Онда аталған келісімге дәнекер елдер мен Иран тарапы кездесіп, келіссөзді жалғастыруға уағдаласты. Айта кетерлігі, АҚШ 2018 жылы аталған келісімнен шықты. Содан бері құжаттың мәні кетіп, Иран уранды игеруге белсенді кіріскен-ді. Қазіргі таңда халықаралық аренада Венадағы жиын күрмеуі келмей тұрған мәселені оңтайлы шешуге оң үлес қосады деген үміт пайда болды.
Венадағы жиынға кепіл елдер ретінде Франция, Германия, Ұлыбритания, Ресей, Қытай және Еуропалық одақ қатысты. Аталған мемлекеттердің өкілдері Иран мен АҚШ-тан келген әріптестерімен жеке-жеке кездесіп, келіссөздер жүргізді. Бір қызығы, мұхиттың арғы жағынан келген делегаттар бөлек қонақүйде, ал Тегераннан ат арытып келген делегаттар келесі, жолдың екінші бетіндегі қонақүйге жайғасты.
Аустрия астанасында өткен келіссөздер нәтижесінде Иран ядролық келісімін сақтап қалу мақсатында жол картасы әзірленді. Соған сәйкес алдағы екі ай ішінде АҚШ тарапы құжатқа қайта қосылса, Тегеран билігі өзіне қойылған міндеттерді орындауы тиіс.
Сондай-ақ екі жұмыс тобы құрылды. Біріншісі Иранға салынған экономикалық санкциялардың бәрін егжей-тегжейлі зерттеп, АҚШ олардың қайсысын алып тастауы қажетін анықтамақ. Екінші топ Иранның мойнына артылған міндеттерді нақтылап, оның қаншалықты орындалып жатқанын бақылайды.
Жиыннан кейін Ресейдің Венадағы арнайы өкілі Михаил Ульянов келіссөздердің сәтті өткенін жеткізген. Оның айтуынша, екі топ бірден жұмысқа кірісіп кетуге әзір. Бірақ келісімді аяқтауға қанша уақыт кететіні белгісіз.
Ал Еуропалық одақтың сыртқы саясат қызметінің саяси директоры Энрике Мораның сөзіне сенсек, кездесу сындарлы жағдайда өткен. Екі тараптың да дипломатиялық қатынасты жақсартуға ынтасы бар екені аңғарылған көрінеді.
Келіссөздер кезінде Иран тарапы 2016 жылдан бастап АҚШ салған санкциялардың бәрін алып тастауды сұрап отыр. Тіпті ядролық қаруды игеруге қатысы жоқ тыйымдар да күшін жоюы тиіс. Сонда ғана ресми Тегеран келісімді жалғастыруға дайын.
«АҚШ-тың бұрынғы президенті кезінде салынған санкциялардың бәрін алып тастау «Бірлескен іс-қимыл жоспарын» қайта қарауға жасалған алғашқы қадам болмақ. Содан кейін бұған көз жеткізген соң Иран келісімде көрсетілген міндетін орындауға кіріседі», деді жиын барысында Иранның сыртқы істер министрінің орынбасары Сеид Арагчи.
Сонымен қатар ол АҚШ тарапының келісімге байыппен қарауы қажеттігін де ескертті. Ал Иранның МАГАТЭ-дегі өкілі Казем Гарибабади Тегеран билігі санкцияның алып тастағанына көз жеткізу үшін мұнай сатуға, экспорттауға келісімдер жасап көреді. Осылайша, санкция салынған әр саланы тексеріп шықпақ.
Енді осы аптада Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары кездеспек. Сарапшылардың пайымдауынша, осыдан кейін Иран ядролық келісімін қайта қарау бойынша жұмыс жанданады деген үміт басым.
Естеріңізде болса, 2015 жылдың шілдесінде Венада Иран мен тағы алты мемлекет – АҚШ, Қытай, Ресей, Германия, Ұлыбритания және Франция «Бірлескен іс-қимыл жоспарына» (Иран ядролық келісімі – А.А) қол қойған еді. Келісім бойынша Иран тарапы уранды байыту бағдарламасын төмендетуге, ал халықаралық қоғамдастық Тегеранға салынған санкцияларды жұмсартуға міндеттеме алған.
Осы келісімге қол қою тараптар үшін оңайға түскен жоқ. Құжатты ақырғы рет қабылдамастан бұрын талқылау, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізуге байланысты келіссөздер екі аптадан астам уақытқа созылған. Жалпы, оған дейін де бірнеше мәрте тараптар келіссөз үстеліне отырған-ды. Осы орайда Иран ядролық келісімінің екі раунды Алматыда өтіп, Қазақстан тарихи келісімге қол жеткізуге өз үлесін қосқанын айта кеткен жөн.
Келісімге қол қойылғаннан соң Иранның сыртқы істер министрі Мохаммад Жавад Зариф құжатты «жеңіске жеткізетін шешім» деп атаған еді. Иран министрі бұл пікірді жайдан-жай айтқан жоқ. Өйткені ондаған жылды қамтыған экономикалық санкция салдарынан ел экономикасы орасан зор шығын көрді. Мұның кесірі әлеуметтік қайшылықтарға ұрындыратыны белгілі.
АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп Ақүй тізгінін ұстауға талас кезіндегі бір сөзінде Иранмен жасалған ядролық келісімді «апат» деп бағалап, келісім Иранға ядролық қаруларын сақтауға мүмкіндік береді деп мәлімдеген. Президенттік лауазымға кіріскен соң ол бұл сөзді бекерге айтпағанын іспен көрсетті.
