«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекс, «Бала құқықтары туралы», «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы», «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы және балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» және басқа заңдар қабылданды.
Уәкілетті органдар бірнеше бағдарламалық құжат пен жол карталарын іске асыруда, олардың мақсаты – балалардың өмір сүру сапасын қамтамасыз ету және құқықтарын мүлтіксіз сақтау.
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстің талаптарына сәйкес баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды баланың ата-аналары немесе басқа да заңды өкілдері, ал заңнамалық актілерде көзделген жағдайларда, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган, прокурор және сот, сондай-ақ өз құзыреті шегінде ішкі істер органдары және өзге де мемлекеттік органдар жүзеге асырады.
Осылайша, прокуратура да кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі жұмысқа тартылған мемлекеттік орган болып табылады. Біз үшін бұл бағыт әрқашан басым бағыттардың бірі болып қала береді. Сонымен қатар 2017 жылы қабылданған «Прокуратура туралы» заңға сәйкес прокурорлық қадағалаудың, оның ішінде кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау саласындағы шектері айқындалған.
Енді прокуратура тексерулерді тек қатаң белгіленген жағдайларда ғана жүргізеді, олардың бірі физикалық, психикалық және басқа жағдайларға байланысты өздерін қорғауды дербес жүзеге асыра алмайтын адамдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау болып табылады.
Азаматтардың мұндай санаттарына жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, кемтар балалар, өмірлік қиын жағдайда жүрген балалар, сондай-ақ арнаулы білім беру ұйымдарындағы, ерекше режімде ұстайтын білім беру ұйымдарындағы, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарындағы, тәрбиелеудің, оқытудың және әлеуметтік оңалтудың ерекше жағдайларын қамтамасыз ететін оқу-тәрбие мекемелеріндегі балалар жатады. Көбінесе бұл балалар өздерін өз құқықтарына қол сұғудан қорғай алмайды. Мысалы, тек Алматы қаласында ғана прокурорлар коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға мұқтаж ретінде есепке қойылмаған қамқорлықтағы және патронаттық тәрбиедегі 48 жетім баланы анықтады. Прокурордың талап етуі бойынша олардың барлығы есепке қойылды. Бұл олардың кәмелеттік жасқа толғанда кезек тәртібінде тұрғын үй алуға үміткер болуына мүмкіндік берді.
Түркістан облысында қамқорлыққа алынған 160 балаға осы жылдың қаңтар айында 4,6 млн теңге көлемінде жәрдемақы төленбеген. Прокуратура органдары араласқаннан кейін барлық балаға ақшалай қаражат төленді.
2020 жылы прокуратура органдары жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 98 мекемеде тексеру жүргізді (елімізде барлығы 140 осындай ұйым бар). Оқушыларға бөлінетін жәрдемақыны ұрлау, білім берудің рұқсат етілмеген әдістерін қолдану, олардың мүлкін заңсыз иеліктен шығару, қаражатты мақсатсыз пайдалану және басқа да көптеген бұзушылық анықталды.
Павлодар облысында Облыстық психоневрологиялық арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының санитарлары мен тәрбиешілері тәрбиеленушілерге физикалық ықпал ету шараларын қолданған. Бүгінде 17 айыптау үкімі шығарылды, кінәлілердің барлығы сотталды. Сондай-ақ сот оларға балаларды тәрбиелеуге және оларға күтім жасауға байланысты лауазымдарды атқаруға тыйым салды.
Жамбыл облысында Жасөспірімдер үйінің 5 тәрбиеленушісінің 7,5 млн теңге сомасындағы ақшалай қаражатын осы мекеменің бұрынғы тәрбиеленушілерінің бірі алдау жолымен алып қойған. Алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс сотта қаралуда. Осындай бұзушылықтардың таралуын ескере отырып, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл А. Саинның өтінішін назарға ала отырып, Бас прокуратура мұндай тексерулерді жыл сайын жүргізетін болады.
Балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға және оған қарсы күреске ерекше назар аударылады. Мұндай қылмыстардың ұлғаюы байқалады. Өткен жылдың соңында, Президенттің 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында берілген тапсырманы іске асыру шеңберінде кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар жасағаны үшін жауапкершілікті күшейтуді, оның ішінде шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға тыйым салуды белгілей отырып, қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерде жазасын өтеуді көздейтін заңнамалық түзетулер әзірленді.
Заңнамалық өзгерістермен қатар, кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және оған жол бермеуге және жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар ұйымдастырушылық шара қабылданды. Мысалы, прокуратура органдары балаларға қатысты зорлық-зомбылық қылмысы туралы әрбір іске ерекше қадағалау енгізді.
Енді прокурорлар тергеуді қадағалауды ғана емес, жәбірленушілерге әлеуметтік және психологиялық көмек мәселелеріне де ерекше назар аударады. Сонымен бірге салғырттығына байланысты балалардың қылмыс құрбаны болуына жол берген әлеуметтік және құқық қорғау органдарының әрекетсіздігіне құқықтық баға беріледі.
