Аймақтар • 12 Сәуір, 2021

Семейліктер көлік қатынасынсыз қалмайды

222 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Семейдегі қалаішілік автобустардың графикке сай қатынамауы туралы мәселе бұқаралық ақпарат құралдары  беттерінде аз көтерілген жоқ.

Қала тұрғындары да автобустардың жай-күйіне үнемі наразылық білдіріп келеді. Айналып келгенде, автобус паркінің өз ішіндегі мәселелері қоғамға кедергісін келтіріп-ақ отыр. Жұрт пікірін ескерген Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің өкілдері жағдайды түсіндіру үшін баспасөз конференциясын өткізді.

2019 жылы Семей қаласы тұр­ғындары тарапынан жолаушылар тасымалының сапасы мен қалалық автобустардың жай-күйіне қатысты көпжылдық арыз-шағымдардан кейін облыс әкімдігі «ҚДБ-Лизинг» акционерлік қоғамы арқылы көліктерді жаңарту туралы шешім қабылдаған еді. Жеңілдетілген лизинг алу үшін SEMEY BUS ЖШС бірлескен кәсіпорны құрылды, оның құрамында мемлекет үлесі 49 пайыз және жеке серіктес – «Семей автобус паркі» ЖШС-нің үлесі 51 пайыз болды. Лизинг аясында 4,2 млрд теңгеге 170 автобус сатып алынды. Бизнеске түсетін салмақты азайту үшін облыс әкімдігі жобаны бірлесіп қаржыландыруға 633 млн теңге бөлді. Осылайша, лизинг сомасы 3,5 млрд теңгеге дейін азайды.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес, жаңа автобустар сатып ал­ғанға дейін Семейдің жеке тасымалдаушылары жолаушылар ағыны жылына 17 млн адам деп көрсеткен. Алматы көлік және коммуникациялар ғылыми-зерттеу институтының мамандары жүргізген талдаудан кейін нақты жылдық жолаушы­лар ағыны 57 млн адамды құрайтыны анықталды. Бұл фактор лизинг арқылы жобаны жүзеге асыру туралы шешім қабылдауда не­гізгі фактордың бірі болды. Өйткені есептеулер бойынша жоба эко­номикалық тұрғыдан тиімді еді. Бизнесті қолдау үшін Семей қала­сының әкімдігі әлеуметтік маңызы бар маршруттардың тиімділігі тө­мен болған жағдайда, оларды суб­си­диялау бойынша міндеттеме ал­ды.

Алайда қазір SEMEY BUS ЖШС кәсіпорны қиын жағдайға тап болып отыр. Облыс әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаевтың айтуынша, мұның басты себебі – тиімсіз менеджмент. Кәсіпорын қызметкерлері жалақыны үне­мі кешік­тіреді, зейнетақы және әлеу­мет­тік аударымдар жүргізілмейді. Ай­талық, қарыз сомасы 168,5 млн тең­гені құрады. Осы себепті жұмыс­шылар екі рет митингіге шыққан. Сол кезде әкімдіктің араласуымен қарыз өтеліп, шиеленіс жойылған бола­тын. Сонымен қатар кәсіпорын бюд­жетке салық төлемей келеді. Қарыз – 316 млн теңге. Қазір сот про­цес­тері жүріп жатыр. Егер талап қана­ғат­тандырылса, компанияның шоты тұтқындалуы мүмкін. Демек, тасы­малдаушының қызметі тежелуі ықтимал.

– Лизинг алған сәттен бас­тап SEMEY BUS ЖШС несие бойын­ша шарттық міндеттемені орын­да­маған. Кәсіпорынға төлемдерді кейінге қалдыру мүмкіндігі де бе­рілді. Алайда қарыз өтелмеген және бүгінде 1,1 млрд теңгеге дейін ұл­ғайып отыр. Кредит мерзімі өт­кен сәттен бастап «ҚДБ-Лизинг» АҚ кәсіпорынға лизинг бойынша бере­шекті өтеу қажеттігі және лизинг ны­сандарын алып қою арқылы шартты мерзімінен бұрын бұзу қау­пі тура­лы бірнеше рет хабардар еткен. Егер бұ­лай болса, SEMEY BUS ЖШС-­нің қызметі тоқтайды, – деді А.Смат­лаев.

Бұдан бөлек, кәсіпорынның ком­муналдық және жеке ұйымдар алдында 347 млн теңге сомасында борыштары бар. Мәселен, 25 нау­рыздағы жағдай бойынша ком­пания­ның жалпы қарызы шамамен 2 млрд теңгеге жеткен.

