ВАШИНГТОН, КОЛУМБИЯ ОКРУГІ. Неліктен жұрттың бәрі АҚШ президенті болғысы келетініне негіз сіз ойлағаннан да көп. Иә, елдегі ең әлеуетті офисті басқаруға сайлану, «Шефіміз жасасын!» дегенді есту, әскери сәлемді қабыл алу, «Президент мырза» атану – даңқты мәртебе. Мемлекеттік кешкі астарда төрге шығасыз. Ешқашан кезек күтіп шаршамайсыз. Әйтсе де, уақыт өте келе президенттердің шашына ақ түскенін байқаймыз (Әрине, Джо Байденнің шашы әлдеқашан ағарып үлгерді, бірақ бұл қызмет те өз белгісін қалдыратыны анық).
Мұндай теріс әсердің себебі белгілі. Ең озық жоспарлар бұрыс шығады, әр бұрыштан жағымсыз «сый» күтіп тұрады. Басында Байденнің әкімшілігі, әсіресе Дональд Трамптың түкке тұрмайтын қызметімен салыстырғанда, тиімділіктің үлгісі секілді көрінді. Тіпті өтпелі кезеңде де, Трамп сайлауда жеңіске жеткенін алға тартып, елді әбігерге салғанда да Байден мен оның көмекшілері басқаруға әбден дайындалғаны аңғарылды. 6 қаңтарда Капитолийға жасалған шабуылдан кейін Байденнің инаугурациясы қатты күзетіліп, қалыпты жағдайда өтті. Бірнеше сағаттан кейін ол 17 бұйрыққа қол қойды. Сондай-ақ Трамптың ыңғайсыз саясатын өзгертуге бағытталған қарарлар қабылдады. Соның ішінде Мексикамен шекарада қабырға салу құрылысын тоқтату туралы бұйрық бар.
Байденнің алғашқы заңнамалық және атқарушылық міндеті бақылаусыз кеткен коронавирус пандемиясына тосқауыл қою еді. Кей сарапшының пайымдауынша, Трамптың денсаулық сақтау саласындағы дағдарысқа енжар қарауы жүз мыңдаған америкалықтың қайтыс болуына әкеліп соқты.
Байденнің алғашқы қадамдары бұрын-соңды болмаған деңгейде өзіне дейінгі президенттің саясатын жоққа шығарудан басталды. Атап айтқанда, Трамптың халықаралық ұйымдардан шығу шешімін жою, сондай-ақ экологиялық және тең құқықтар саясатын жүзеге асыруды қамтыды. Ақкөңіл, тіл табысқыш Байден көпшілік күткеннен де қатал екенін көрсетті. Ол екі партиялық ұстанымын өзгерткен жоқ. Бірақ егер республикашылар онымен жұмыс істегісі келмесе (олардың келіспейтінін болжау қиын емес), Байден оларсыз-ақ алға ұмтылуға дайын екенін аңғартты.
Трампшыл республикашылар бұрынғыдан бетер біржақты бола түсіп, Капитолийдегі күзет қызметінің саны аз деп, оларды көбейту қажет екенін айтқан сарапшылардың ұсынысын қолдаған жоқ. Тіпті кейбірі 6 қаңтардағы Трамптың айдап салуымен жасалған, 5 адамның өмірін жалмаған Капитолийге шабуыл үлкен мәселе емесін алға тартады.
Ақпан айының ортасына таман Вашингтонда Трампқа табынушылар қатарына ілікпегендер арасында мына пікір кең таралды. Байден шалыс басқан жоқ. Бірақ содан кейін оның таңғажайып президенттігі күрделі мәселелердің астында қалды. Трамптың бастамасын тоқтатқаннан кейін Байден Орталық Америка мен Мексикада таралған қаңқу сөзге, яғни оның әкімшілігі иммигранттарға оң қабақ танытады деген сыбыстың таралуын тоқтатуға ештеңе істей алған жоқ. Нәтижесінде, сәуірдің басында шекарадан өткендер саны кейінгі 15 жылдағы ең жоғары деңгейге жақындады. Соның ішінде жасөспірімдер мен ата-аналары жоқ балалардың саны жөнінен антирекорд орнады. Осылайша, биліктің қамқорлық жасау мүмкіндігінен де асып түсті.
