МЕЛЬБУРН. Адамның өз еркімен өлуіне көмектесу құқығы әлі де талқыланып келеді. Өткен айда Испания парламенті биылғы мамырда күшіне енетін заң қабылдады. Құжатқа сәйкес, ересек науқастар жанын қинайтын ауыр және жазылмайтын ауруға шалдықса, дәрігерлерге олардың бұл фәнимен қоштасуына көмектесуге рұқсат етілмек. Дәрігер дозасы өлтіруге жететін дәрі тағайындай алады, ал оны пациенттердің өздері қабылдайды. Мұндай әдіс түрлі терминдермен белгілі: өлімге медициналық көмектесу, ерікті түрде өлу, физикалық суицид. Немесе науқасқа өлім инъекциясын салады. Бұл ерікті эвтаназия атауымен белгілі.
Ақпан айында Португалия парламенті айықпас дертке шалдыққан науқастарға ерікті эвтаназия жасауға рұқсат беретін заң жобасын қабылдады. Португалия президенті Марсело Ребело де Суса құжат анық жазылмағанын алға тартып, оны Конституциялық сотқа жіберді. Парламент түзетілген нұсқаны қайта қабылдауды жоспарлаған. Құжат жыл соңына дейін заңға айналуы тиіс.
Басқа елдер бұдан асып түсті. Канада 2016 жылдан бастап табиғи өлімі уақыт еншісіндегі жазылмайтын науқастардың еркімен өлуіне медициналық көмек көрсетуге, яғни дәрігердің көмегімен суицидке де, ерікті эвтаназияға да рұқсат берді. Заңнама Канада Жоғарғы сотының өзіне өзі қол жұмсауға және ерікті эвтаназияға тыйым салу Құқықтар мен бостандық жөніндегі Канада хартиясын бұзады деген шешіміне жауап еді.
Канадалықтар заңнаманы қолдады. Бірақ сауалдамаға сүйенсек, 10 респонденттің сегізі құжаттың шектеулері тым көп деп есептейді. 2019 жылы Квебекте қозғалған істе провинцияның Жоғарғы соты табиғи өлімі болжанған пациенттерге өлімге көмек көрсетуді шектеу Құқықтар хартиясын бұзады деген шешім шығарды.
Наурызда жалпы қоғамдық кеңестерден, парламенттік пікірталастардан кейін Канада парламенті «ауыр және жазылмайтын медициналық жағдайы» бар пациенттердің өлуіне медициналық көмек беру жөніндегі түзетуді қабылдады. Бұл былай түсіндірілді: «ауыр және жазылмайтын дертке, ауруға немесе мүгедектікке душар болған; қабілеті қалпына келмейтіндей дамуына шектеу келсе; жан төзгісіз ауыртпалық тартып, қазіргі жағдайынан жазылуы мүмкін емес физикалық немесе психологиялық азапты бастан кешіру».
Құжатта табиғи өлімін болжау мүмкін емес пациенттер қазір қайтыс болуына көмек алу құқығына ие екеніне қарамастан, науқастардың өтініштері қосымша тексеруден өтуі керек. Мәселен, 90 күндік міндетті кезең беріледі. Осы уақытта пациенттің денсаулығына бақылау жасалады. Бәлкім, осы мерзім ішінде оның беті бері қарауы мүмкін.
2016 жылғы заңнаманы бес жылдан кейін қайтадан парламенттік шолу қажет болды. Оған қоса, шолуда заңның қалай жұмыс істейтініне жалпы тексеруден басқа, өлімге медициналық көмек көрсету жөніндегі қоғамдық талқылауды қалыптастыруға көмектесетін екі мәселе қарастырылмақ. Біріншісі, алдын ала сұраныстарға рұқсат беру керек пе? (Мысалы, адам деменцияның алғашқы сатысында өмірдің ләззатын көруге қабілетті, бірақ бұл қабілет жоғалған сәттен бастап өмір сүргісі келмейді). Шолуда қаралатын келесі мәселе – өлуге медициналық көмектесу жан төзгісіз, жазылмайтын психикалық ауытқуы бар науқастарға қолжетімді бола ма?
Өлуге медициналық көмектесуді алдын ала сұрауға рұқсат беру мәселесі тұрғындар қартайған сайын, адамдарда деменция көбейген сайын өзекті бола түседі. Өткен жылы Голландияның Жоғарғы соты дәрігерлер жазбаша келісімін берген, бірақ кейіннен келісім қабілетін жоғалтқан пациенттерге эвтаназия жасағаны үшін жауапкершілікке тартылмайды деген шешім шығарды.
Бұған рұқсат берудің басты себебі – деменцияның алғашқы сатысындағы пациенттердің өмірлерінен ләззат алуға мүмкіндігі бар. Осылайша, егер қабілеті бола тұрып өзіне қол жұмсаса, алдын ала сұранысты қолдайтын канадалық Гиллиан Беннетше айтқанда, олар «бос қабаққа» айналуынан қорықпайды. Беннетт өз өмірін қиды, өйткені оған деменция диагнозы қойылды. Сондықтан ол ләззатын сезінбейтін өмірді жалғастырғысы келмеді. Әрі мейірбикелердің жазылып кететін науқастарға көмектесуіне кедергі келтіріп, оларды өзіне қаратып қойғысы келген жоқ.
Канадада 2021 жылы қабылданған заңға сәйкес, психикалық ауруы барлардың өлуіне медициналық көмектесуге тыйым салынды. Бірақ екі жылдан кейін тыйымның мерзімі аяқталады. Бұл парламентке берілген мерзім. Осы уақыт аралығында олар қайтыс болуға көмек сұраған психикалық науқастардың қайғы-қасіреті шынымен де жазылмайтынына қандай кепілдіктер қажет екенін шешуге тиіс.
Кей психикалық науқастың емделуі мүмкін емес әрі қатты зардап шегетініне күмәндануға болмайды. Бірақ емделмейтін, бірақ айықпас физикалық ауруға шалдыққандардың өлуіне медициналық көмектесу рұқсат етілсе, жазылмайтын психикалық дертке шалдыққандардың тартар зардабы да сондай болса, неге өлуіне медициналық көмектесу рұқсат етілмейтіні түсініксіз. Сонымен қатар емделуге келмейтін депрессиямен немесе басқа психикалық дертке шалдыққан адамдарға эвтаназияға рұқсат беру өмірді жеңілдетер еді.
Психикалық ауру Бельгия мен Нидерландта эвтаназия жасауға жеткілікті болып саналады. Бельгиядағы 100 психиатриялық пациентке жасалған зерттеуге сүйенсек, психологиялық азап шегуден құтылу мақсатында эвтаназияға жүгінген пациенттердің 48-нің өтініші қабылданған. Бірақ 8 пациент бұл процедураны кейінге қалдырған немесе бас тартқан. Өйткені олар мұндай мүмкіндіктің болуы олардың жүрегін тыныштандырып, одан әрі еркін өмір сүруіне жағдай жасаған.
Қалған жалғыз сұрақ – пациенттің психикалық ауруы емделмейтіні және жалғаса беретіні туралы психиатриялық бағалау қаншалықты сенімді? Қалай дегенмен де пациент қана азаптың қаншалықты төзімсізін, емделуді жалғастыру қажет пе, әлде өмірден бас тарту қажет пе – оны өзі шешеді.
Питер СИНГЕР,
Принстон Университетінің биоэтика профессоры, коммерциялық емес «Сіз сақтай алатын өмір»
ұйымының негізін қалаушы
Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org