Қоғам • 13 Сәуір, 2021

Сенімге селкеу түсірген судьялар

1616 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

World Justice Project халықаралық ұйымы анықтайтын «Сот тәуелсіздігі» индексі құқық үстемдігінің әлемдік рейтингінде Қазақстан сот жүйесінің көрсеткіштері бойынша 126 мемлекеттің ішінде 65-орынға тұрақтаған. Бұл өткен жылдан бастап 2 позицияға көтерілген халықаралық рейтингтің жақсарғанын аңғартады. Соңғы 4-5 жылда судьялардың материалдық жағдайы жақсарды, әлеуметтік мәртебесі де көтерілді. Алайда, еліміздегі сот жүйесінде сыбайлас жемқорлық мәселесі әлі күнге өзектілігін жоймай тұр.

Сенімге селкеу түсірген судьялар

Соңғы екі жыл ішінде елі­міз­де 83 судья түрлі себептермен қызметінен босатылып, біразының лауазымы төмен­детілген. Бұл сан бұрынғы жылдар­мен салыстырғанда 4 есе көп. Ал 2021 жыл бастал­ғалы Сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұсыны­сы­мен 2 судья қызметінен кеткен. Жал­пы, соңғы бес жылда сот жүйе­сінің 17 өкілі сыбайлас жем­қорлыққа барғаны үшін жауапқа тартылған. Кәсіби жарамсыздық, теріс қылық жасау, Әдеп ко­дек­сін бұзу, жемқорлыққа жол беру, оның ішінде пара алу – сот жүйесіне кір келтіріп жүр­гендердің жиі ұрынатын қателіктері, міне, осылар.

Судьялық қызметінен кеткен сот билігін атқарушы­ның бірі – Риддер қалалық сотының төрағасы Ғ.Оспа­нова. Бұл қыз­­метті соңғы 18 жыл бойы ат­қарып келген төрағаға Қазақ­стан Респуб­ликасы Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриі­нің шешімімен жұмыс орнын босатуға тура келген. Ал бұл ұсы­нысты жасаған орган – Шығыс Қазақстан облысы бойын­ша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет. Басты себеп – лауазым­дық мін­деттерін тиісінше орын­дамаған, атап айтқанда, қала­лық сот кеңсесінде құқық бұзу­шылықтарға жол берген.

Екіншісі – Павло­дар облысы­ның мамандандырыл­ған ауда­нара­лық экономика­лық сотының төрағасы Т.Таға­жай. Пара ал­ды деген күдікке ілінген сот төраға­сын қызметінен босату туралы Жарлыққа Мемлекет басшысы қол қойған болатын.  Талғат Тағажай сот этикасына қайшы келетін теріс қылықтар жасағаны және сот процесіне қатысушылармен процессуалдық емес қарым-қатынасқа түскені үшін жұ­мыс­­тан шығарылды.

«Лауазымды тұлғаның ірі мөлшерде пара алғаны» туралы ақпарат өткен жылы наурыз айында әлеуметтік желіні шарлап кеткен болатын. Кейіннен Павлодар облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеудің басталғаны туралы хабарлады. Осыдан кейін судьяның өкілеттіктері бірден тоқтатылған еді. Атал­ған қызметінде екі жыл ғана тұрақтаған ол осы лауа­зым­ға тағайындалғанға дейін Павлодар қалалық сотының төрағасы болып қызмет ат­қарған екен.

Соңғы 2-3 күн бойы әлеу­мет­­тік желінің «көрігін қыздырып» жүрген ақпарат­тың бірі – шы­ғыс­қазақстандық 4 судьяның жемқорлық әре­кетіне қатысты. Оның ішінде Өскемен қаласының №2 со­тының төрағасына тағыл­ған «сот ғимаратында пара ал­ған және спирттік ішімдіктер іш­кен» деген ауыр айып. Бұл келеңсіз оқиға осыдан үш жыл бұрын болғанымен, БАҚ 4 бірдей судьяның қызметінен кеткенін күні кеше болғандай жеткізді.

Жоғарғы Сот баспасөз қыз­­меті­нің хабарлауынша, тәртіп­тік комиссияның 2018 жылғы 21 желтоқсандағы шешімімен 4 судья – Өскемен қалалық №2 сотының төра­ғасы Қасымов, Аргим­бердина, Қайролдина және Глубокое аудандық сотының судьясы Әміровті қызметінен босату туралы ұсыныс берілген. Президенттің 2019 жылғы 20 ақпандағы Жарлығына сәйкес олар теріс қылық жасағаны үшін атқарып отырған лауазымдарынан босатылған.