Байден ашық басқаруды жүзеге асыруға ниет білдіргеніне қарамастан, бұл оқиғаның дағдарыс емесін айтып, жыл сайын осы мезгілде қайталанатын жағдай екенін алға тартты. Қате қадамды сирек жасайтын оның әкімшілігі шекара маңындағы кей босқындар лагеріндегі жағдайды толық айтқан жоқ.
Иммиграция – АҚШ-та ұзақ уақыт бойы шешілмеген мәселе екені тағы бір мәрте дәлелденді. Ал республикашылар Байденді аяқтан шалатын мүмкіндік алды. Оның вице-президент Камала Харристі иммигранттар санын азайту жөніндегі жұмысты басқаруға тағайындауы да түрліше қабылданды. Харристің міндеті – негізгі себепті анықтау. Яғни неліктен Сальвадор, Гватемала және Гондурас мемлекеттерінің тұрғындары үйлерін тастап кететінін немесе балаларын солтүстікке өте қауіпті сапарға жіберетінін түсіну болатын. Мұның негізгі себептері биліктің жемқорлығы, нашар экономика, қарақшылық зорлық-зомбылық және климаттың өзгеруі деп есептеледі. Алайда олардың ешқайсысы жақын арада түзетілуі неғайбыл.
Байден әкімшілігіне тағы бір қиын түйін тап келді. Қаруды оңай сатып алу мәселесі қайта көтерілді. Наурыздың аяғында бір аптаның ішінде Атлантада, содан кейін Боулдерде (Колорадо) болған екі атыс бұл проблеманы күн тәртібіне қайта шығарды. Бірақ қару-жарақты бақылау жайы Вашингтондағы сайланған саясаткерлерге қарағанда халық арасында әлдеқайда өзекті. Саясаткерлер ұлттық атқыштар қауымдастығы (NRA) заңды қиындыққа тап келгеніне қарамастан, олардың ықпалынан қауіптенеді.
Кейінгі жылдары қару-жарақты бақылауды қолдайтындар саны өсіп, өзгеріс басталды. Әр жаппай қырғыннан кейін олар осы жолы нақты мүмкіндік бар екенін айтады. Олар қазір де соны алға тартып жатыр. Ең озық ұсыныс – мылтық сатып алушылардың өмірбаянын тексеруді күшейту. Бірақ Боулдердегі қанқұйлы атқыш ондай тексеруден өткен. Басқа мәселелермен қатар, Байден шабуылдаушы қаруларға тыйым салуды қайтаруға шешім қабылдады. Алайда бұл мәселе басқа басымдықтарға кедергі келтірмеуі керек.
Байденнің ең маңызды міндеті – құны 2 триллион долларды құрайтын инфрақұрылымдық бағдарлама. Менің ойымша, Байденнің осындай «үлкен бастамасы», сонымен қатар шамамен пандемиядан құтқару мақсатында 2 триллион доллар бөлу жоспары Байден мен Барак Обаманың бәсекелестігін көрсетеді. Обама өте мұқият еді. Ал оның адал лейтенанты болған Байден батыл қадамға барады. Обама ұсыныстарға қарсылық білдірген республикашылардың тілін табатын.
Байденнің инфрақұрылым тұжырымдамасы өте еркін. Көлік министрі Пит Буттииг оны «америкалықтардың өркендеуіне мүмкіндік беретін негіз» деп атайды. Байден бағдарламасында ескі жолдар, көпірлер, су инфрақұрылымы тұжырымдамасы кеңінен қаралған. Бірақ жоспардың аз бөлігі ғана климаттың өзгеруіне және қарттарға үйде күтім жасауға арналған. Мектептер мен қолжетімді тұрғын үйді қамтитын екінші бөлім кейінірек ұсынылмақ. Бұл бағдарламаға төленетін қаражат пен салық екі партияның да қарсылығына ұшырайды. Бірақ оны 51 дауыспен Сенатта қабылдауға мүмкіндік бар. Бұл парламенттік шешімнің Байденге тигізер көмегі мол.
Элизабет ДРЮ,
вашингтондық журналист, Washington Journal: Reporting Watergate and Richard Nixon’s Downfall кітабының авторы
Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org