Технология • 14 Сәуір, 2021

NIS түлегі робот-техника бойынша тегін онлайн курс бастады

266 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 2020 жылғы түлегі, Назарбаев Университетінің студенті Даниил Филимонов робот-техника бойынша «Beyond Robotics» тегін онлайн курсын іске қосты. Курсқа робот-техника бойынша үздік қазақстандық тренерлер мен американдық ЖОО профессорларының вебинарлары мен онлайн сабақтары енді, деп хабарлайды Egemen.kz.

NIS түлегі робот-техника бойынша тегін онлайн курс бастады

Оқыту «Beyond Curriculum» қоғамдық қорының онлайн-мектебі базасында өтуде.⠀

– Кішкентай кезімнен бастап мені құрастыру идеясы қызықтырды, сондықтан Назарбаев Зияткерлік мектебінің қабырғасында робот-техника үйірмесіне жазылдым. Біздің жобаларымыз халықаралық аренада, Дүниежүзілік WRO роботтар олимпиадасында ұсынылады деп тіпті елестете алмадым. Жеңістер аз болған жоқ, енді мен робот-техниканы оқығысы келетіндердің барлығына көмектесу үшін жаңа мақсат қойып отырмын, – дейді Даниил Филимонов.

Даниил Филимонов – World Robot Olympiad 2019 халықаралық кезеңінде «Open Senior» санатында үшінші орын, сондай-ақ робот-техника бойынша республикалық олимпиаданың алтын медальдарының (2018, 2019), ғарыштық зерттеулер бойынша халықаралық жарыстың бірінші дәрежелі дипломының (2019), «Ғарыш. Ғылым. Интеллект» Наурыз кездесулерінің екінші дәрежелі дипломының (2019) иегері. ⠀

Даниил өз тобымен бірге робот-техника бойынша 10-нан астам тегін онлайн курстарын, 25 сағаттық сабақтарды, 6 вебинарды әзірледі, сондай-ақ, Корнелл және Мичиган университеттерінің жүздеген қосымша материалдарын дайындады.⠀

Оқыту кез-келген дайындық деңгейі бар қатысушыларға арналған: робот-техника негіздерінен бастап нейрондық желілерге дейін, практикада құралдармен жұмыс істеу үшін, тіпті оқытушыларға арналған материалдарды да қамтиды. Сондай-ақ платформада прогресті бақылауға арналған үй тапсырмалары мен тесттер бар. Материалдар қазақ және орыс тілдерінде де қолжетімді.⠀

Курс негізін қалаушы Антон Моргунов болып табылатын «Beyond Curriculum» қоғамдық қорының қолдауымен құрылды. Антон – Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 2017 жылғы түлегі, химия пәнінен халықаралық және республикалық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері, бүгінде MIT (Массачусетс технологиялық институты) Химия және биология факультетінің студенті.⠀

Beyond Curriculum – математика, физика, химия, биология, география пәндерінен тегін білім алуға мүмкіндік беретін білім беру платформасы.⠀

– Біздің команда «Beyond Robotics» тегін жобасының көмегімен робот-техникаға қосылғысы келетіндердің барлығына мүмкіндік беруді көздейді. Қазіргі уақытта 100-ден астам оқушы білім алуда, сен де қосыл. Роботтар әлеміне қош келдіңіздер!, – деп «Beyond Curriculum» қоғамдық қоры «Робот-техника» бөлімінің басшысы Даниил Филимонов қосылуға шақырды.⠀

«Beyond Robotics» бойынша оқуды бастау үшін онлайн-мектепте тіркелу жеткілікті https://school.bc-pf.org/ және сілтемеге өтіп, каталогтан Робот-техника https://robotics.bc-pf.org/  курсын қосу қажет.⠀