2020 жылдың басынан балаларға қатысты зорлық-зомбылық белгілері туралы хабарламау фактілері бойынша 16 тергеп-тексеру басталды. Балаларға қатысты қылмыстармен күрес мәселесінің маңыздылығын ескере отырып, 2021 жылғы наурызда Бас прокурор кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, олардың жыныстық тиіспеушілігіне қол сұғушылықтың профилактикасы және суицидтік мінез-құлықты ескерту мәселелері бойынша Үйлестіру кеңесінің отырысын өткізді. Оның нәтижелері бойынша уәкілетті министрліктерге кәмелетке толмағандарға қарсы және олар жасаған қылмыстың алдын алу бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылды жандандыруға және күшейтуге бағытталған бірқатар мәселені пысықтау тапсырылды. «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» заңды тиімді іске асыруды қамтамасыз ету, уақтылы анықтау және алдын алу шараларын қабылдау үшін жұмыс әдістерін жетілдіру ұсынылды.
Кәмелетке толмаған балаларды есепке алу және олармен жұмыс істеу үшін бірыңғай интеграцияланған аналитикалық деректер базасын құру және құқық бұзушылықтарды болжаудың автоматтандырылған бағдарламасын енгізу мәселелерін зерделеу тапсырылды. Облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдеріне құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссиялардың жұмысын жандандыру және халықтың әлеуметтік-экономикалық про-
блемаларын (жұмысқа орналастыру, тұрғын үймен қамтамасыз ету және т.б.) кешенді шеше отырып, өңірлік Үйлестіру кеңестерінде әзірленген шараларды басшылыққа алу ұсынылды.
Бұдан бөлек, прокуратура органдары тұрақты негізде балалардың құқықтарын қорғау үшін маңызды мәселелерді талдайды. Мысалы, былтыр біз Қазақстанда бала асырап алу процесіне талдау жүргіздік. Көптеген бұзушылық анықталды, мысалы: адамдарды «Асырап алушылардың қара тізіміне» енгізбеу, балаларды кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстары үшін сотталған адамдарға қамқоршылыққа беру және басқа да өрескел бұзушылықтар. Сондай-ақ колледждердің, негізінен, кәмелетке толмаған студенттеріне сабақты өткізіп алғандары үшін әсер ету шараларын талдады. Еліміздің көптеген аймағында колледждер ата-аналары мен қамқоршылары арқылы студенттердің сабаққа қатысуына әсер етудің орнына, оларға айыппұл салғаны белгілі болды.
Мұндай шараларға барлығы 7 мыңнан астам студент тартылған. Прокуратура органдарының араласуынан кейін бұл заңсыз тәжірибе тоқтатылып, 29 лауазымды адам жауапкершілікке тартылды. Студенттерге 28,6 млн теңге қайтарылды. Айыппұлдарды қайтару жалғасуда.
Биыл Қарағанды облысында прокурорлар Мектепке дейінгі тәрбиені жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесінің дұрыс қолданылмағанын, соның салдарынан мемлекеттік білім беру тапсырысының сомасы 8,3 млн теңгеге азайғанын анықтады. Прокуратураның қадағалау актісі бойынша бұл сәйкессіздік жойылды.
Қызылорда облысының прокуратурасы 2021 жылдың І тоқсанында білім сапасын талдау барысында Қызылорда қаласының 6 мектебінде 14 педагог жалған дипломдармен жұмыс істегенін анықтады. Облыс прокуратурасы осы фактілер бойынша қылмыстық іс қозғады. Полиция департаменті сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізуде.
Балалардың қауіпсіздігі мәселелеріне байланысты, сондай-ақ олардың психикасы мен мінез-құлқына теріс әсер ететін бұқаралық ақпарат құралдарындағы (оның ішінде әлеуметтік желілердегі) хабарламалар мен жарияланымдар тұрақты негізде талданады. Олар бойынша тиісті ден қою шаралары қолданылады.
2020 жылы және 2021 жылдың І тоқсанында кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау саласындағы прокурорлық қадағалау актілері бойынша тәртіптік жауаптылыққа барлығы 2,5 мыңнан астам адам, әкімшілік жауаптылыққа 220-дан астам адам тартылды. Бұлар – әкімдіктердің қызметкерлері, білім беру және интернат мекемелерінің басшылары, педагогтері, тәрбиешілері мен дәрігерлері.
2021 жылғы наурызда Бас прокуратура Үкіметке қадағалау актісін енгізді, онда балалардың құқықтарын қорғау саласында анықталған барлық проблемалық мәселелер мен бұзушылықтар, сондай-ақ оларды жою жөніндегі ұсыныстар көрсетілген. Бұл жұмыс басым бағыт болып табылады және прокуратура балалардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуді жалғастыра береді.
Болат ДЕМБАЕВ,
Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары