Жуырда шаһарға нейрохирургияның майталманы Мыңжылқы Бердіқожаев қоныс аударып, №2 қалалық аурухананың бас дәрігері қызметіне тағайындалған болатын. Білікті нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев жаңа жұмыс орнында инсульт алып, жедел жәрдеммен ауруханаға түскен 57 жастағы әйелге ота жасады.
«Науқас субарахноидальды қан құйылумен алғашқы аневризма-геморрагиялық инсультпен түскен. Оған мидың КТ-да-субарахноидты қан кету, КТ ангиографиясы жасалғанда – сол жақ ішкі каротид артериясының аневризмасы анықталды. Сондықтан шұғыл түрде жаңа биплан ангиографында рентгенэндоваскулярлық әдіспен, яғни бас сүйегін ашпай ота жасалды. Ангиографта КТ бақылау операциясы жүргізілді», дейді нейрохирург.
Дәрігердің айтуынша, ота сәтті жасалып, қан кету көзі жойылған. Әрі қарай науқасқа емдеуді толық жүргізуге болады. Айта кетерлігі, өткен жылы қалалық ауруханаға соңғы үлгідегі ангеограф аппараты алынған болатын. Бұрын басына қан құйылған науқасқа бас сүйегін ою арқылы ота жасалса, жаңа аппаратпен миға тамыр жолдары арқылы ота жасалатын болды.
Еске салар болсақ, Мыңжылқы Сайлауұлы еліміздегі нейрохирругия саласын дамытып, әлемді мойындатқан білікті дәрігер. Бүгінге дейін 5 мыңнан аса бас миының тамырларына жоғары технологиялық әдіспен ота жасаған. Науқастың қан тамырларының ішіне ота жасап келе жатқанына 12 жылдан асты. Тіпті тума ауытқуы болған сәбилердің де ми тамырларына сәтті операция жасап, сауықтырып шығарып келеді.