– Лизинг бойынша берешекті есеп­ке алмағанның өзінде, кәсіп­орын жалақы, салық және өзге де төлем бойынша 830 млн теңге кредиторлық берешекке жол берген. Облыстың барлық автотасы­малдаушылары ішінде мұндай қар­жылық жағдай тек SEMEY BUS ЖШС-да ғана қалыптасып отыр. Сондықтан кәсіпорынның қаржы-шаруашылық қызметіне аудит жүргізілді. Бірқатар кемшілік анықталды, – деп атап өтті облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Маршруттар бойынша тасымалдауды жүзеге асыруға жеткілікті көлік­тері бола отырып, өз автобус­ паркінен ерекше үлкен класты авто­бус­тарды жалға алғаны белгілі бол­ды. Сондай-ақ жинақталған қа­рызға қарамастан, кәсіпорын қаражатты бизнес кластағы жеңіл автокөлікті жалға алуға, жиһаз бен жабдық сатып алуға жұмсаған. Ұйым дамуының теріс динамикасы орын алса да, ынталандыру төлем­дерін жүргізген.

Компания маршруттар бойынша тасымалдау ісіне 2019 жылғы қыркүйекте кірісті, ал алғашқы субсидияны беру туралы өтініш 2020 жылғы наурызда жіберілді.

– Жобаның жалпы сомасы 170 авто­бусқа 4,2 млрд теңге, ал әкім­діктің бірлескен қаржыландыруын ескергенде лизинг сомасы 3,5 млрд теңгені құрады. Компания жыл са­йын 3,5 млрд теңгеге субсидия тү­рінде мемлекеттік қолдауды, сонымен қатар тарифті көтеруді сұрады, яғни бір жылдың ішінде олар бүкіл жобаның құнына пара-пар ақша талап етті, – деп атап өтті А.Сматлаев.

Сонымен қатар 2021 жылдың 10 ақпанында кәсіпорын қайтадан 3,5 млрд теңге, ал 21 ақпанда 773 млн теңге сұрады. Осыдан кейін 29 нау­рызда компания 2021-2022 жыл­дарға 3,7 млрд теңге, яғни екі жыл ішінде 7,4 млрд теңге көлемінде субсидия сұрады. Бұл лизинг сомасынан екі есе көп.

Сонымен бірге билік өкілдері атап өткендей, тасымалдаушыда сұ­ралған сомалар мен тиісті негіз­демелердің нақты дәлелі болған емес және әлі де жоқ. Бірнеше күн­нің ішінде сомалардың неліктен сон­шалықты күрт өзгеретіні белгісіз. Осы­лайша, 2020 жылдың наурызынан бастап кәсіпорын тарапынан субсидиялау қағидаларына сәйкес түпкілікті негізделген есептері бар бірде-бір өтінім түскен жоқ.

Осыған қарамастан, 2020 жы­лы облыстық бюджеттен аз қам­тылған және көпбалалы отбасы­лардан шыққан балалардың жеңіл­дікпен жол жүруіне байла­нысты тасымалдаушылардың шы­ғындарын өтеу үшін Семей қа­ласына 140 млн теңге бөлінді. Алайда бұл соманың 5,9 млн теңгесі ғана игерілді, ал қалған ақша облыс бюджетіне қайтарылды.

Облыс әкімі бірінші орынба­сарының айтуынша, ағымдағы жылдың бюд­жетінде аталған мақ­саттарға 500 млн теңгеден астам қаражат қарастырылған. Бірақ бүгінгі күні тасымалдаушылар тек 14 млн тең­гені, оның ішінде SEMEY BUS ЖШС тек 8,4 млн теңгені игерді. 500 млн теңге – Семей қаласының маңызды әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталатын қомақты қаражат. Ал тасымалдаушы мемлекет бөлген қаражатты игере алмай отыр.

Сонымен қатар сатып алынған 170 жаңа автобустың небәрі жарты жылдан кейін 30-ға жуығы тоқтап қалса, бүгінде шамамен 70-і істен шығып тұр.

Облыс әкімдігі қала көлік қаты­на­сынсыз қалмауы үшін барлық қа­жетті шара қабылданып жат­қанын мәлімдеді. Әзірге кездесуге дайындығын байқатып отырған «ҚДБ-Лизинг» АҚ-мен келіссөздер жүргізілуде. Субсидия бөлу үшін кәсіпорынның қаржы-шаруашылық қызметіне және нормативтік-құ­қықтық актілеріне құқықтық талдау жүр­гізілуде, өйткені бәрі бюджет заң­намасының талаптарына сәйкес келуі тиіс.

– Тасымалдаушылар өтінімдері не­гізінде қажетті субсидия алады деп үміттенемін. Өкінішке қарай, бүгінге дейін бірде-бір негізделген өтінім түскен жоқ. Біз бұл мәселе бойынша жұмыс істейтін боламыз. Кез келген жағдайда көлік қаты­насының тоқтауына жол бе­ріл­мейді. Қоғамдық көліктер бар­­лық әлеуметтік маңызы бар ба­ғыттар бойынша қалыпты режім­де қатынайтын болады, – деді Се­мей қаласының әкімі Нұрымбет Сақ­тағанов.

Айта кетерлігі, Семей қаласы мәс­лихатының кезектен тыс сессия­сы өткізіліп, кәсіпорынға 500 млн теңге бөлу мәселесі қарастырылады. Одан әрі бұл мәселе республикалық деңгейде қаралатын болады.