келген вируспен жұмыс істеу біздің қолымыздан келеді. Коронавирус пайда болған кезде жаңа вирус деп одан шошынған жоқпыз. Себебі коронавирусқа ұқсайтын вирустар малда да кездеседі. Оған қарсы вацинаны әзірлеп жүрміз», дейді профессор.
Отандық вакцинаны әзірлеуші ғалымдар ағзалары адамдарға ұқсас зертханалық жануарларда сыналған соң, өздері де салып алған. «Бұл – біздің қауіпсіздігіміз. Себебі біз күн сайын вируспен бетпе-бет жұмыс істедік. Ғалымдар ауырған жағдайда жұмыс тоқтап қалатын еді. Вакцина халыққа шығатындықтан, оның қауіпсіздігін тексеру үшін де өзімізге бірінші болып салдық. Вакцинаның құрамында қандай заттар бар екенін білген соң, қорықпай ектірдік. Жеті айдан асты, ешқандай зиянды қасиетін байқаған жоқпын. Алғашында салынған жері бір күн бойы қолымды ауыртты. Кейін ауырғаны басылды. Негізінде вакциналардың ішіндегі ең қауіпсізі осы өлтірілген вакцина екенін айтқым келеді», дейді Л.Құтымбетов.
Еске салайық, осы институтта шығарылған QazCovid-in вакцинасы 3 мың еріктіге салынған еді. Бүгінде екпе алған адамдардың денсаулығында еш кінәрат жоқ екен.
Қауіпсіз, тиімді вакцинаның ауқымды түрде шығарылмай жатқан себебі, Қазақстанда вакцина шығаратын бір ғана мекеме бар. Ал Ресей Федерациясында – 6. Оның үстіне мамандар саны да аз. Соған қарамастан, отандық ғалымдар тиімділігі жоғары вакцинаны дайындап жатыр. Егер ғалымдар инактивтендірілген вакцина жасау технологиясын таңдаса, оны әзірлеудің жұмысы көп, бірақ уақытпен тексерілген, барынша сенімді әрі оның сүрлеуі бұрыннан да бар.
Ғалымдар шетелде дайындалып жатқан вакциналарда генетикалық өзгерген вирустар бар болғандықтан, кейбір вакциналар реактогенді екендігін алға тартады. Бірақ барлық вакцина өз міндетін атқармақ. Отандық вакцина да араға 21 күн салып, екі рет салынады, бірақ бір компонентті. Яғни сол вакцина қайта қолданылады. Кәдімгі тоңазытқыштарға сақтауға келеді. Кейбір вакциналар сияқты тасымалдау барысында мәселелер туындатпайды.
– Кей платформаларда бір вирустың құрамына екінші COVID-19 вирусының геномын салады. Оның нәтижесінде бұл ГМО болып шыға келеді. Ал одан әзірленген вакцина дене жасушасына кіргенде не болады деген қауіп бар. Ондай вакциналар өндіріске енді кіріп жатыр. Кең таралған жоқ. Оның қауіпсіздігі туралы ешкім айта алмайды, – дейді ғалым.
Ғалым отандық вакцина Қытай әзірлеген вакцинаға ұқсас екенін айтады.
Қытай әскері мен халқына қазір оны егіп жатыр. Ресейдің Чумаков институты да «өлтірілген» вирустан вакцина жасады. Біздің институтта 5 вакцина дайындайтын болсақ, оның бірі осы инактивті. Сосын ақуыздық вакцина, ол вирус сыртындағы ақуыз қабатын алу арқылы дайындалады. Ондай вакцина Ресейде де бар, – дейді профессор.
Л.Құтымбетов ресейлік Спутник V векторлық вакцинасы сияқты басқа да екі вакцина әзірленіп жатқанын айтты. Оның бірі тұмауға байланысты болса, екіншісі шешек дертіне қарсы вакцина болмақ. Мәселен, жасушалық биотехнология зертханасында қолайлы температурада арнайы «матрацтар» мен жасушалар фабрикаларында маймылдың бауырынан алынған жасушалар өсіріліп жатыр. Бұл жасушаларда вирус жылдам көбейетіндігі клиникалық сынақтар арқылы дәлелденген.
