2020 жылдың 7 қарашасы күні сотталушы өз атасының «Қайнар Бұлақ» саяжай массивінде қонақта болған. Онда ол атасының досымен бірге ішімдік ішкен. Бұл уақытта оның атасы өз жұмыстарымен сыртта болған. Осы уақытта жігіт пен зейнеткердің арасында кикілжің туып, олар мәселені шешу үшін бос тұрған саяжайға кеткен.
Жас жігіт зейнеткерді әбден соққыға жығады. Кейінірек әлі құрыған қарияны атасының саяжайына әкеліп, жуындырып, үстелге отырғызады. Екеуі тағы да ішімдік ішіп, қайта жанжалдасады. Бұл жолы жас жігіт қарияның тамағын бөтелке сынығымен кесіп жібереді. Оның қайтыс болғанына көзі жеткен соң, марқұмды өзінің мобильді телефонына видеоға түсіріп, оны сүйіктісіне жібереді.
Мұнымен қоймай, қарияның қалтасын ақтарып, ұялы телефоны мен 60 мың теңгесін ұрлап алады. Өз атасы қайта оралғанда жігіт бөтелкелесін бауыздап тастағанын айтып, қалаға қайтып кетеді.
Сот жігітті Қылмыстық кодекстің 99 - бабы (Кісі өлтіру), 106- бабы (Денсаулыққа ауыр зиян келтіру) және 188- бабы (Ұрлық) бойынша кінәлі деп тауып, 13 жылға бас бостандығынан айырды. Жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді.