Парламент • 15 Сәуір, 2021

Жер туралы заң Сенатқа жолданды

128 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырыста Палата депутаттары бірқатар жаңа ратификациялық заң жобасын мақұлдады. Сондай-ақ шетелдіктерге жер сатуға тыйым салуға қатысты заң жобасы Сенатқа жолданды.

Жер туралы заң Сенатқа жолданды

Тарқатып айтар болсақ, Еура­зиялық экономикалық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуына байланысты ЕАЭО құқығына кіретін жекелеген халықаралық шарттарды және ЕАЭО органдарының актілерін қолдануы жөніндегі жағдайлар мен өтпелі ережелер туралы 2015 жылғы 8 мамырдағы хаттамаға өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы мақұлданды. Аталған мәселе жөнінде Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов баяндама жасады.

Құжат Қырғыз Республикасы үшін өтпелі кезеңді Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай кедендік тарифтерін толық импле­ментациялауға дейін ұзарту жөнін­дегі уағдаластықтарды іске асы­руға бағытталған. Соны­мен қатар үшінші елдерден әкелі­нетін кейбір тауарларға қатыс­ты Қырғыз Республикасы қолда­натын кедендік-тарифтік реттеу саласына түзетулер енгізу қам­тылған.

«Экономиканы ЕАЭО-ның талаптарына бейімдеу мақсатында Қырғыз Республикасына 222 тауар бойынша бірыңғай кедендік тариф мөлшерлемелеріне көшу үшін бес жылдық кезең берілген. Қырғыз Республикасының алып қою тізбесіне азық-түлік та­уарлары, дәрілік заттар, автомобильдер, түсті металдардан жасалған кейбір бұйымдар мен жаб­дықтар кірді. Қырғыз тарапы не­ғұрлым төмен баж салығын қолданған өтпелі кезең 2020 жылғы 1 қаңтарда аяқталуы тиіс еді. Алайда мемлекеттің тұрақсыз экономикалық және әлеуметтік жағдайын ескере отырып, Қырғыз Республикасының президенті 2019 жылғы желтоқсанда ЕАЭО мемлекеттері басшыларының саммиті барысында алып қою тауарларына қатысты неғұрлым төмен баждарды қолдану мерзімін ұзарту туралы өтініш жасады. Талқылау қорытындысы бо­йынша мемлекеттер басшылары, сондай-ақ Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің құрметті төрағасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өтпелі кезеңді бір жылға ұзартуға келісе отырып, ізгі ниетін білдірді. Төменгі баждардың қолдануын ұзарту көлік тобына әсер етпегенін атап өткен жөн. 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап Қырғыз Республикасы барлық тауарларға қатысты ЕАЭО-ның бірыңғай кедендік тарифінің мөлшерлемелеріне көшті», деді Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов.

Осы ретте, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин халықаралық шарттарды ратификациялау рәсімдерінің мерзімдері кейбір министрліктер тарапынан жүйелі түрде бұзылатынына назар аударды.

Мысалы, Еуразиялық эконо­ми­калық одақ шеңберінде осы ма­ңызды ратификацияны келісудің мем­лекетішілік рәсімдерін өткізу бір жылдам астам уақыт­қа созылған. Осы орайда, Нұр­лан Нығматулин:«Пандемия минис­тр­ліктер жұмысының қарқынын, сапасын және жауапкершілігін төмендетуге себеп болмауы тиіс. Бұл жерде басты мәселе, құ­зырлы министрліктер мен құры­лымдардың бірлескен жұмысына байланысты. Жалпы айтқанда, халықаралық келісімдерді уақ­­тылы ратификациялау инте­гра­циялық процестер үшін өте ма­ңызды», деді.

Отырыста Палата Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт­қа Арменияның қосылуы туралы 2014 жылғы 10 қазандағы шарт­қа өзгерістер енгізу туралы хатта­маны ратификациялау туралы заң жобасын мақұлдады. Хатта­ма Армения Республикасы үшін өтпелі кезеңді Еуразиялық эконо­микалық одақтың бірыңғай кеден­дік тарифтерін толық имплемен­та­циялауға дейін ұзарту жөніндегі уағдаластықтарды іске асыруға бағытталған.