Агенттік сот жүйесіндегі жем­қор­лыққа тосқауыл қою мақ­са­тында алдын алу сипа­тындағы іс-шараларға ерекше мән беріп, бұл бағыттағы жұ­мыстарды белсенді қолға алып келеді. Қылмыстық іс жүр­гізу кодексінің 200-бабы шең­берінде сот жүйесінде теріс қылықтарымен «танымал» бо­лып жүргендер мен Әдеп кодек­сін өрескел бұзатындарға тәртіп­тік си­пат­тағы шаралар да жиі қол­данылып келеді.

Судьялардың тәртіптік жа­уап­­кер­шілігін арттыру мақ­са­тында еліміздегі сот жүйесінде атқарылып жат­қан жұмыстар да аз емес. Мәселен, жаңа судьяларды ірік­теу мақсатында тиімді HR технологиялар енгізілді, судья­лардың біліктілігін ба­ға­лау­дың жаңа институты – Сот төре­лігінің сапасы жө­ніндегі комиссия құрылған, кадрлық резерв жасақталып, судьяларға қойылатын талап күшейтілген. Кейінгі 3 жылда сот жүйесінде бірқатар қанатқақты жоба іс­ке асырылып, 22 заң жобасы әзір­ленген.

Соңғы екі жылда судьяларды іріктеу процесі де бір­шама өзгеріске ұшырады. Сот билігін атқарушылардың жұмысын ба­ға­лау қайта қа­растырылды. Мәселен, об­лыстық соттардың алқа төрағаларын іріктеудің кон­курс­тық тәртібі енгізілді. Соның нәтижесінде сот төраға­­ларының осы лауазым­да екі мерзімнен артық отыруына шектеу қойылды. Бұл да жүйе­дегі жемқорлықты жоюға бағыт­талған жұмыс­тардың бір парасы.

Айта кетерлік тағы бір жайт – судьяларды аттес­таттауға қа­тысты. Өткен 2020 жылы осы жаңа әдісті қолданған кезде аттестаттауға қатысқан 377 судья­ның 11 пайызы сынақтан сү­рі­ніп, өте алмаған. Биыл жыл соңына дейін тағы 260 судья аттестаттаудан өтеді деп жос­пар­ланған. Осылайша, 2021 жылы судьялардың 84 пайызы толықтай тексеруден өткізілмек.

Судьялардың қатарын жем­қорлардан тазарту, соттарды біліктілігі жоғары кадрлармен қам­тамасыз ету секілді маңызды міндет биік мінберлерден жиі айтылады. Халықтың сотқа деген сенімін арттыру – сот төрелігі жүйесінің бас­ты басымдығы еке­нін жиі қайталайтын Жоғарғы Сот төрағасы Жақып Асанов та бір сөзінде: «Сот жүйесі уа­қыт талабына сәйкес дамуға тиіс. Реформа жайдан-жай жүр­гі­зілмейді. Егер судьялар әділ­дік пен заңдылықтың ең негіз­гі қағидаттарын бұзатын болса, біз оған көндіге алмаймыз. Сондықтан да сот корпусын заң саласы бо­йынша кәсіби маман болып қана қоймай, жо­ғары деңгейдегі ұйымдасты­ру­шы­лықтың, мәдениет пен жауапкершіліктің этало­ны болуға үндеуден жалық­паймын. Бұл қасиеттер – өз еліміздің азаматы және шынайы патриоты ретіндегі жетістіктеріміздің кепілі» деген еді. Алайда, сыбай­лас жемқорлық әлі күнге дейін сот жүйесіне деген сенімге селкеу түсіріп отырғанын жасыра алмаймыз. Дәл осы фактор судьялардың беделіне нұқсан келтіріп, әділетті қо­ғам құрамыз деген қадамға тұсау салып тұр.

Фемиданың барлық қыз­мет­­кері ең бірінші заңды­лық­тың сақшысы болуы керек. Бірақ осы «керек» пен «қажеттен» аспайтын сөз жүзіндегі реформалардың шы­найы өмірден тым алшақ болуының себебі неде? «Бел­сенді жүргізіліп жатыр» деген «тазалау жұмыстарының» нәти­жесі неліктен көрін­бей­ді? Жоғарыда сөз еткен екі судьяның «көрсеткіші» өзге­лерге сабақ бола ма? Жоғарғы Сот басшылығы осындай оқиға­лардан кейін судья­ларға деген қалыптасқан теріс көзқарасты өзгертетіндей түбе­гейлі шешім шығаруға да­йын­ ба?

Міне, осындай жұртшы­лық көкейінде жүрген судья­лардың әдепсіздігі мен жем­қорлығы үшін жауапты­лықты күшейтуге қа­тыс­ты сұрақ көп.