Қоғам • 15 Сәуір, 2021

Екпе алу пункті мешітте де ашылды

193 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Дәрігерлердің пікірінше, халықты коронавирус инфекция­сынан вакцина мен ұжымдық иммунитет ғана сақтайды. Ал жалпы иммунитет қалыптасу үшін кем дегенде ересек азаматтардың 60 пайызы екпе алу керек. Сондықтан да Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарын ресейлік Спутник V препаратымен жаппай вакциналау басталды.

Екпе алу пункті мешітте де ашылды

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «ЕQ»

Өңірде үш ай бойы коронавирус індетін жұқтырып алу қаупі жоғары салада жұмыс іс­тейтін сала мамандары егілді. Олар­дың қатарында медицина қызметкерлері, құқық қорғау және күш құрылымдарының қыз­меткерлері, педагогтер бар. Бүгінгі таңда жалпы 17,5 мыңнан астам тұрғын коро­на­вирусқа қарсы екпе алды.

Ендігі кезекте облыс тұр­ғын­дарын жаппай вакцина­лау бас­талады. Шығыс Қазақ­станда қазір­дің өзінде 136 егу пункті ашыл­ды. Оның 48-і об­лыс­ кәсіпорындарында, 72-сі меди­циналық мекемелерде ор­наласқан. Енді денсаулығын ойлаған кез келген азамат ерікті түрде Сovid-19 вирусына қарсы екпе жасата алады. Екпе алуға болатын емханалар мен ауруханалар тізіміне Өскемен мен Семейдің 40-тан астам медицина мекемесі енген. Сондай-ақ, аймақтың басқа қалалары мен аудандарындағы 25 медициналық мекемесінен егу пункті ашылды. Мәселен, Өскемен қаласының тұрғын­дары екпе алу үшін №1, №2 қа­ла­лық емханаларға, Ана мен бала орталығы, «Ден­сау­лық» дәрігерлік амбулатория­сы, «Авиаценна» отбасылық ден­сау­лық орталығы сынды мекемелерге жүгіне алады.

Ал Семейде егу кабинеттері №1, №2, №3, №4, №6, №7, №8 қалалық емханаларында жұ­мыс істейді. Одан бөлек, №3 кон­суль­тативтік-диаг­нос­ти­ка­лық ем­ханада, №5 дәрігерлік ам­бу­латорияда, Семей темір жол ауруханасында, №12 Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығында, «Жо­ламан» отбасылық дәрігер­лік амбулаториясында, «Әділ-Ем» емханасында вакцина жасау пунктері ашылды.

Облыста халықтың екпені еш кедергісіз алу үшін барынша жағдай жасалып-ақ жатыр. Ай­та кетсек, 8 сәуірден бастап элек­тронды үкімет порталында онлайн режімде вакциналауға жазылу қызметі іске қосылды. Қажет болса, бұл сайт арқылы егу пунктері туралы қосымша ақпарат алуға да мүмкіндік бар.

Өскемендегі №1 қалалық емхананың жалпы практика дәрігері Гүлнар Шәріпованың ай­туынша, егуді арнайы оқу­дан өткен медбикелер жүр­гізеді. Препарат қажетті темпера­турадағы термоконтейнерде сақ­талады. Егу алдында жарты сағат бұрын шығарылып, пациенттің көзінше ашылады.

– Вакцина алуға ниет біл­дірген азаматтың ден­сау­лығына шағы­мы, созылмалы аурулардың асқы­нулары болмауы тиіс. Егу алдында терапевт қысым мен температураны өлшейді. Осы уақытқа дейін екпе алған ешкім шағымдана қойған жоқ. Оны сеніммен айтып отырғаным, үш күн бойы қоңырау шалып, екпе алған пациенттің қалын сұрап отырамыз. 21 күннен кейін вакциналаудың екінші кезеңі өтеді. Ал үш күннен соң пациент вакциналаудан өткенін куәландыратын электронды паспорт алады, – дейді дәрігер Гүлнар Шәріпова.

Дәрігерлер айтқандай, ви­рус­тың таралуын вакцина ғана тоқ­тата алады. Бұл әлемдік прак­­тикада дәлелденіп жатыр. Сон­­дықтан кері зияны бар деп, екпеден қашудың қажеті жоқ сияқты. Жуықта екпе алған семейлік Ержан Райханов egov.kz. пор­­талы арқылы тіркеліп барып алғызғанын айтты.

– Өз еркіммен порталға тір­келдім. Өйткені араласып-құра­ласып жүрген қарт туыстарым бар, ал өзім көпшілікпен жұмыс істеймін. Қауіптің алдын алу үшін екпе алуға шешім қабыл­дадым. Еgov.kz порталында күні мен уақытын белгіледі. Еш кезексіз, еш кедергісіз екпем­ді алдым. Одан кейін жарты сағаттай дәрі­гердің қадаға­лау­ында болдым. Қазір алаңсыз­бын, – дейді Ержан Райханов.

Алдағы уақытта Шығыс Қа­зақ­станға вакцинаның тағы 94 мың компоненті келеді. Осы тұста айта кетерлігі, екпе алу – ұстаған оразаны бұзбайды. Тіпті Өскемендегі облыстық «Халифа Алтай» мешітінде егу пункті де ашылды. Ол үшін облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қанат Турдиев орталық мешіттің бас имамы Ермек қажы Мұқатаймен кездесіп, екі жақ өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

– Меморандумның мақсаты – екі жақ бірлесе отырып, елдегі індеттің таралуының алдын алу. Денсаулық – Алланың адамзатқа берген аманаты. Сондықтан біз өзіміздің денсаулығымыз үшін, жақындарымыз үшін вакцина алуымыз керек. Енді осыдан былай мешітте арнайы вакциналау пункттері жұмыс істейтін болады. Кейбір ораза ұстаған жамағат «вакцина алу оразаны бұзбай ма?» деп сұрайды. Жоқ, бұзбайды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының талқылауымен ораза ұстаған адам вакцина алуына болады деген шешім қабылданды. Шариғатта вакцинаның оразаға еш кедергісі жоқ. Сондықтан денсау­лы­ғы­мызды басты орынға қоя отырып, барлық жамағатты індет­ке қарсы вакцина алуға шақы­рамын, – деді «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек Мұқатай. 

 

Шығыс Қазақстан облысы