«Қазір бастапқы кезеңде осының ішінде веро жасушалар өсіп жатыр. Бір-екі күн болды. Олар өскеннен кейін вирус өсіру үшін басқа зертханаға апарамыз», деді Жасушалық биотехнология зертханасының меңгерушісі Азиз Наханов.
Сөредегі ыдыстарда вирус өсіп-өнеді. Бұл үшін барлық жағдай жасалған. Қажетті температурада тұратын бөлме, арнайы бөтелкелер мен заманауи аппараттар бар. Мамандар коронавирус штамын тиісті технология көмегімен бөліп алған.
«Адамдардың аузынан, мұрнынан жағынды алып, оны арнайы тексереді. Тексеріс кезінде ПТР-мен дәлелдедік. Вирус бар ма, жоқ па, соны анықтаймыз. Оны тексеру үшін арнайы жасушаларда жұқтырып, содан бөліп алған болатынбыз», деді Микроағзалар коллекциясы зертханасының меңгерушісі Қуандық Жүгінісов.
Зертханаларда QazCovid-in вакцинасы жануарларға салынады. Зерттеу институтының қызметкерлері екпені салып болған соң, тышқанның салмағын өлшейді. Содан кейін жалпы жағдайын арнайы қағазға жазып, бірнеше күн бақылайды. Мамандардың айтуынша, егілген отандық препарат өзінің тиімділігін жүз пайыз көрсеткен.
«Тышқандарға вакцина салғаннан кейін алғашында салмағы азайды. Бірақ біртіндеп қайта қалпына келді. Екінші дозасын 21 күннен кейін ектік. Денсаулығында ешқандай кінәрат болмады. Тышқанның иммунитетін бақылап отырамыз. Өзгеріс жоқ, бірқалыпты», деді Технология және биопрепараттар қауіпсіздігін бақылау зертханасының меңгерушісі Айнұр Нұрпейісова.
Шындап келгенде, мұндай күн сайын үздіксіз жалғасып жатқан ғылыми зерттеулердің технологияларын түгел тізіп шығу мүмкін емес. Мәселен, вакцина жасауға қажетті вирусты алу үшін ол кемі жүз рет «себіледі» немесе арнайы жасушаларға егіледі.
Өз кезегінде Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закария да: «Біздің QazCovid-in – инактивтелген вакцина. Яғни «өлтірілген» толық вереонды вакцина. Ал Спутник V – векторлық вакцина. Платформалары әртүрлі. Оларды технология, механизм жағынан салыстыруға болмайды», деді.
Қалай десек те біздің ғалымдардың жанкешті еңбегі қандай құрметке болса да лайықты. Қазіргі таңда Қазақстанда ғана емес, Орталық Азиядағы жалғыз Биологиялық қауіпсіздік проблемалары институты – 253 нақты қолданыстағы патенттің иесі. Мұның барлығы да әрекет етіп жатқан жеке-жеке ғылыми жаңалық. Отандық ғалымдар құс, шошқа тұмауына қарсы жасаған вакциналардың тиімділігін алға тарта кетсек болады. Институтта аса қабілетті қазақ жастарының легі өсіп келе жатыр. Соңғы жылдары аталған институтқа қатысты Үкіметтің көзқарасы дұрыс. Құны 500 млн доллар тұратын секвенатор сатып алынған. Бұл секвенатор коронавирустың 70-тен астам штамының геномын айқындайды. Бұрын бұл іске 2-3 ай қажет болса, секвенатор оны 3 күнде анықтап береді. Басқа да ғылыми-зерттеулерге қатысты құрал-жабдықтарға қол жеткізілген. Мұнда отандық вакцина жасау ісіне 56 ғылыми қызметкер тартылса, ветеринарлық медицина, молекулярлық биология, гендік инженериямен айналысып жатқан 200-ден астам қызметкер бар.
Қазір мемлекетіміз мұндағы мамандарға жағдай туғызуға ұмтылып жатқан жайы бар. Зерттеу институтының жанында бес қабатты үш тұрғын үй салынып жатыр. Қызметкерлерге арналған баспана осы жазда қолданысқа беріледі. Сәуір айының соңына дейін «СҚ-Фармация» қоймаларына отандық вакцина келе бастайды. Жалпы 2 млн доза екпе өндіру көзделген.