Осылайша, 2018 жылы Дональд Трамп Иран ядролық келісімінен шығу туралы шешімге қол қойды. Сондай-ақ келісімнен шығып қана қоймай, Иранға қатысты ең қатаң санкциялар қабылдайтынын жеткізген. Кейіннен ресми Вашингтон аталған елдегі бірнеше компанияға, жеке тұлғаға қатысты экономикалық, кейбіріне тіпті саяси тыйымын үдетіп жіберді. Мәселен, Иранның аймақтағы ықпалының белгісі саналатын «Революция сақшыларын» террористік ұйым деп сипаттады. Вашингтон билігі мұнымен тоқтамай, Парсы шығанағы төңірегінде өз әскерінің санын арттырды. Былтыр АҚШ әскерилері ирандық беделді генерал Кассем Сулейманиді дрон арқылы атып өлтірді. Мұның бәрі екі ел арасындағы жағдайды ушықтырып, ядролық келісім туралы ұмыттырып жіберуге шақ қалған-ды.
Иран да қарап жатпады. АҚШ-тың Ирактағы базасын атқылады. Былтыр ел парламенті уран өндірісіне қатысты заң қабылдап, оны байыту деңгейін 20 пайызға дейін жеткізуге кірісті. 2015 жылы қабылданған келісім бойынша байыту мөлшерін 3,67 пайыздан асырмауға тиіс. Бірақ Тегеран билігі АҚШ тарапы санкцияларын алмайынша бұл бағыттағы жұмысын жалғастыра беретінін жеткізді.
Бұдан бөлек Иран елдегі уран мөлшерін 300 килограмнан асырған. Бұл 2015 жылғы келісімге сай емес. Таяуда ғана билік үш айдың ішінде 55 килограмм уранды 20 пайызға байытқанын мәлімдеді. Яғни Парламент шығарған заңда көрсетілген мөлшерден асып түскен. Иранның МАГАТЭ-дегі өкілі өндіріс көлемі 40 пайызға артқанын хабарлаған.
Енді саяси сахнадағы ахуал өзгерді. Иран ядролық келісіміне түбегейлі қарсы болған Дональд Трамп қызметінен кетіп, Ақүй тізгінін жаңа басшы – Джо Байден ұстады. Ол бірнеше рет «Бірлескен іс-қимыл жоспарын» қайта қарауға әзір екенін жеткізген-ді. Иран да келіссөздерді жалғастыруға ыңғай танытты.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Иран 2016 жылдан бергі салынған бүкіл санкцияны алып тастауды сұрап отыр. Алайда АҚШ-тың көзқарасы басқаша болуы әбден мүмкін. Өйткені, Ақүй Иранға ядролық қаруға ғана емес, адам құқығына, киберқылмысқа, терроризмге қатысты да тыйым енгізген. Оның бәрін бірден жеңілдететініне сену қиын. Бұл – біріншіден.
Екіншіден, АҚШ-тағы кей саясаткерлер 2016 жылдан бастап емес, 2018 жылдан, яғни Д.Трамп ядролық келісімнен шығу туралы шешімге қол қойғаннан кейін салынған санкциялардың ғана күшін жою қажет деп есептейді. Оған қоса, Байден әкімшілігі биыл адам құқығын бұзған бірнеше тұлғаға санкция енгізді.
Үшіншіден, санкцияларды жіктеу де үлкен жұмыс. Бұл аз десеңіз, Д.Трамп ядролық қаруды игеруге қатысы барға да, жоққа да оңды-солды тыйым салған. Мәселен, Ирандағы «Ислам революциясының сақшылары корпусы» АҚШ үшін террористік ұйым саналады. Бұл тізімге Иранның орталық банкі, мұнай министрлігі, Иранның ұлттық мұнай компаниясы да енген. Кей мәліметтерге сүйенсек, Иранға салынған санкциялардың ұзын-ырғасы 1500-ден асып кетеді.
Төртіншіден, АҚШ-тың да, Иранның да президенттері ақырғы келісімге қол қоймас бұрын елдегі ахуалды да ескеретіні анық. Мысалы, Ақүй басшысы Джо Байден құжатты халықаралық келісімге айналдыру үшін Сенаттың үштен екісінің дауысы қажет. Немесе Өкілдер палатасы мен Сенат мүшелерінің көпшілігі қолдауы тиіс. Таяуда сенатор Боб Мендес бастаған 43 депутат Байденге хат жолдап, Иранмен арадағы ядролық келісімге мұқият болуға шақырды.
Иран да келісімге тез, бірақ байыппен қол қоюға мүдделі. Өйткені елдегі саяси жағдай оған қиындық келтіруі мүмкін. Биылғы маусымда Иранда президенттік сайлау өтеді. Қазіргі президент Хасан Рухани екі мерзімге сайланғандықтан, алдағы саяси бәсекеге қатыспайды. Әзірге кандидаттар толық анықталған жоқ. Бірақ сарапшылар консерваторлар тобы жеңіске жетуі мүмкін деп есептейді. Олар таяуда ғана «Бірлескен іс-қимыл жоспарын» руханидің ең үлкен қателігі деп есептейтінін мәлімдеген.
Қорыта айтқанда, қазіргі ядролық келісімді тез арада қайта жалғастыруға дәнекер елдер ғана емес, Иран да мүдделі. Өйткені маусымдағы сайлауда өз өкілі жеңіске жету үшін қазіргі билік барын салмақ. Алда-жалда елге салынған санкциялар алынып жатса, оны халықтың қолдайтыны айтпаса да түсінікті.