«Еуразиялық экономикалық одаққа кіру жөніндегі келіссөздер нәтижесінде Армения Респуб­ли­касына қосылған сәттен бас­тап 7 жыл ішінде 981 тауарға қа­тысты неғұрлым төмен кедендік әкелу баждарын қолдану мүм­кін­дігі берілді. Тізімге ет, жарма, хи­миялық өнімдер, автомобильдер, дәрі-дәрмектер, жабдықтардың, құ­ралдардың және асыл тастар­дың кейбір түрлері кірді. Осы ретте осы тізбені жыл сайын қыс­қарту көз­делген. Арменияға беріл­ген өтпелі кезең 2022 жылы аяқ­талады. 2019 жылғы жел­тоқ­санда Жоғары Еуразия­лық экономикалық кеңес бары­сында Армения Республика­сының премьер-министрі Бірың­ғай кедендік тарифке көшу ке­зеңін ұзарту туралы өтініш жасады. Армения Республика­сында қалыптасып отырған эконо­ми­калық жағдайды ескере отырып, Еуразиялық экономикалық одақ­тың қалған мемлекеттері неғұр­лым төмен баждарды қолдану мүмкіндігін 1 жылға ұзартуға келісті. Өтпелі кезең 553 тауарға қатысты ұзартылды. Көлік тобына қатысты өтпелі кезең ұзар­тылмады және 2020 жылғы
1 қаңтарда аяқталды», деді Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов. 

Сондай-ақ Палата депутаттары жер қатынастары мәселелері бойынша заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасын қарау барысында депутаттар заң жобасын енгізу мақсатын күшейтуге бағытталған түзетулер енгізді.

Атап айтқанда, шетелдік аза­мат­тар мен заңды тұлғалар, шетел­дік қатысу үлесі бар бірлескен кә­сіпорындар заңды тұлға қаты­су­шыларының құрамына кірген жағдайда, сондай-ақ заңды тұлға қатысушысының Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылған кезде ауыл шаруа­шылығы жерлерін иеліктен шығару рәсімдері көзделген.

Айта кетерлігі, заң жобасы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың заң шығару бастамасы тәртібімен дайындалды. Екінші оқылымда құжат жөнінде депутат Берік Оспанов баяндама жасады. «Заң жобасы 5 заңнамалық актіге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарас­тырады. Олар шетелдік жер пай­даланушылардың, Қазақ­стан Республикасының шетел­дік қатысуы бар заңды тұлға­ларының, сондай-ақ ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жер учас­келерін жеке меншік құқығымен және жер пайдалану құқығымен қан­дастардың иеленуіне тыйым салуды енгізуге қатысты. Заң жобасын Палата биылғы 7 сәуірде бірінші оқылымда мақұлдады. Заң жобасын қарау барысында депутаттар заң жобасын енгізу мақсаттарын күшейтуге бағытталған түзетулер енгізді. Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес келтіруге бағытталған редакциялық-нақ­тылау сипатындағы түзетулер көзделген. Сондай-ақ заң жоба­сының ережелері бір-бірімен үй­лескен. Мәжілістің барлық ко­ми­теттері осы заң жобасы бойын­ша оң қорытындылар ұсынды. Мүдделі уәкілетті органдар, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобының 3 отырысы және комитеттің 2 кеңейтілген отырысы өткізілді. Салыстырмалы кестеде қабыл­данған 18 позиция бар. Баяндал­ғанды ескере отырып, Аграрлық мәсе­лелер комитеті аталған заң жоба­сын тұтастай екінші оқылым­да мақұлдап, оны Парламент Сенатының қарауына жіберуді ұсынады», деді Б.Оспанов.

Талқылау барысында Палата депутаттары аталған ұсынысқа қолдау білдіріп, заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Отырыс соңында Мәжіліс депутаттары: Альберт Рау, Вера Ким, Александр Милютин, Ерлан Смайлов, Дүйсенбай Тұрғанов, Сергей Решетников, Жамбыл Ахметбеков, Қазыбек Иса, Бекболат Тілеухан, Серік Ерубаев, Мақсат Раманқұлов, Ғалымжан Елеуов, Ілияс Бұларов, Андрей Линник мемлекеттік органдар басшыларына депутаттық сауалдарын жолдады.