Әлем • 15 Сәуір, 2021

Ever Given Мысырда қалды

112 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мысыр билігі Суец каналына қайраңдап қалған жүк кемесі Ever Given-ді тәркіледі. Кеменің иесі әлемдік саудаға үлкен шығын әкелген оқиғаның өтемақысын төлемейінше, Ever Given енді орнынан қозғалмайды.

Ever Given Мысырда қалды

 

Қазіргі таңда тараптар өтемақының көлемі қанша болуы қажет екеніне келісе алмай жатыр. Мысыр тарапы оқиғадан келген шығынды 1 млрд долларға жуық сомаға бағалап отыр.

Өз кезегінде кеменің иесі жапониялық Shoei Kisen Kaisha салынған өтемақы мөлшерімен келіспейді. Әйтсе де, компания өкілі Руй Муракошидің айтуын­ша, қазіргі таңда Мысыр билігімен келіссөздер жалғасып жатыр.

Суец каналы әкімшілігі төрағасы Осама Рабидің айтуынша, өтемақы көлемі құтқару жұмыстарына, канал жағалауына келген зардапқа және әрлі-берлі өткен кемелерден түсетін қаражаттың тоқтап қалуына байланысты есептелген.

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына сүйенсек, Мысыр соты Ever Given-нің иесі өтемақыны толық төлемеген жағдайда кемені өздерінде алып қалуға шешім шығарған.

Естеріңізде болса, наурыз айының соңында Суэц каналында ірі жүк кемесі қайраңға шөгіп қалып, ең маңызды су жолының бірін бөгеп тастады. Бұл жағдай тіпті тауарларды жеткізу тізбегіндегі дағдарыстың күшею қаупін тудырған. 29 наурызда кеме қайраңнан босатылды. Сәуірдің басында Суэц каналындағы қозғалыс қалпына келді.